Өнер • 24 Ақпан, 2022

Кеңестің кесек кейіпкерлері

572 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Актер, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрлановты көпшілік өткен ғасырдың соңғы онжылдығында түсірілген режиссер Сламбек Тәуекелдің «Батыр Баян» фильміндегі Ноян рөлі арқылы жақсы таниды. Аяған Шәжімбайдың «Жансебіліндегі» Мұқатайдың жас кезін кемеліне келтіре кейіптеген әртіс шеберлігі де көрермен есінде жатталған. Сол секілді «Айдай сұлу Айсұлу» кино туындысындағы кейіпкерін де оңай ұмыту мүмкін емес. Ал театрда тудырған бейнелері туралы әңгіме тіпті бөлек.

Кеңестің кесек кейіпкерлері

Ізгілікке іңкәрлік

Небір ұлылар мен таланттарды топырағынан түлетіп ұшырған қасиетті Ақтоғай өңірінің киесі қонған актер Кеңестің бойынан қай кезде де тектіліктің исі аңқып тұрады. Дабыра-дабылдан табиғаты алшақ, үнсіз жүріп үлкен бейнелер тудыруға бейім әртістің бекзат болмысы оны үнемі өзгелерден биік етіп келеді. Өнерге адал берілген өр көңілі сахна мен экрандағы кесек кейіпкерлерінің бояуын байытып, бей­нелі бедерімен көрерменінің көңілін қозғап, рухани кемелденуіне үздіксіз үлес қосуда.

– Жан дүниемді әлемтапырық күй­ге түсіріп, өнерге деген іңкәрлігім­ді, махаббатымды оятып кеткен – ол Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі. «Қыз Жібекті» қанша қайталап көрсем, сонша мәрте өзім үшін жаңа­лық ашып, әр көрген сайын сөзбен айтып жеткізгісіз әсерге бөленетін­мін. Кейіпкерлеріне еліктеп, мен де сондай бейне тудыруды армандадым. «Қыз Жібекке» ғашық болып, актер боламын, өнер жолын таңдаймын деп түбегейлі шештім. Міне, сол бала күнгі арман мен арманға адалдық мені өнер әлеміне жетелеп алып келді. Әлбетте, басында біз де өнерге, оның ішінде театрға жасқана қадам бастық. Біраз уақыт айналамызға, тіпті өзіміздің әрекетімізге үрке қарап жүрдік. Шедевр жасаймыз деп әсіре эмоция жетегінде шалалықтарға жол беріп алған кездер болды. Бірақ сол арқылы өстік, қателіктерімізден сабақ ала жүріп тә­жіриебе жинадық. Үлкен өнерге қадам бастық. «Ең үлкен шеберлік – ойнамау, сахнада өмір сүру» деген қағида бар театрда. Біздің бүгінгі кемшілігіміз де бәлкім осы шығар, біз көрермендерге ойнауды әбден меңгеріп алдық. Ал сахнада өмір сүру – ол мүлдем басқа. Сондықтан да бүгінде – актерлік кемелденген шағымызда сахнаға да, өнерге де басқаша көз, таныммен қарап, ізенісімізде ақиқат биігіндегі бейнелер тудыруға деген талпыныс басым. Рөл сомдаудағы жүректен шыққан тебіреністеріміз, толқыныстарымыз көрермен көңіліне қонып, театрдан сезіммен шықса – мақсатымыздың орын­далғаны, дейді актер. 

Кинодағы қадамдар

Кеңес Нұрлановтың киноактер ре­тіндегі шығар­машылық өмірбаяны аса бай болмағанымен, халық жүрегінен орын алған «Жансебіл», «Батыр Баян», «Айдай сұлу Айсұлу» сынды фильм­дері қай кезде де көрерменнің қай­талап көруден жалықпайтын сү­йік­ті туындылары. Қай ісіне де үл­кен дайындық, ізденіс һәм ыжда­һаттылықпен келетін актердің әр жұ­мы­сында шығармашылықпен қатар шы­на­йылықтың да өрелі өрнегі егіз өріліп жатады.

– «Жансебіл» жастай кеткен мар­құм Аяған Шәжім­байдың туындысы ғой. Осы жалғыз фильмімен-ақ Аяған халықтың аяулысына айналды. «Жансебілде» біз терең түсініскен тандемде жұмыс істедік. Түсірілім барысына режиссердің барлық мақсатын, шығармашылық тілегін орындауға тырыстым. Сондағы Аяғанның талабы мынау болатын: «Мұқатайдың ішіндегі бар мұңды көзіңмен берші. Маған сол ғана керек» деді. Мұқатайдың екі қолы жоқ, екі аяғынан айырылған ке­зінде оны көтеріп алып келетін жері бар ғой. Міне, сол кезде бір мінез көрсету керек еді деп кейінірек өзім ойладым. Мұқатай – өмірге ашынған адам. Жастықтың әсері де болар, оның үстіне режиссердің тілегі бар, соны жеткізуде бояуды аздап бәсеңсітіп ал­ғандай боламын да тұрамын. Менің ке­йіпкерімнің Марусяға деген әдемі сезімі болған. Ал өзін сол сүйгенінің алдында осылай дәрменсіз күйде көр­сету сірә азаптың ең ауыры болар. Соны беруде режиссердің тілегін құп ала отырып, өзімнің де актер ретіндегі, азамат ретіндегі ішкі «менімді» қорғап шығуым керек пе еді деп ойлаймын. Ал «Батыр Баяндағы» Ноян бейнесіне келсек, бұл енді шы­ғарма бойынша 15-16 жастағы бозбала ғой. Бұл рөлді мен 29 жасымда ойнадым. Бойында жастық жалыны тасып жатқан аңғал жастың бейнесін жасау мен үшін аса қиындық ту­дыр­ған жоқ. Өйткені жа­сымыз алшақ бол­ғанымен, ке­йіп­­керіммен іш­кі күйіміз бір­ден үндесіп кет­ті. Ноянның бо­йындағы аңғалдық, аңқаулық, сенгіштік сынды қасиеттер менің де бойымда бар. Сондықтан «Батыр Баянда» аса қиналдым деп айта алмаймын, – деп актер шығармашылық ізденістері турасында сыр ашты.

«Жансебілдегі» – Мұқатай, «Айдай сұлу Айсұлудағы» – Жақсыгелді, «Ба­тыр Баяндағы» – Ноян, «Мотоциклді адамдағы» – Сапар, «Жетімдердегі» – Әке, «Біржан салдағы» – Бұйдабек, «Қарсы бақылаудағы» – Айдын, «Арман Асуындағы» – Базарбек, «Әулеттегі» – ауыл әкімі, «Қарлығаштағы» – Жомарт, «Судағы із» туындысындағы – Әлі­бек... Иә, Кеңес Нұрлановтың экранда тудырған кейіпкерлеріне мұқият зер салып, зерделер болсаңыз, олардың табиғаты бір-бірінен мүлдем алшақ, тіпті кереғар десе де болғандай. Алайда сахнагер кейіпкерінің әрқайсысының көркемдік кілтін дөп тапқандығы сон­шалық, актерді қай рөлінде де сол ке­йіпкері деп қабылдайсың, сахнада кешкен өмірі мен түрлі тағдырына шын иланасың. Оның сырын актердің өзі былай түсіндіреді:

– Мәселен, «Айдай сұлу Айсұлу» фильміндегі Жақсыгелдінің бейнесін алайық. Ондағы кейіпкерімнің адамға деген мейірімділігі, болмаса қатігездікке қарсы тұру, жасандылықтан жеру деген сияқты мінездері менің де табиғаты­ма тән. Мұның қаншалықты жақсы екендігін білмеймін. Бірақ қазіргі ойым «рөлің таптаурындылыққа ұрынбау үшін мұндайдан қашу керек» дейді. Мүмкін. Бірақ рөл – адамның айнасы ғой. Қанша жерден жасырғаныңмен болмысың бәрібір бірде болмаса, бірде жылт етіп өзінің табиғатын танытып қояды. Сондықтан да актер ретінде дәл осы жасымда, қазіргі уақытта өзім­­ді жаратылысы қайшылыққа толы ке­­йіп­керлердің бейнесінде көргім ке­ле­ді. Өзімді түрлі жанрда сынап кө­руге пейілдімін. Әрине, ондай сан алуан рөлдер театрдағы тәжірибемде көп қой. Енді соны кино алаңында да бай­қап көргім келеді. Бүгінге дейін бір­шама фильмге түстім дегеніммен, әзір­ге өзімнің шынайы рөлімді, кейіп­керімді тапқан жоқпын. Бірақ үмітімді үзбеймін. Келешектен күтерім көп», деп ақтарылды актер.

Театрдағы толғаныстар

Иә, актердің өзі де атап өткендей, кино алаңымен салыстырғанда Кеңес Нұрлановтың театр сахнасында ту­дыр­ған бейнелері әлдеқайда көп әрі күр­делілік деңгейі жағынан сан алуан.­ 40 жылға жуық табан аудармай таңғажайып театрға, киелі сахнаға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан актердің өнерге сіңірген еңбегі ересен. Атап айтсақ, М.Мақатаевтың «Дариға жүрегіндегі» – жас Мұқағали, Т.Нұрмағамбетовтің «Жоғалған көлін­дегі» – Қанат, С.Сматаевтың «Зар-заманындағы» – Нұралы сұлтан, Б.Мұқайдың «Заманақырындағы» – Әли, М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Нар­ша, «Еңлік-Кебегіндегі» – Ке­бек, «Абайындағы» – Әбдірахман, Ке­рім, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқ­тысындағы» – Балта, Г.Гауптманның «Ымырттағы махабатындағы» – Ге­нефельд, С.Мұқановтың «Мөл­дір ма­хаббатындағы» – Бүркіт, Ро­за Мұ­қа­нованың «Мәңгілік бала бейнесінде­гі» – Құмар, С.То­райғыровтың «Қа­мар сұлуындағы» – Ахмет, О.Бөкейдің «Құлыным меніңіндегі» – Қаражан, Ш.Айтматовтың «Ақкемесіндегі» – Момын шал, И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағындағы» – Амадей, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» – Дон Диего, А.Чеховтың «Шиесіндегі» – Фрис шал және тағы да басқа болып тізбектеліп кете берер актер Кеңестің сомдауындағы кесек бейнелердің әрқай­сысы өз алдына бөлек өнер туын­дылары.

– Актерді өсіретін де, өшіретін де – режиссер. Әртістің бүкіл тағдыры режиссердің қолында. Себебі ол се­нің бойыңдағы бар мүмкіндікті қалай ашып, өнеріңді қалай пайдалана алады – сахнадағы шабысың тікелей соған байланысты. Небір дүлдүл актер­лердің арасында өз өнерін толық көрсете алмай арманда кеткендері қан­шама. Кезінде бәріміз де Гамлетті армандағанбыз. «Құласаң нардан құла» дегендей, Гамлеттен «құласаң» да өкі­ніш жоқ. Ол – жалын ұстатпайтын биік бейне. Бүгін міне, сол Гамлетті ойнайтын жастан да өттік. Алпысқа келдік. Ойнаған рөлдерімді алалағым келмейді. Бүгінге дейін сомдаған рөл­деріме, жалпы актерлік жолыма шүкір деймін. Ертеректе Қозы Көрпеш сынды жалындап тұрған романтикалық рух­тағы батырлардың рөлін сомадасам, кейінірек Қодарға ауыстық. Бүгінде ақы­рындап қарттардың рөліне келе жатырмыз. Сомдаған кейіпкерлерімнің барлығын да жақсы көремін. Әйтсе де мен үшін «Қарагөздегі» Наршаның рөлі бәрібір биік. Өз тұғырынан түспей­тін кесек бейненің бірі де бірегейі деп есептеймін. Өйткені оның бойын­да жан бар, рух бар, сезім бар. Бастысы адамдықтан аттамаған кейіпкер. Маған Нарша сонысымен құнды.

Жалпы, бүгінде заман талабы солай ма, әлде театр талабы ма, ол жа­ғын білмедім, қазір режисселер ішкі мазмұннан гөрі сыртқы формаға, яғни өздерінің қолтаңбасын қалдыру үшін режиссерлік формаға аса әуес. Актердің ішкі әлеміне көп үңілмейді. Сыртқы эффектілер мен жылтыраққа үйір болып кеткен секілді. Меніңше, сыртқы шоу емес, сахнада әртістің ішкі жан дүниесі жалаңаштанып көрерменге көрінуі керек. Сонда ғана театр әу бастағы өзінің тұғырынан төмендемейді. Көрер­меннің де сезімін қозғайды, ойлантады, мұңайтады немесе қуантады. Өкінішке қарай, қазір театрларда осы үрдіс азайып кетті. Мәселен, мәскеулік театрларда көрермен бір ғана актердің ойынын тамашалау үшін театрға арнайы келеді. Ал бізде мұндай дәстүр әлі қалыптаспады. Өйткені әртістің рөліне көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Былай қарасаң барлығы да дұрыс – қойылым бар, режиссерлік қолтаңба бар. Бірақ спектакльде жан тебірентерліктей адам­ның ішкі толғанысы көрінбейді. Кө­рермен театрға әртістен шыққан көз жас­ты көру үшін келмейді, сол жасты шығарған сөзді есту үшін келеді. Бізге қазір сахнада сөз құдіреті жетпей жатыр, деп әңгімесін театрдың көкейкесті мәселелерін қозғаумен жалғаған актер сөз соңында көңіл түкпіріндегі арманын да айтып қалды: – Шүкір, театрда өкінішім жоқ. Бір актердің аңсайтындай рөлдерін ойнадым. Ал кино жағынан олай емес, өкініш көп. Кинода әлі де өзіме лайықты, яғни арманымдағы рөлге кезікпедім. Жас кезімізде біраз фильмге түстік те, бірақ бүгінгі шақтың, осы жастың толғаныстары бөлек қой. Соны жеткізгім келеді, деп актер тол­ғана алысқа көз тікті.