Кейін заман дамуы мен технологияның өркендеуі нәтижесінде ақпарат саласына радио мен телевидение қосылды. Ал бүгін әлемдік ақпарат көздерін интернетсіз, әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Өйткені заман тынысын шұғыл сездіретін де, жер жүзінен, айшылық алыс жерлерден хабар алдыратын да – бұқаралық коммуникация құралдары. Олардан қол үзген адам жасына қарамай ой-өрісін шектейді, күйбең тіршіліктен аса алмай қалады. Қоғамның әрбір мүшесі, ата-ана, ұстаз, шәкірт, мемлекеттік қызметкер, бизнесмен, қарапайым еңбек адамы, т.б. мәдениеті келіссе, елде қалыптасқан дәстүрлі ақпарат жүйесін тұтынатынына және қолдайтынына сенімдіміз.
Жан-жақты сауаттылыққа, жалпы деңгейге себі тиетін іс, газет-журналды жаздырып алу да – мәдениет пен өркениеттілік белгісі. «Қазақ «тайға таңба басқандай» деп бекер айтпайды. Көзбен көрген, ұстап сезінген нәрсе санада ұзақ сақталады. Мұны (жазба материалдарының күшін) заманауи психологтер де айтып-жазып жүр. Масс-медиаға қатысты сұраққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашық, нақты жауап берді: «Мерзімді баспасөзді үзбей қараймын. Бұл – менің бұрыннан қалыптасқан дағдым. Egemen Qazaqstan, «Айқын», Astana аqshamy газеттерін оқимын. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін де міндетті түрде оқып тұрамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты нақты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін». Иә, туған елінің баспасөзінен жерімей, өзге елдің ақпарат құралдарын да қарап, оқып-біліп, танымын толықтырып, білімін кеңейтіп жүрген барша саладағы азаматтардың, іскер, танымал тұлғалардың, тіпті қарапайым ата-аналардың ұстанымы, пікірі дәлелді, сындарлы, жүйелі болатынын сәт сайын байқаймыз. Осы оңай да оңтайлы жетістікке жету – әркімнің өз қолында. Адамзатқа ортақ, елге қажетті бұл сапа, Абай айтатын «көрсем, білсем» дейтін таза шақтан басталған адами ынта біздің қоғам үшін әрқашан маңызды әрі пайдалы екенін ұмытпалық.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты