Тарих • 24 Ақпан, 2022

Ахаңның елу жылдық тойы

8470 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Биыл ұлт ұстазы, «Алаш үшін жүрек майын шам ғып жаққан» қазақ халқының ұлы перзенті, ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы.

Ахаңның елу жылдық тойы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осыдан ғасыр бұрын Орынборда аталып өткен Алаш ардақтысының 50 жылдық мерейтойы төңкерістің қара бұлты төніп, елдің ішкі ынтымағына сызат түсе бастаған алмағайып заманда зиялылардың басын біріктіріп, тұтастыққа шақырып, ой-санасын жасампаздықпен түлетіп, парасаттылықпен бір арнаға, елдік мұратқа бұруымен маңызды. Ақаңның тойы қазақ халқының тарихында алғаш өткен мерейлі мереке, сонымен бірге ұлтымыздың ар-намысына, бекем бірлігіне сапалық бетбұрыс жасаған ұлы той деуге әбден негіз бар. Замана ықпалымен ақ пен қызылға бөлінген, түрлі идея мен пар­тияның желеуінде жүрген игі-жақсылар осы той кезінде ауызбіршілік танытып, бір ғана елдік мұраттың айналасына жиналды. Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай секілді ұлт серкелері Ақаңды алтын діңгек санады, ұраны мен рухының кемелдігіне бас иді.

Сол кезде қылшылдаған жиырма бес жасқа толған жас қыран Мұхтар Әуезовтің осы мерейтойда елуге енді келген алып тұлға Ақаң туралы толғанысы бүгінгі ұрпаққа да асыл аманат, ғасырлардан ғасырларға жалғаса беретін ұрпақтар сабақтастығын бекітетін алтын дәнекер деуге болады.

Биыл Қазақстан Президентінің бастамасымен ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілетін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы мен Ақаң идеясының шырақшысындай болған қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы қатар келуі – ұлтымызды соны бет­бұ­рыс­қа, жолайырық жаңа кезеңге бастауға тегеурінді күш-жігер беретін рухани құбылыс.

Осы орайда газетімізге кемеңгер жазушының данышпан Ахмет Байтұрсынұлы туралы мақаласын қайта жариялау­ды жөн көрдік.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

 

Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағы­налы­рақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады.

Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қа­зақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты ісінің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі.

Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есі­міз­де. Кешегі күні оқушы болып, соның тәр­бие­сінде жүрген күндерімізді көз ал­ды­­мызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқу­­шы­­сының ойы мен пікірін тәрбие­ле­­ген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жете­гін­де кел­генбіз.

Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманын­да­ғы үкіметтік өр зорлыққа қарсы сал­ған ұраны, ойымызға сіңірген пікі­рі әлі күнге дейін үйреніп қалған бе­сігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.

«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолын­да бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепте оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын ыр­ға тарихымен жалғасып кететін қыз­мет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ес­керт­кіш – мәңгілік ескерткіш.

Қазақ жастарының ардақты тәрбие­ші­сі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қаз­ақ» газетінің әндері түседі. Біз ол күн­де мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мо­йын­ға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «ке­дейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.

Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас бала­лар­дың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұн­далап, жетегіне алып бара жатқандай бай­қалушы еді. Мектептегі сабағын оқы­майтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын.

Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдай, саусақпен санағандай аз жыл болса да болып өткен уақиғаларына қарағанда көп, заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі.

Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзге­рісті қоя тұрып, қазақтың өзін алған­да, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы.

Саясат толқынына түсіп, ойы ашыл­ған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса, бүгінгі күнде азаматы 50 жасқа келіп, сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады.

Ахаңның атын қазақ даласындағы қазақ баласының естімегені аз шығар! Бірақ Ахаңды туғызған ел жалаң атын естіп қоймай, басынан кешірген өмірін білуге де ынтық болғандықтан білгенімізше бала күннен бергі өмірін қысқаша қылып айтып өтпекшіміз.

Ахаң 1873 жылы Торғай облысы, Торғай уезінде Тосын болысында туған, сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ. Ахаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын.

Ахаңның туып-өскен ауылы қыр қазағының ұғымынша ол кездегі Үм­бетейдегі іргелі, аталы ауылдың бірі болған. Оның үстіне белгілі батырдың тұқымы болғандықтан, Ахаңның жа­қын­дарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған ірі мінезді адамдар көбірек шыққан.

Ахаңның әкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде Торғайдағы екі сыныфтық орыс-қазақ школына берген. Сол школда оқып жүріп, 13-ке келгенде әкесі Байтұрсын үкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен.

Мұның себебі, Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай уезінің начальнигі «кәрі ояз» Яковлев Үмбе­тей­ге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан Байтұрсын «кәрі оязды» сабап, басын жарған. Байтұрсынның айдалған себебі осы. Бұл уақиға Ахаң­ның соңғы кездегі «Анама хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қандай әсер бергендігін көрсетеді:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар

бір жарам,

дегені сол күнде әкесі көрген бейнеттен қалған белгісі.

Торғайдағы алғашқы түскен школын жастай бітірген соң, тағы ілгері оқуды талап қылып Орынбордағы учительдік школына түскен. Әуелгі школында да һәм соңғы Орынбор школында да сабақтас балалардың алды болып, жақсы оқыған. Учительдік школдан 4 жыл оқып, жасы 19-ға келгенде, 1892 жылы оны да бітірген.

Ахаңның тәртіпті мектептен алған барлық оқуы осы. Оқу бітірген соң әуелде мақсұт қылған жолымен ел ортасына барып, қазақ балаларын оқытпақ ниетімен Ақтөбе уезі Сат­пақты болысындағы Ахметкерей Қоп­сы­бақовтардың ауылындағы ауылнай школға барып, оқытушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң, Қостанай уезінде Әулиекөл деген жерде болыстық школында екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласының уезіндегі екі сыныфтық орыс-қазақ школы. Бұл айтылған үш школда неше жылдан тұрғаны бізге белгісіз. Жиыны үшеуінде төрт жыл тұрып, 1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған.

Ахаңның Қостанайдан кетуіндегі себептерінің көбі бізге белгісіз. Кетуінің бір себебі, қазақтың басқа жерлердегі хал-жайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған.

Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы. Онда 1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған. Қарқаралыда әуелде сыныфтық орыс-қазақ школында болып, артынан городское училищенің оқытушысы болған.

Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көр­сеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жыл­дың өзгерісі болған. Қазақтың Мәскеуден келген бірен-саран студенті, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һәм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үл­кендерінің арасына өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгіл болатын.

1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, үкі­метке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол пети­циядағы аталған үлкен сөздері – бірінші жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқ­та­тып, переселендерді жібермеуді сұ­ра­ған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұ­раған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған. Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, аги­тацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған. Сол жылдардың ішінде белгілі «Қырық мысал» жазылған. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мәлім бола бастаған. Бірақ сол кезде төңкерістің күні бітіп, патшаның жа­уыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта туған. Қазақ ішінен ежелден елді ұмытып, адам­шылық қарызын шенді-шекпенге сатқан құзғын сияқты тілмаштары, өзімшіл надан болыстары бірен-сарандап бас көтерген. Қараңғы үйді бинт қылған «сабаздарға» жем айыратын жер табылған. Олар «Қырық мысалдың» өлеңдерін перевод қылып, 1905 жылдағы петиция берген адамның бәрінің атын жиып, үстінен белгілі доностарын жүргізе бастаған. Бұлардың бейнеті көпке созылмай-ақ, аз күнде еңбегі жанған. Қазақтың өзгеріс уа­қытында түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бәрі де үкі­меттің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған.

Сол доностың арқасында 1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды 6 жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі:

Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,

Айдай бер, қалса адамың қуылмаған,

– деген өлеңінен анық көрінеді. Семейде сегіз ай абақтыда отырған соң бір жарым жылға (административтік ссылкаға) айдау ретімен Орынборға келген. Орын­борда сол тұрған жылда­рын­дағы әуел­гі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащы­рақ, күш­ті­рек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын.

Бұл кітабы шыққан кезде Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген қазақ шәкірт­тері тырбанып, талап қылып, қазақша газет шығармақшы болған. Керекті қаржыны елден жиып, өз орталарынан шығарып, газеттеріне шығарушы болуға Ахаңды белгілеген.

Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия» шәкірттері еді, солардың талабымен кейінгі уақытта атақты болған «Қазақ» газетіне алғашқы негіз салынған. Ахаң шығарушы болып, «Ғалия» шәкірттері көмекші жазушылары болып, Орынбордағы орыс школында жүрген барлық қазақ баласы басқарманың қара жұмысшылары болып, көптеп-көмектеп алғашқы сандарын шығара бастаған. Артынан «Қазақ» нығайып, өзін өзі алып жүріп кетті.

1917 жылдың төңкерісіне шейін Ахаңның уақыты «Қазақ» газетімен бірге өтті. Бұнда да «Қазақтың» са­тыл­ған тіл­мәштары жасаған донос­тары аз болған жоқ. Әлденеше рет «Қазақты» жаппақ болған, штраф төлеткен, Ахаңды абақтыға салмақ болған күндері бізге белгілі. Бірақ Ахаңның денсаулығын ойлап, халін ұққан жолдастары абақтыға жатқызған жоқ. Үкіметтің тілеген штрафын беріп босатып алды.

1917 жылдың төңкерісінен бері Ахаңның істеп жүрген қызметі, жазып жүрген кітаптары, сөздері жұрт­тың көбіне белгілі болғандықтан, одан бергі жайларын көп жазбақшы емеспін.

Осы күнде Ахаң Орынборда. Басынан кешкен толқынды күндер сақал-шашына ақ кіргізіп, бетіне әжім тү­сір­се де әзірше дені сау, жас күнінен көңілі сүйген қызмет болғандықтан, Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мек­теп­тердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мек­тептеріне керекті кітаптар жазады.

Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құралдарынан» басқа соңғы жылдарда «Әліппе істерін» һәм қазақша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шық­са керек. Ахаң соңғы жылдардағы уақыттың бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз.

Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өле­ңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ.

Әлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп, шалқып жатыр. Бұдан 10-15 жыл бұрын:

Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,

 Кім қалды таразыға тартылмаған? – деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы.

Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиет­тегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды.

Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: «Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды».

Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды, әл де болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды.

 

Мұхтар ӘУЕЗОВ

1923 ж.