Таяуда аталған оқу орнының қабырғасында университетішілік грант негізінде жүзеге асқан үш жобаның есебі тыңдалған жиын барысында жоғарыдағы сөзімізге дәлел болар көптеген игі іске көз жетті.
Иә, университеттің былтыр қолға алған ірі жобасының бірі – «Қасымтану мәселелері» еді. Жоба жетекшісі, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Жансая Жарылғапов мәлім еткендей, бір жылдың ішінде Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша қыруар шаруа атқарылған. Атап айтқанда, зерттеушілік топ ақын тұрған бірнеше қалада болып, мұрағаттарда табанды еңбек етіп, Қасымның жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген құнды материалды жинақтаған. Соның нәтижесінде екі томдық жинақ пен ақынның библиографиялық көрсеткіш кітабы университет баспасынан жарық көрді. Осы еңбектерді сату арқылы университеттің жобаға деп бөлген 10 млн теңге грантының біраз бөлігі де қайтарылған екен.
Жалпы, осы жоба арқылы Қарағанды университеті былтыр еліміз бойынша 110 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткен Қасым Аманжоловтың мұрасын тану және насихаттау ісіне өзінің қомақты үлесін қосты.
«1931-1933 жылдары Орталық Қазақстандағы ашаршылық: себептері мен салдары (мұрағаттар материалдары мен естеліктер бойынша)» атты екінші жобаға университет 4 млн теңге грант бөлген екен.
Жоба жетекшісі доцент Айнаш Мустояпова еліміздің бірқатар ірі архивінен құнды материалдардың тірнектеп жиналғанын айтып өтті. Сонымен қатар зерттеушілік топ Орталық Қазақстандағы ашаршылық туралы көзі тірі куәлармен сұхбаттасып, көптеген құнды дерек тапқан. Бір сөзбен айтқанда, аталған жоба 1920-1930 жылдары Орталық Қазақстанда болған оқиғалар және 1931-1933 жылдардағы аштықтан тірі қалған отбасылардың тарихын жинақтау сынды маңызы зор міндетті толықтай орындап шыққан. Осындай зор ізденістің нәтижесінде архивтік 90 құжат пен жүзге тарта материалды қамтыған 460 беттік кітап жарық көрді.
Университет грант бөлген үшінші жоба «9-сыныпқа арналған «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығын әзірлеу» жұмысына заң факультетінің докторанты Алтынай Шәкірова жетекшілік етті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген оқулықта нормативтік құқықтық актілердің өзгермелі жүйесіне баса көңіл бөлінген. Сонымен қатар еңбек мектеп оқушыларына арналғандықтан, онда педагогикалық, тәжірибелік және заңдық нормалар да ескерілген.
Бұдан бөлек, аталған іс-шара барысында 2022 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған университетішілік грант байқауының жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табыс етілді. Мерзімі 1 ақпаннан жылдың соңына дейін белгіленген 12 грантқа жалпы сомасы 47,1 млн теңгені құрайтын қаржы бөлінген. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған «Ғылымдағы жаңа есім» байқауына 4 млн теңгенінің алты гранты берілді.
Жиынды қорытындылаған университет басшысы Нұрлан Дулатбеков ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай биыл қолға алынбақшы жобалардың біразын таныстырып өтті. Осы орайда ол Қарағандының ең көрнекті жерлеріне қайраткер тұлғаның нақыл сөздері жазылған 10 билборд ілінетінін хабардар етті.
Ал ең басты жаңалық – Майқұдықтағы басты көшелердің біріне ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс болды. Ректордың бұл бастамасын жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Енді, бұл ұсыныс облыс басшылығы мен мәслихаттар тарапынан мақұлданса, онда Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның негізгі көшелерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеленетін болады. Мұның өзі биыл 150 жылдық мерейтойы еліміз бойынша аталып өтетін ұлт ұстазына деген толайым тарту болмақ.
ҚАРАҒАНДЫ