Өнер • 21 Ақпан, 2022

Еуропада өнер көрсетті

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық FORTE TRIO мем­лекеттік триосы Еуропа мәдениетінің орталығы Берлин филармониясында өнер көрсетті. Бетховеннің скрипка, виолончель және оркестрмен форте­пианоға арналған атақты концертін отандық әртістер Берлин симфониялық оркестрімен бірге орындады.

Еуропада өнер көрсетті

Екі мыңнан аса көрерменге арналған үлкен зал лық толы болып, концерт билеттері небәрі екі-ақ күнде сатылып кеткен. Берлин филармониясының өкілдері мәлімдегендей, бұл пандемия басталғалы бері алғашқы толық аншлаг жи­наған концерт екен. Кеште көрерменнің оркестрге деген ыстық ықыласы, Бетховен музыкасының танымалдығы мен қазақстандық музыкант­тардың өнеріне деген қызығу­шылық үйлесім тапты.

«Әлемдік қауымдастық елімізді қаң­тардағы оқиға­лардың салдарынан сая­си катаклизмдер аренасы ретінде қабылдағаны белгілі. Бірақ FORTE TRIO өз өнерлері ар­­қылы Қазақстанды мәде­ниеті жоғары деңгейде да­мыған, өзіндік музыкалық дәстүр­лері қалыптасқан мемлекет ретінде көрсете білді. Трионың өнерін жоғары бағалаған шетелдіктер біздің әртістерді концерттен кейін сахнаға тағы 5 рет шақырды», деді «Қазақконцерт» дирек­торының орынбасары Лаура Ахметова.

Өткен жылдың желтоқсан айында FORTE TRIO Фран­цияның төрт қаласында концерт өткізіп, осы елдің 2021 жыл­ғы концерттік мау­сымын аяқтағаны мәлім. Енді отандық музыканттар Германия елі­нің өнерсүйер қауымын тамсандырып, ковидтік шек­теулерден шаршаған тыңдар­мандарға ұмытылмас жарқын эмоция сыйлады.

Қазақконцерт құрамына кіретін FORTE TRIO ан­самблі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Ур­манчеевтің көркемдік жетек­шілігімен өнер көрсетеді. Ұжым­­ның мақсаты – қазақ­стандық классикалық музыканы әлемге таныту.

Ал қазақстандықтар FORTE TRIO ұжы­мының өнерін 2 наурыз күні «Астана Опера» театрында өтетін «Лю­бите ли вы Брамса?» атты жаңа концертте тамашалай алады.