Аймақтар • 18 Ақпан, 2022

Ағайынның бірлігі қымбат

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта облыс диқандары арасында жер телімдеріне қатысты түсінбестік туындап, арты дауға ұласып жатқаны белгілі. Сырдария ауданындағы «Шаған жер» ЖШС-дағы осындай жағдай екі жыл қатарынан созылып келеді. Екі тарап арасындағы мәселелер түйінін тарқату үшін бірнеше рет кездесу өткізіліп, облыс әкімдігі тарапынан тиісті түсіндірмелер де жүргізілген. Дегенмен, тұтанған даудың түтіні әлі басылмай тұр. Науқан қарсаңындағы даудың салқыны ертеңгі егіс барысына да кері әсерін тигізері тағы анық.

Ағайынның бірлігі қымбат

Осыған орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шаған жер» ЖШС шаруаларымен кез­десіп, талабын тыңдап, заң аясында ортақ мәмілеге келуге ша­қырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пен салалық басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы серіктестіктегі даудың кесірінен ағайынның ара­сына жік түскенін атап өтті. Қызба­лық­қа салынып, жағдайды ушық­тыр­май, мәселені байыппен шешуге шақырды.

– Біз үшін ең маңыздысы, аға­йын­­ның бірлігі. Әкімдік шаруа­лардың ішкі мәселелеріне, шешім қабылдау процесіне араласпайтынын да біле­сіздер. Тек түсініктеме жүр­гізіп, медиация тәртібімен шешу жо­лын ұсынамыз. Дегенмен де, үлескерлердің бөлінген жер телімдеріне қанағаттанбай, бір-бірімен келісімге келе алмай отыр­ғаны да байқалып отыр. Биыл су тапшылығы өткен жылғыдан да қат­тырақ сезілетін түрі бар. Одан шығу үшін бірігіп әрекет етуіміз қажет. Тағы бір мәрте ойланып, бар­лығын керісу емес, келісу арқы­лы шешуге шақырамын, – деді облыс әкімі.

Жиында қос тараптың өкілдері сөз алып, мәселенің жай-жапсарын айтып өтті. Серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов пен үлескер Серікбол Орынбаев даудың шығу төркініне тереңдеп, өз ұстаным­да­рын білдірді. Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов серіктестік өкілдерін өзара келісімге келіп, дау­ларын заң аясында реттеуге шақырды.

Кездесу соңында облыс әкімі ел игілігі үшін ортақ шешімге келудің маңызды екенін және әділетті қадамдар арқылы орнықты шешім қабылдау қажет екенін тағы бір мәрте еске салды.

 

Қызылорда облысы