Қоғам • 21 Ақпан, 2022

Адам саудасы ауыздықталар емес

1910 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда республикада адам саудасына қатысты мыңға жуық қылмыс тіркелген. «116-16» траффикингке қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел желінің деректері бойынша өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 800-ден астам өтініш түсіп, 141 қылмыстық іс қозғалған.

Адам саудасы ауыздықталар емес

Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы арнайы баяндама көрсеткіштері бойынша траффикингке қатысты қылмыстық істердің 70 пайызы ғана сотқа жетеді екен. Бұл деректер Интерфакс орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында құлдықтың заманауи түрі болып табылатын жаһандық траффикинг индустриясымен күрес мә­се­­­ле­лерін талқылау барысында мәлім бол­­ды.

Social Development Center қоғамдық қо­ры Қазақстандағы АҚШ Дипло­ма­тиялық миссиясының қолдауымен Қазақ­стандағы адам саудасы мәселесі тура­лы жұртшылықты хабардар ету мақ­сатында Azattanu.kz сайтын іске қо­сып отыр. Social Development Center ҚҚ атқарушы директоры Біржан Қаз­тұр­ғанов Аzattanu.kz ақпараттық ре­сур­сы­ның жұмысымен таныстыра ке­ліп, порталда адам саудасының түрлері мен құлдыққа түсу қаупіне қатысты пайдалы материалдар жарияланатындығын жеткізді. Қазақ, орыс, қырғыз және өз­бек тілдерінде жұмыс істейтін сайттан қауіпсіз көші-қон, шетелде жұмыс іс­теу және адам құқықтары жөніндегі ха­лықаралық ұйымдардың жадынама­ла­рын да табуға болады. Жеке блок Қа­зақ­стандағы және әлемдегі адам сау­дасы мәселелері тақырыбындағы жаңа­лық­тарға арналған. Ресурс үнемі өзекті ақпаратпен жаңартылып отырады. Аzat­tanu.kz-ның маңызды бөлімі зардап шек­кендер мен олардың жақындары үшін көмек ресурстары көрсетілген па­рақ­ша­мен толыққан. Бұл бөлімде елі­міздің әртүрлі өңірлерінде адам саудасының құр­ба­ны болғандарға кәсіби көмек көр­се­тетін үкіметтік емес ұйымдар мен дағ­­дарыс орталықтарының байланыс қыз­­меті, мекенжайлары, сондай-ақ адам сау­дасына қарсы іс-қимыл жөнін­де­гі же­д­ел желінің нөмірі – 116-16 көрсе­тілген. Сонымен қатар 8-747-111-2360 теле­фоны арқылы кезекші адвокатпен ха­барласуға болады. Azattanu.kz жоба­сы­ның Instagram әлеуметтік желісінде және Telegram мессенджерінде каналдары бар.

АҚШ бас консулдығының Алматы қала­сындағы өкілі Ананд Кришна сонымен бірге Қазақстанда соңғы жылдарда адам саудасымен күресте көптеген шараның жүзеге асқанын жеткізді. Рес­пуб­лика үкіметі мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері траффикингпен күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жет­кізген. Дегенмен де, қауіп сейілген жоқ. Сондықтан да аса ауыр қылмыспен күресте Америка тарапы Қазақстанның әрі қарайғы қадамдарына қолдау білдіре отырып, тәуекел топтарды қорғау мен заң­намаларды жетілдіруге атсалысатын болады.

2019 жылы Қазақстан АҚШ мемле­кет­тік департаментінің Адам саудасы тура­лы жыл сайынғы баяндамасында осы мәселелерді шешу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланыс­ты екінші деңгейдегі Бақылау тізіміне енді. Баяндама авторлары Қазақстанның ұстанымдарын жетілдіру үшін оннан астам ұсыныс жасаған. Ал 2020 жылы Бас прокуратураның мәліметтеріне сәй­кес, тіркелген қылмыстар саны ал­дын­да­­ғы жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Қылмысқа кінәлілер – орта немесе орта арнаулы білімі бар жұмыс­сыз­дар. Ал сол жылы Бахрейнде қазақ­стан­­дық 20-дан астам азаматшаның сексуал­дық құлдықтан босатылуы атышу­лы оқи­ғалардың біріне айналғаны бел­гілі.

«Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» ҚҚ директоры Нина Балабаева ресми орган­дар­­дың мәліметтері негізінде 2005-2022 жылдар аралығында траффикинг құр­ба­ны 600-ге жуықтап, олардың 300-ден астамын әйел, 200-ден астамын ер адам құрағанын жеткізді. Ал осы жыл­дың екі айында 4 адам траффикинг құрбанына айналған. Осы орайда Н.Бала­баева траффикинг құрбандарын қалай анықтауға болатынына назар аудар­­­ды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері үшін ме­же­­­лі ел болып табылады. Осы елдер­ден келетін мигранттардың басым көп­ші­лігі әртүрлі себеппен заңды түрде келгенімен, кейіннен қиын жағдайға тап болып, құлдыққа түсіп жататын жағ­дайлар көп кездеседі. Құқы шек­те­ліп, соққыға жығылып, алдауға түс­кен жандардың бостандыққа шығуы қиын. Олар тіптен құқық қорғау органдарына да хабарласуға жүрексінеді. Сон­дықтан ғаламтор арқылы кілт сөз­дер­ді теру арқылы немесе республика өңір­лерінде орналасқан қамқорлық орталықтарына көмекке жүгіне алады. «Әзірге мұндай көмек тек азаматтығы бар қазақстандықтарға ғана көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта шетелдіктерге де көмек беру мәселесі Әлеуметтік кодекс­те қарастырылатын болса, халықаралық құжаттарда көрсетілген алдын алу, көмек көрсету, әріптестік іс-қимылдар арқылы траффикингпен күрес нәтижесін беретіні сөзсіз», дейді Н.Балабаева. Көп жағдайда табыс табу үшін басқа елдерден келген мигранттардың траффикинг құрсауына түсу қаупі жоғары. Жақында Шымкент қаласында бала кезінде құлдыққа сатылып кеткен қыздың тағдыры осыған дәлел. Он жасынан он жыл құлдықта қорлық көрген қызбен бірге дағдарыс орта­лығында тағы да екі әйелдің бар екені мәлім болды. Орталық мамандары қазір­гі кезде құрбандарға психологиялық көмек көрсетуде.

БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі траффикинг құрбандарының 70 па­йыздан астамын әйелдер мен қыздар, ал үштен бірін балалар құрайды. Адамды пайдалану мақсатында сатып алу, сату, зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту және басқа да мәжбүрлеумен байланысты траффикинг әлемде қару-жарақ пен есірткіні сатудан кейінгі үшінші орында тұр. 2020 жылы 108 613 адам саудасының жеке жағдайлары тіркелсе, 164 елде 175 ұлт өкілдері траффикинг құрбандарына айналған. Адам саудасынан зардап шеккендердің 50 пайызын 26 жасқа дейінгілер, ал төрттен бір бөлігін балалар мен 15-17 жас аралығындағылар құрайды.

Мамандардың айтуынша, Қазақ­стан­да траффикингтің жыныстық және еңбек құлдығына пайдалану түрі жиі кездеседі. Ал республикада құлдыққа түсуге бейімділік индексі 43 пайызды құрайды. Яғни республиканың әр­бір екінші тұрғыны осы қылмыстың құр­баны болуы ықтимал. Халықтың құқық­тық сауатсыздығы құл саудасының кри­миногендік факторына жатады. Сон­дықтан да елді осы қылмыстың кең та­рал­ғаны туралы хабардар етіп отыру ма­ңыз­ды. Қоғам мұндай оқиғаларды сен­са­ция түрінде ғана қабылдағандықтан оған қатысты ақпараттарға назар аудара бер­­мейді.

Walk Free халықаралық ҮЕҰ деректері бойынша 2018 жылы Қазақстанда 75 мың адам, ал дүниежүзі бойынша 40,3 млн адам құлдықта болған. Ал адам сауда­сы­на қатысты рейтингте Қазақстан 167 елдің ішінде 83-орынды иеленген. Миг­рация жөніндегі халықаралық ұйым деректеріне сүйенсек, 2020 жылы пандемия кезінде Орталық Азияда 3 мыңнан астам мигрантқа көмек көрсетілген.