Әдебиет • 27 Ақпан, 2022

«Бурылтайдан» туған бір әңгіме

1712 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғасырлардың, бәлкім дәуірлердің қойын-қонышынан, қатпар-жықпылдарын жарып ән ұшады болашаққа. Өтіп кеткен ескі замандардың үні мен сыры, сезімі мен көңіл күйі келер уақытқа ән арқылы, дауыс пен сөз арқылы көшіп қана қоймай, кейінгілерді өзіне іңкәр етіп, тіпті «әуреге» салады.

«Бурылтайдан» туған бір әңгіме

«Таңбасы жоқ, ені жоқ» өмірге белгі салатын да осы ән мен жырдың өзі сияқты. Сері мен салдың, ақын мен композитордың жанынан түлеп ұшып, халықтың сезімі мен күйін шертіп, өз қазынасына айналып кеткен туындыны «таңбасы жоқ, ені жоқ» деп бастап келіп жіберсе, «Бурылтайдың» деп сіз де іліп ала жөнелесіз. Біржан салдың «Бурылтайын».

...Кейде көз алдыңда әнге айналып бара жатқан, әуенмен тұтасып бара жатқан әншінің өзі концертінде, кеш­терінде бірнеше әнді қатарынан сала беріп, бір туындыға келгенде сәл кідіріп, әлгі шығармаға арнайы тоқталады. Арнайы тоқталмайды, еркін алған ән тоқтатып қоятын шығар, бәлкім. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демей ме ертегіде. Орындаушының жан-жү­регіне бір түскен соң жан-жүйе­сін ұстайды да тұрады ғой. Көкейі­нен кетпейді. Сол әнді салмас бұрын аз аялдап, туынды туралы атап айтпай кете алмайды сосын. Біржан сал­дың «Бурылтайын» шырқамас бұрын сөйт­кенін көргенбіз Рамазан Стамға­зиевтің. Бірақ бұл жолы әннің аңызы туралы айтқымыз келеді. Сол аңыздардың бір ұшын жазушы Асқар Сүлейменов «Адасқақ» атты әңгімелер циклында шы­ғарып кетеді. Тағы басқа да көп жерлерде айтылғанымен, әннің шығу тарихына қатысты деректің үстінен түсе алмадық. Бізге ұшыраспағанымен, бір жазбаларда қалуы әбден кәдік десек те, Асқар Сүлейменовтің «Адасқағындағы» әңгіменің сорабы тарта берді.  

«Бурылтай» – ел ішіне кең тараған туынды. Бір емес, үш түрі қалған әннің. Әншілердің көбі үшінші түрін орындайтыны байқалады. «Бурылтай» тек­сінің әні ел аузында үш түрлі айтылады, бұл жинаққа сол үш түрінің үшеуі де жіберіліп отыр» делінеді Біржан әндерінің жинағында.

Біржан сал Қожағұлұлы туралы естеліктер арасында Көкшетауда «Қа­зақ­стан» деген совхозда тұратын Мейір­банұлы Ілияс ақсақал Біржанды көргенін айтып, былай еске алыпты:

«Менің жиырмаға толмаған бала кезім еді. Бір күні біздің ағамыздың отауының алдына үш атты адам келіп сөйлес қылып түсе қалды. Жайланып қымыз ішіп алған соң қонағымыздың бірі төрде керегенің басында ілулі тұрған домбыраны алып безілдетіп тарта бастады. Бұрын ол домбыраның дыбысы ондай шығып көрмеген еді. Біз таңырқай тыңдап қалдық. Жөн сұрасақ Біржан екен. Отау кәрі-жас, ер-әйел демей лық толды да кетті. Біржанның бұрын естіп жүзін көрмеген жұрт бір-бірінен сүйінші сұрағандай болды. Көпшілік бір-екі ән салуын сұрады. Ол кісі басқаларша бөгелген, маңызданған жоқ. Орнынан қозғалып көтеріліп қойды да, «Бурылтай», тағы басқа бірнеше әнге салып кетті. Отаудың манағы толғаны — толған ба, тамашалаған жұрт үйді көтеріп кететіндей болды.

Біржан маған орта бойлы, аш өңді, ақ құба селдір шоқша сақалды, қара мұртты, қырғи қабақты, қара қасты, өңі күлімдей қарайтын адам көрінді. Ал үстіндегі киімі сол кездегі адамдардың кигендерінен тіпті өзгеше болатын. Кең жағалы ақ көйлек, дөңгелек етекті оқалы камзол, сыртында көк ала қаптал шапан, басында үкілі құндыз бөрік, үкісі бұлғақ-бұлғақ етеді. Қалтасында күрең шұға тақиясы бар екен», – депті. Ақсақал «Бурылтайды» ғана жыға танып, есінде сақтап қалғанын байқаймыз.

Ал Асқар Сүлейменов «Адасқақтың» «Қотыркөл-Шортанды. Біржан» бө­лі­мін­­де салдың Бурылтай атпен ұзату тойына шапқанын суреттейді. Айқыш-ұй­қыш оқиғалар желісі оқырманды шытыр­манға қалдырып, жымынан жаңыл­дырғанымен, әңгіме негізі ән мәті­нін төркіндейтін секілді. Бұған дейін Бір­жан­ның Керкекіл аты айтылып келсе, дәл осы тұста жазушы Бурылтайды алып шығады әңгіме алаңына. «Жанында бейтаныс екеуі бар, Кірәлінің Сіләні де осы мезетте кірді. Бейтаныс екеу жаушы екен. Тойға шақыра келіпті. Өзі де жарты ай жыраққа шықпай ішқұса боп қап еді. Біржан аналар сәлемін жеткізер-жеткізбесте шап ете қап, той мекенді сұрады. Жер мойны, ит өлердей қашықта, Шортандыда екен» деп келеді. Біржанды аттай қалап келгендер құр қол емес, әуелгі шақыртудың өзіне семіз бір атты жетелей келгенін көрген Әпіштің де көңілі көтеріледі. Шақыртуына ат байлағанда, ұзатудағы ойын-сауықта салған әніне үйірімен айдатары анық-ты. Сондай дәмемен салды жөнелтіп тұрған жарын осылай еске салады: «Әпіш Бурылтайдың құйрығына жабысқан шаламды майысып тұрып ажыратып алды. Ал бұлар лекер мінген Кірәлінің Сіләнін қосып ап, «ойын-сауық қайдасың?» деп тартып берді», дейді әңгімеде.

Шортандыда ұзатпақ қыздың есімі Ақбұлаң. Алайда ұзатудың ойын-сауығына барған Біржан сол ауыл­ға түсе сала, бел шешіп отырғанда, ірге­де Сағынайдың асына сауын айтыл­ға­нын естиді. «Біржан Сағынай­дың нағашылығын, бұл бармаса Нұрмағам­беттің там сүзерін тез қайырды да, Сіләнді шақырды. – Құлатайды да, Бурылтайды да тез әкел, білдірмей әкел, аттанам», дейді сал. Ал Ақбұлаңға берген уәдесі: «Ас тараған бетте соғам».

Асқа барғанда түскені паң Нұрмағам­беттің үйі. «Жә, – деді Нұрмағамбет, – хабаршы қашан барды?

– Қайдағы хабаршы, ненің хабаршысы?

– Ау, есің дұрыс па өзі? Саған арнайы ат шаптырылған. Ей сал жиен, онда хабар-ошарсыз қалай кеп қалдың?

– Қызылжар жағының бір алпауыты қызын ұзатпақ екен... Аз да болса алынбай мал қалды. Ұятты кісі еді, мал иесінен ұят болды.

– Малын қойшы, – деді Нұрмағамбет, – қыздың обалына қапсың ғой. Енді не деп сыңсиды о сорлы?».

Астан кейін барғанда не болатыны белгілі. «Жұрты жатыр, өзі жоқ қал­қа­тай­дың...» деген жұмбақ осы жерде ше­шіледі.

«Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың,

Сағасы өткел бермейді терең сайдың.

Құба жонға шоқытып шыға келсем,

Жұрты жатыр,

өзі жоқ қалқатайдың...

Ақау бикем, жар-жар,

Алма мойын, ақ сұңқар.

Қош есен бол құрбым-ай!

Құрбылықпен жүрдім жай,

Ақау айдай, жариям айдай,

Жардың көңілін қалдырма,

қыз қалқатай».