Қоғам • 23 Ақпан, 2022

Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды

8086 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде барлығымызды ең алдымен еліміздің тыныштығы, тәуелсіз­ді­­гіміздің баянды болуы мазалайды. Ала­­сапыран мынау кезеңде, дүние күні­не қырық құбылып жатқан тұста, тоғы­зын­шы территорияның тұтастығы мен халқының амандығы ең маңызды мәселеге айналды. Алыптар айқасының арасын­да қосаққа кетіп қалмай, «ақырын жүріп, анық басып» өз мақсатымызды жүзеге асырып, тәуел­сіз­ді­гіміздің тұғырын нығай­тып ал­сақ, бабалар аманатының жүзеге ас­қаны.

 

Ана бір жылы Қырымда өткен референдумнан кейін көңіліміз алаң болып, тұтас халықты бөлшектеу  түкке тұрмайтындығына  әбден күйінген едік.  Ал күні кешегі Донбастағы дүрбелеңнен кейін елдің бірлігі, мемлекеттің тұтастығы басты мәселе екенін түбегейлі аңғардық. Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды екен. «Көпұлттылық достық лабораториясы» деп көкіткен  кешегі кеңестік саясаттың зардабы бүгін қаншалықты ауыр соғып отырғанын да сезініп отырмыз. Полиэтносты мемлекеттің тағдыры қашанда қиын екенін де түсініп үлгердік. Қадыр ақын айтпақшы, «Жоғалмайды көп халық көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге». Тоғызыншы территорияның «ахиллестің өкшесі» тәрізді осал тұсы да осы – қазақ санының аздығы!

Адамзат  шыр етіп дүниеге келгелі бері алдыңғысының жасаған қателігінен соң­ғыл­ары сабақ алмай келе жатқаны өкі­ніш­ті. Уақыты, субъектісі өзгергенмен, сол оқи­ға­лар айна-қатесіз қайталанып жатады. Кейбір басшылардың әпербақандығы, даңққұмарлығы мен дүниеқұмарлығы тұтастай бір ха­лықтардың зардап шегуіне әкелетіні тағы бар. Әлемге азуын білемей-ақ қойсын, өз халқына тізесін батырған басшылардың  қай-қайсысы да елдің дамуын әлдеқайда тоқыратып тастайтыны тарихтан мағлұм. Задында бұл жағдайдың автократиялық би­лікке ие мемлекеттерде кеңінен өріс алатыны тағы белгілі. Ессіздік елінің мүддесін жамылып жеке бастың қамын күйттеген даңқ­құ­марлықтан басталады ғой.

Жаратушы иеміз әу баста қонысымызды алпауыттардың ортасынан айырғаннан кейін амал қайсы? Оның үстіне несібе жағынан да қазаққа сараңдық танытпаған. Сондықтан да ұшқан құстың қанаты талатын аумаққа көз алартқандар қай кезде де аз болған жоқ. Бағзы замандарда бабаларымыз алып аумақ­ты найзаның ұшымен, білектің күшімен  қорғаған. Осы жерді қорғау жолында, жат жұртқа тоқымдай жер бермес үшін қынадай қырылды, қуғын-сүргінге де ұшырады. «Мың өліп, мың тіріле» жүріп ақырында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Көпвекторлы саясатқа жүгінудің қиындығы осы тұста басталды, өйткені «қамқоршылар» көбейе түсті. Бұрынғыдай ықпалды көршілерге қоса, енді әлемдік аренада «сөз қозғайтындар» да өзіне қарай жәукемдегісі бар. Енді осылардың  әрқайсысының көкейіндегісін тауып көр?! Қолыңдағы тәтті күлшені ықпалдылармен бөлісіп жемесең, ішкенің ірің, жегенің желім болмақшы. Бәрінің де сүбелі жерден өз үлесін турағысы келеді.

Ұлт тағдырын, елінің ертеңін ойлаған тұлғалар халықтың байлығын ту-талақайға салдырмаса керек-ті. Басты ұстаным осыған саяды. «Аз халықтың ұлына; Ұлы болмай болмайды!» (Қадыр Мырза Әлі). Сол себепті де өнер атаулының бірегейі саналатын дипломатия саласындағы арғы-бергі аталарымыздың тағылымды әдіс-амалдарын шеберлікпен игере отырып, елдің ұпайын түгендейтін, басқаға есесін жібермейтін ұстанымымызды бекіте түскеніміз абзал. Әрине, бұл тұста қазақтың демографиялық өсімін, ұлттың қауіпсіздігін, тіл мен жердің тұтастығын нығайтатын шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осы тұста тағы да Қадыр ақынның төрелігіне жүгінуге тура келеді: «Президенттің жүгі қашанда ауыр – білеміз; Перзенттік парыз одан жеңіл деп кім айтты?!» Ендеше, бұл Президент бас болып, қалған жұрты қосшы болып атқаратын іс.

Оған қоса, қазақстандықтардың бойына отаншылдық қасиетті дарыту бағытында қыруар жұмыс күтіп тұр бізді. Қарапайым халықтың өз Отанын беріле сүюі, қызмет етуі мемлекеттік тұлғалардың халыққа қалт­қы­сыз қызмет етуімен де астасып жатыр. Шенеунікті биліктің бір бөлшегі деп түсінетін біздің халық ұлықтардың іс-әрекетіне қарай мемлекет, Отан туралы таным-түсінігін қалыптастырады. Ұлығы ұры мемлекеттің халық алдында қадірі жоғары болады деу қисынсыз әңгіме. Жасанды ұраннан гөрі  нақты жүргізілген шаралардың әсері көбірек.

...Ақыры қалай болатынын бір Алла біледі, алайда бүгінде Ресейді әпербақандық елесі кезіп жүргені айқын. Алып мемлекеттің аумағын кеңейту, жатжұрттағы орыстардың мүддесін қорғау  мәселесі алдыңғы қатарға шықты... Алаш жұртының қазіргі ұстанымы құдайы көршімізбен жақсы қарым-қатынас орнатумен қатар,  елдің ішкі бірлігін нығайтуға, ұлттық идеологияны, оның ішінде тәуелсіз елге қатысты шараларды батыл жүргізуге келіп тіреледі!