Білім • 24 Ақпан, 2022

Инновациялық даму жаңа биіктерге жетелейді

437 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл жаңаша өркендеу реформасын жүзеге асыруды алға қойған еліміздің білім беру жүйесінде де нақты стратегиялық жоспарлар мен міндеттер айқындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын іске асыру бағытында Білім және ғылым министрлігі тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда.

Инновациялық даму жаңа биіктерге жетелейді

Ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан жасалып отырған қам­қорлық жас ғалымдардың са­нының артуына және ғылыми ізденістерде дарынды жастардың зияткерлік әлеуетін кеңінен пай­да­лануға мүм­кіндік береді. Оның дәлелі, биыл еліміздің 500 ғалымы әлемнің ең үздік ғылыми орталықтары мен жо­ға­ры оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Солардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінен 14 ғалым­ның болуы – профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетінің жоғары екендігіне дәлел бола алады. Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан білім мен ғылымға деген қолдаудың ерекше екенін көрсетеді.

Жоғары білікті кадрлар даярлау­дағы соны серпіліс – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының интеграциясын тиімді ету жолында Білім және ғы­лым министрі Асхат Ай­ма­ғам­бе­тов­­тің бастамасымен қабыл­дан­ған бірқатар маңызды шаралар дер едік. Ұсынылған шаралардың бас­ты артықшылығы – ҒЗИ мен уни­вер­ситеттердің кадрлық, материал­ды-техникалық, зияткерлік әлеуетін сапалы маман даярлауда барынша бірлесіп пайдалануға жағдай жасауы. Мұндай интеграция жоғары оқу орны жүйесінің студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың мүмкіндіктерін ғылыми салада іс­ке асыруына ықпал ету, ғылыми-зерт­теу институттарымен бірге бі­лім беру бағдарламаларын әзірлеу, диссертациялық кеңес жұмысын бір­лесе жүргізуге қол жеткізеді. Уни­верситеттің Филология және көптілді білім беру институты осы ретте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен интеграциялық ынтымақтастық жа­­сау жолында жан-жақты жұмыс атқаруда.

Абай университетінің коммер­циялық емес акционерлік қоғам нысанына өтуі академиялық еркіндік алуға мүмкіндік берді. Өткен жылдың аяғында Абай университетінің 2022-2025 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясы таныстырылып, келешектегі міндеттер мен даму басымдықтары: академиялық артықшылық, педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялану, оқыту әдістемесі, оқыту технологияларындағы инновация, «үйдегі интернационалдандыру», мектептермен ынтымақтастық орнату, оқытудың цифрлы экожүйесін құру, жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіби дайындауға қатысуын қамтамасыз ету және тағы басқа салалардағы перспективалық құзыреттіліктер айқындалды.

Осыған сәйкес институтта білім беру бағдарламаларын дайындау­да жұмыс берушілердің талаптары есепке алынып, практикаға бағдарланған мамандарды дайындау жолға қойылды. Айталық, қазіргі таңда дуалды оқытудың талаптарына сәйкес 4-курс студенттері кәсіби біліктілігін шыңдау үшін мектептерде 1 жыл бойы тәжірибеден өтеді. Осылайша, білім алушылар оқудан қол үзбей, яғни университетте аптасына екі күн оқып, қалған күндерін мектепте өткізіп, болашақта сапалы және табысты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті құзыреттерге ие бола алады. Сонымен бірге жекелеген пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтарды ғылыми-зерттеу институттарында, тіл үйрету орталықтарында өткізу қолға алынбақ, бұл кейін түлектердің осы мекемелерде жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Қазір институт бакалавриаттың 15, магистратураның 13 және док­торантураның 10 білім беру бағ­дарламасы бойынша мамандар даяр­лайды. Институт әлемнің 20-дан аса елінің жетекші универ­ситеттері және ұйымдарымен әріп­тестік байланыс орнатқан, 2012 жылдан бері «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қос диплом беру бағдарламасын Польшаның Слупск қаласындағы Поморск академиясымен бірге сәтті жүзеге асы­рып келеді. Стратегиялық даму жоспарына сәйкес алдағы уақыт­та институттың басқа да білім бе­ру бағдарламалары бойынша Аус­трия, Болгария, Ресей, Эстония, Түр­кияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беруді жүзеге асыру міндеті қойылды.

Студенттердің әлеуметтік, аза­маттық белсенділігін дамыту – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Былтыр білім алушылардың ғылыми-шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында институттағы жастар орталықтары мен клубтарының жұмысы өзектен­дірілді. Нәтижесінде, студентке шоғырландырылған оқы­ту мен тәрбие негізінде ең алдымен, қа­зір­гі студент жастардың қызы­ғушылығы мен талап-тілектері ес­керіліп, «Күлтегін» студенттік шы­ғармашылық бірлестігі құрылды. Оның құрамына енген «Үркер» студенттер театры, Аbaimusic клубы, QALAMGER жас журналистер клубы, ABAImedia орталығы, «Абадан» спорт клубы, «Айдай» би клубын дарынды студент жас­тардың өздері басқарып, жұмыс істеуде. Министрлік тарапынан ал­дағы уақытта студенттердің оқу са­ласындағы жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге интеграцияланған әлеуметтік GPA балы, яғни қоғамдық және волонтерлік жұмыстарға қатысу деңгейін есепке алу жүйесін енгізудің тетіктері қарастырылып жатқаны қуантып отыр. Себебі терең білімі, жоғары кәсіби біліктілігімен қоса, жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды бойына сіңірген, азаматтық ұстанымы жоғары, бел­сен­ді маманның қоғамға, елдің дамуы мен өркендеуіне тигізер пайдасы көбірек екенін жақсы түсінеміз.

Қорыта айтқанда, жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін беруде. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеует­ті жұмылдыру – сапалы кадр­лар даярлаудың негізі болаты­ны анық.

 

Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Филология және көптілді білім беру  институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы