ЖІГЕРІМІЗДІ АРТТЫРА ТҮСЕТІНІ АНЫҚ
Үстіміздегі жылдың ақпан айының ортасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде азаматтық қызметкерлердің жалақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын және жәрдемақыларды кезектен тыс көтеру жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасын тыңдағанымда бір жақсылықтың нышанын сезгендей қуанып қалған едім. Осы қуанышым бекер емес екен. Енді, міне, мен жұмыс істейтін Өскемен қаласындағы темір- жол қызметкерлеріне арналған аурухана ұжымындағылардың да жалақысы 1 сәуірден бастап 10 пайызға көтерілетіндігін естідік. Осы жайында хабар жеткен кезде қызметкерлер бірін-бірі құттықтап жатты. Менің бұл ауруханада балалар дәрігері болып қызмет істей бастағаныма біраз жылдардың жүзі болды. Жалпы еңбек өтілім жиырма жылдан асып барады. Дәрігер жұмысы жеңіл емес. Өйткені, әр адамның денсаулығына деген жауапкершілік жүгі мол болса, балалар жағдайына келгенде мұның салмағы тіпті де еселей түсетіндігі анық. Әрине, бейнетті еңбектің кім игілігін көргісі келмейді. Осы тұрғыдан алғанда соңғы уақыттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық саласына зор көңіл бөлініп жатқандығы, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі, дәрігерлердің еңбекақыларының ауық-ауық арттырылып отыруы біздің саламыздың халық алдындағы маңызы мен жауапкершілігінің зор екендігін білдіретін болса керек. Біздің ұжымымыздың мүшелері де осы талап деңгейінен көрінуге ұмтылыс танытып отыр. Өз ұжымым туралы бір-екі ауыз сөз айтатын болсам, теміржолшыларға арналған біздің аурухана ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті ұйымдардың қатарынан саналады. Дәрігерлердің бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы да жақсы. Қысқасын айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей ұйымшылдықпен еңбек ету үстіндеміз. Ал 1 сәуірден бастап жалақымыздың 10 пайызға көтерілетіндігі біздің қызметке деген жігерімізді одан әрі арттыра түсетіндігі анық. Қарлығаш САЛЫБАЕВА, Өскемен қаласындағы теміржол ауруханасының балалар дәрігері. ________________________ШЫНАЙЫ ҚАМҚОРЛЫҚ ЖЕМІСІ
Кітап – білім бұлағы. Осы бір қанатты сөз менің өміріме ерекше із қалдырды. Мектепте жүрген кезден-ақ кітапқа ерекше құмар болдым. Осы құмарлық ақыры менің мамандық таңдауыма да ықпал етті. Міне, 30 жылдан астам уақыттан бері мен кітапханашы болып еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола (Целиноград) облыстық кітапханасында бастаған едім. Бүгінде Астанадағы Назарбаев орталығында кітапханашы болып еңбек етемін. Біз осы уақытқа дейін өз еңбегімізде Елбасының ерекше қамқорлығын сезініп келеміз. Жасыратыны жоқ, кітапханашылар алатын еңбекақы үлкен емес. Соған байланысты бізге мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық жасалып келеді. Үстіміздегі жылғы 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы теңге бағамының өзгеруіне байланысты халықты әлеуметтік жағынан қолдаудың кешенді шараларын ұсынған болатын. Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді шараларын қабылдау керек. Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындарында қызмет ететін азаматтардың еңбекақыларына ай сайын 10 пайыз үстеме төленуін қарастыруды тапсырамын», деп атап көрсетті. Сонымен бірге, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасау туралы Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға байланысты әлеуметтік сала қызметкерлерінің қатарына кіретін біздің, кітапханашылардың еңбекақысы 40 пайызға дейін өсетінін естіп білдік. Міне, ертең 1 сәуірден бастап еңбекақымыз 10 пайызға өсетін болды. Бұл біз үшін үлкен әлеуметтік қолдау. Мен әріптестерімді осы шынайы қамқорлыққа сай жемісті еңбек етуге шақырамын. Гүлнар ӘБДІРАХМАНОВА, Назарбаев орталығының кітапханашысы. АСТАНА. _______АЛҒЫСЫМЫЗ ЗОР
Елбасы теңге бағамының өзгеруінен соң жедел жиын өткізіп, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметкерлердің жалақысын өсіру жөнінде тапсырма берген еді. Бұл мәселе, ең алдымен, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлеріне байланысты екенін баса айтты. Яғни, сәуірдің бірінен бастап жалақымыз 10 пайызға көтерілетін болды. Әрине, бұл – біздер үшін жақсы жаңалық. Әне-міне дегенше, міне, сәуір де болып қалыпты. Сәтін салса, алдағы айда Елбасы айтқан 10 пайыз қосымшаға қол жеткіземіз деп күтіп отырмыз. Өткенде теледидардан Президенттің осы тапсырмасына орай әлеуметтік көмек көлемін көтеру туралы заң Мәжілісте мақұлданғанын естідік. Онда зейнетақы, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар сияқты жәрдемақының барлық түрі өсетін болады делінген. Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақысы көтерілетіні айтылды. Бұған қажетті 116 миллиард теңге бюджеттен бөлініпті. Бұл мемлекет тарапынан біздерге жасалған зор қамқорлық деп білеміз. Біздің үйде мен де, менің әйелім де мұғалім. Сондай-ақ, анам зейнетақы алады. Яғни, бұл 10 пайыз өсім біздің отбасымыз үшін біршама кіріс болағалы тұр. Ол үшін Елбасына алғысымыз зор. Бауыржан ДАУЫЛБАЙҰЛЫ, мұғалім. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қажымұқан ауылы.