Ауыл • 23 Ақпан, 2022

Ауылға жайылымсыз жал біте ме?!

681 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бір шеті мен бір шеті күншілік жер делінетін, сулы, нулы өңірде жайылымның жетіспеушілігі қаны шығып тұрған шетін мәселеге айналды. Дәл қазір облыста бағымдағы мал үшін 1,7 млн гектар жайылым қажет.

Ауылға жайылымсыз жал біте ме?!

Өңірде 605 елді мекен бар. Шаруа­шылық есебіне сүйенсек, ауыл­дағы малсақ қауым 250,6 мың ірі қара, 43,2 мың қой-ешкі, 12,8 мың жылқы бағып отыр. Бар­лы­ғын қосқанда 811,4 мың бас. Соңғы жылдары жайылымдық және шабындық жердің жетіспеу­шілі­гінен шаруаның жігері мұқала бастағандығын айқын аңғаруға болады. Ауыл шаруашылығында алға басқан қадамды кері кетіріп тұрған да осы түйткіл. Бұл мәселе ірі мегаполистермен қатар, шалғайдағы, ат төбеліндей адам қалған ауылдарда да жиі байқалады. Қалалық жерде тіпті күрделі. Мәселен, Көкшетау қала­сының іргесінде Нұрлыкөш ауылы бар. Ауыл тұрғындары негізі­нен облыс орталығында және ірге­дегі «Алтынтау Көкшетау» акци­о­нерлік қоғамында жұмыс істей­ді. Істеймін деген адамға жұ­мыс табылады, әйтсе де, Қырым мен Қытай­дан ел тәуелсіздігінің арқа­сында ата-баба топырағына қоныс аударған қауымның қолы байлаулы. Осы далада ата кәсіп – мал шаруашылығынан несібесін айыр­­ған ағайын төрт түлігін өсіріп, ырыз­дыққа кенелсем дейді. Ал оған жайылымның жоқтығы Абы­лай аспас асудай жол бермей жатыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлт­тық жобасын ұсынған болатын, – дей­ді Нұрлыкөш ауылының тұр­ғыны Дәметкен Есетхан, – бұл жо­ба­ның ішінде ауыл шаруа­шы­лығын дамыту да бар. Негізі, қазір мемлекетке алақан жайып отыратын уақыт емес. Он екі мүшесі сау адам жұмыс істеп, өз күнін өзі көруі керек. Біз атажұртқа көшіп келгенде алайық деп емес, Отанымыздың дамуына өз үлесімізді қосайық деп келдік. Әттең шіркін, мал өсіру үшін жайылым мен шабындық болса, бүйіріміз шығып қалар еді. Күнкөріс қана емес, келешегіңді кемел ететін кәсіп емес пе, біздің ауыл тұрғындарының барлығы ата кәсіптің жайын жақсы білетін адам­дар, тек бергі жағымызда Крас­нояр ауылы, арғы жағымызда темір жол. Ала сиыр жаятын алақан­дай жер жоқ. Мал бағуға жағ­дай жасалса, ешкімге алақан жаймас едік.

Мұндай келеңсіздіктің белең алып кеткендігі рас. Әр жердің құ­на­ры әртүрлі, шөп шығымын есеп­тей келе, өңірде әр қара малға 6,5 гек­тардан 13,5 гектарға дейін, қой-еш­кінің әр басына 1,3 гектардан 2,7 гектарға дейін, ал жылқының әр тұяғына 7,8 гектардан 16,2 гектарға дейін жайы­лым қажет деп есептелін­ген. Қазір­гі жайылымның көлемін қолда бар мал басына шаққан­да 1,7 млн гектар жайылымның қа­жет екен­дігі белгілі болады. Өңір­дегі Аршалы, Егіндікөл, Жақсы, Зе­ренді, Қорғалжын, Шортанды аудан­дарында және Степногорск қала­сын­да жайылым жағдайы тіпті ушығып тұр. Өзге аудандарда қа­жет­тілік 58 пайыздан жоғары. Мал­ды-жанды Ерейментау ауданында 287,6 мың гектар, Зеренді ауданында 180,3 мың гектар, Це­лино­град ауданында 150,2 мың гектар жайылымдық жер жетіс­пейді. Бұланды мен Бурабай аудан­дарында да дәл осындай мәселе туындаған. Өрісі тарылған Сан­дықтау, Егіндікөл, Астрахан аудан­­дарын да атай кетуге болады. Аудан әкімдіктері ауыл тұр­ғын­дары тарапынан орынды өкпе-наз туын­дауына себепші болып отыр­ған осы жайды біржола шешуге тал­­пын­ғанымен, әзірге жағ­дай оңа­лар емес. Елді мекен­дер шекарасын анықтап, мем­лекеттік қордағы жер­ді қос­қанның өзінде өріс көлемі ай­тар­­лықтай өсе қойған жоқ. Ауыл тұр­ғындарына қолайлы жағ­дай ту­ғызу үшін ауыл шаруа­шылығы құ­ры­лым­дарының иелі­гіндегі жайы­лым­дық жерді алып, оның орнына өзге жерден беріп, амалдауға көшкен.

– 2021 жылы баламалы жер телімдерін беру арқылы 2,1 мың гектар алқап кері алынды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының бөлім жетекшісі Римма Қарымсақова, – шөп шабу және мал жаю үшін жеке тұл­ғалар­ға 14,7 мың гектар көлемінде жер берілді, 0,7 мың гектар жер­дің келі­сімшарты ерікті түрде бұзыл­ды. Орман алқаптарындағы бос жер­лердің 13 мың гектарын ауыл тұр­ғындары пайдалану үшін келісім­шарт жасалған. Сондай-ақ 154,2 мың гектар жайылымдық жер елді мекендерге бекітіліп берілген.

Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұр­ғын­дарына малын фермер­лердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасал­ған­дығын да атап өткен болатын. Иә, өкінішке қарай, ме­морандумның дені жалған болып шықты. Өті­рік­тің өрісі қысқарған соң 219 келісімшарт ғана қалып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыс әлі де ширатыла түседі.

Ауылдағы әлеуметтік шие­ле­ністі өршітпеу үшін ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндіру­шілер­мен бірлесе отырып, 545 мың гек­тар жерді пайдалану үшін қала және ауылдық әкімдіктер 219 ме­мо­р­андумға қол қойған. 2018-2021 жыл­­дары жайылымның жетіс­пеу­­шілігіне байланысты Шор­тан­­ды ауданының Дамса ауылы­нан, Зеренді ауданының Бұлақ, Шағалалы ауылдық округ­терінен, Целиноград ауда­нының Оразақ, Қорғалжын ауданының Қор­ғал­жын ауылынан арыз-шағым көп түсті. Бұл елді ме­кен­дер­дегі қор­да­ла­нып қал­ған мәселе шаруа­шы­лық ны­сан­дары­мен жайылымды бір­лесіп пайдалану туралы келі­сім жасау арқылы шешілді. Бұл жай­ды шешудің тағы бір амалы бар, ол көне жайлауларды қайта­дан қалпына келтіру.

– Ел рухани жаңғырып жатыр, шаруашылық та сол сияқты ескінің жұрнағын жаңарту арқы­лы ұйымдастырылуы керек. Мы­салы, бағзы замандағы шүйгін жайлауларды қалпына келтірсек ұтымды болар еді, – дейді ел ағасы Амангелді Бекхожин, – мал басы біртіндеп көбейген соң жа­йы­лымның керектігі белгілі. Кешегі кеңес заманында сан ғасыр бойы тусырап жатқан Сарыарқаның са­йын даласы жөнді-жөнсіз жос­пар қуудың кесірінен туталақай болып, танаптар табалдырыққа дейін жыртылды. Бүгін де сол көрініс. Сөй­тіп, шөп қоры, шөптің тұқымы жоғалып кетті. Егістік көлемін ұлғайтамыз деп жүріп, елдің малына тиесілі жайылымның азайғаны да рас. Қойды, сиырды, жылқыны то­қым­дай жерде топырлатып, иіріп баққан соң тақырға айнал­маған­да несі қалсын. Кейінгі жыл­дары екпе шөп алқаптары тозып, өспей қалды. Уақтылы күтілмегендіктен. Есілдің бо­йын­дағы кең көсілген жайылым­дарда мия, бозғанақ, бұйыр­ғын, тобылғы, бозжусан, қоңыр­жу­сан, жержусан, көкпек, ба­лықк­өз, тұзжапырақ, ажырық, қа­ра­шағыр, ақ шағыр, қарға­­тұяқ, қоңыр­бас, ақселеу, кәріқыз, түйе­жа­пырақ, бәйшешек, қияқ тәрізді өсімдіктер қаулап өседі. Егер осы жерде жайлау ұйым­дастырып, қолда бар малды көктемнен күзге дейін бақса, ауыл іргесіндегі жайылымдар босар еді. Жайлауда мем­ле­кет малға қажетті құдық қа­зып, жағдай тудырса тіпті жақ­сы. Мал ба­сын көбейтуге бел буып отыр­ған бүгінгі таңда жаңа агро­ин­нова­ция­лық саланың қар­­қын­ды дамып, ай­тар­лықтай өнім алуы, алған өнім­мен тола­йым елді қамтамасыз етуі үшін өсім­дік шаруашылығын түбе­гей­лі зерттеп, оның өнімді пайдалы түрлерін тозып кеткен жайы­лым­дық жерлерге ауыстыруы қажет.

2018 жылы аудандық, қала­лық әкімдіктерге Жер Кодексі­нің 84 бабына сәйкес мемлекет мүд­десі үшін жерді қайтарып алуға мүм­кіндік берілген. Әйткенмен, қай­тарып алу кезінде сол ауылдық округтен дәл сондай жер берілуі қажет. Ал олай жа­сауға бос жатқан жердің жоқ­тығы мүмкіндік бермей отыр. Осыған орай бүгінгі күні бұл механизмнің мәселені шешуге қауқары жетпейтіндігін қадап айтуға тиістіміз. Сондықтан Жер Кодексіне тиісті өзгертулер енгі­зілуі қажет. Мемлекет мүддесі үшін қайтарылған жердің өтеу­іне дәл сондай жер телімі беріл­мейтін болса ше?.. Ендігі бір мәселе, ауыл­дың іргесіне дейін егістік алқап­тарының орналасуы. Бұл өте үлкен қиындық туғы­зып отыр. Таяуда Садовый ауы­лында үй салатын жер телі­мі кезегіне 200-ден астам отба­сының тұрғандығын, мал жая­тын баланың жаялығындай жер­дің жоқ екенін ел газеті «Еге­менде» жазған бола­тын­­быз. Дәл осын­дай кері кет­кен көрі­­ністі көп­теген ауыл­дан көру­ге бо­ла­ды. Әуел бас­­та ауылдық және аудан­­дық әкім­­­діктер ауыл шаруа­шы­­лы­ғы қ­ұры­­лым­дарына егістік жер­­ді бөл­ген кезде ауыл тұр­ғын­да­ры­­ның мүддесін мүлдем ескермеген.  

Жоғарыда айтқанымыздай, өтеуге берілетін жер телімінсіз жерді қайтарып алу механизмі орманды алқаптары көп Бура­бай, Зеренді, Бұланды аудан­дарында қолданылса оң болар еді. Курортты аймақтың құйқа­лы жері ерекше қорғалатын өңір. Сон­дықтан бұл жерде жаннат жер­ді бас-көзсіз жырта беруге және болмайды.

Ауылдағы шиеленісті жою, тұр­­ғ­ындардың әл-ауқатын арттыру төрт түліктің сүмесімен күн кө­ріп отырғандықтан кейін жайы­лым­дық және шабындық жерге тіке­лей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Мәселе оңы­нан шешілсе ғана ел ішіндегі өк­пе-наз сейіліп, береке кірер еді. Әйт­песе, жайылымы жоқ ауылға жал біте ме?!

 

Ақмола облысы