Әдебиет • 17 Ақпан, 2022

Сағынады ақынды сыздап жүрек

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы «Сырдария» университетінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Сағынады ақынды сыздап жүрек», «Махаббат поэзиясының королі» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Сағынады ақынды сыздап жүрек

Университеттің «Гума­ни­тарлық ғылымдар және заң» фа­культеті, «Филология» кафедра­сына қарасты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау бағдар­ламасы сту­денттерінің ұйым­дасты­руы­мен өткен әдеби-сазды кеш ақынның өмірі мен шы­ғармашылығы туралы дерек беретін бейнебаяннан бас­талды. Ақынның өлеңдерін, поэмаларын мәнеріне келтіріп орындауда студент-жас­тар керемет шеберліктерін көр­сетті. Студенттер «Мен деп ойла», «Ай­татын саған сырым бұл», «Есіңе мені алғайсың» әндерін тамылжыта орындады. Арайлым Әшірәлі мен Аружан Оңалтай ақынға арнаған өз­дерінің өлеңдерін оқыды. Сту­дент­тердің «Жетімдер үні» мен «Мұ­қағалидың ту­ған күні» қойы­лымы да кө­рер­мен­нің поэзия саң­лағына деген көзқарасына, ой-пара­сатына айқын мән кіргізді.

– Аталған іс-шараның бас­ты мақсаты – Мұқағали Мақа­таевтың өмірі мен шығар­ма­шылығына шолу жасау. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екендігін таныту, ақын­дық талантын шәкірт жүре­гіне ұялату, сол арқылы олар­дың бойында поэзия әле­міне, жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалып­тастыру. Айшықты ас­тармен, тартымды тұс­пал­мен, ұтқыр ұйқаспен көм­керіліп, рухани терең тебі­реністің өрнекті өзе­гінен өрбитін көмескіге көзі қырағы біртума ақынның ора­лымды ойлары, күйінішті жан күйзелісі, сүйінішті сырлы сезімі айырықша дарынды, сағыныш сарынды өлмес өлең жолдарынан келісті көрініс тауып, жыр сүйер қауым Мұқа­ғали рухына тағзым етіп, жан те­бірентерліктей әсер­лі өлең­дері арқылы өзімен сырлас­қандай күйде болды, – дейді философия докторы Мұратбек Анарбайұлы.

 

Түркістан облысы