Қазақстан • 28 Ақпан, 2022

Өсімнің өзегі – өзара сауда

215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен өзара сауданы кеңейту, одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.

Өсімнің өзегі – өзара сауда

 

Отырысқа еліміздің Премьер-Министрі Ә.Смайылов, Армения Республикасының Үкімет басшысы Н.Пашинян, Беларусь Рес­публикасының Үкімет басшы­сы Р.Головченко, Қырғыз Рес­пуб­ликасының Премьер-ми­нис­трі А.Жапаров, Ресей Фе­де­­­рациясының Үкімет басшысы М.Мишустин, сондай-ақ бақы­лаушы мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Үкіметаралық кеңес отырысы әдеттегідей шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Ша­ғын құрамдағы отырысқа қаты­сушылар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәсе­ле­лері бойынша пікір алмасты. Еу­разиялық кеңістікте эконо­микалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселені талқылады. Атап айт­қанда, электронды сауда сала­ларындағы өзара іс-қимылды дамыту, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің контейнерлік темір­жол тасымалын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық эко­номикалық одақтың интегра­цияланған ақпараттық жүйесін дамыту перспективасы талқыланды. Талқылау барысында өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.

Кеңейтілген құрамдағы отырыс­та одаққа мүше мем­лекеттердегі макроэкономикалық жағдайды реттеу және Тауар­ларды бақылап отыру тетігі туралы келісімнің іске асырылуы секілді бірқатар маңызды мәселе қаралды. Аталған мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов кеңейтілген құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес­тің отырысында сөйлеген сөзінде өткен жылдың қорытындысы үшінші елдермен арадағы сауда-саттықпен салыстырғанда, одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасының өсуі серпін көрсеткенін хабарлады. Осы­лайша, Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің өзара саудасы 18%-ға, ал сыртқы сауда көлемі 15%-ға өскен. Алай­да өзара сауда үлесі тауар­лардың жалпы саудасының 15%-ы­нан аз. Ә.Смайылов бұл көр­сет­кіш ішкі нарықтың тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз екенін атап көрсетті. Мысалы, басқа интеграциялық бірлестіктердегі өзара сауда кө­лемі 40%-дан асады. Өзара сауданы ұлғайтудың міндетті шарты – ішкі нарықта кедергісіз орта құру.

Премьер-Министр серік­тес­тердің нарығына қолжетімділіктің шектеулілігіне қатысты мәсе­ле­лердің едәуір бөлігі жылдан-жылға өз шешімін таппай келе жатқанын баса айтты. Оған мемлекеттік сатып алуға, аймақтық серти­фикаттауға қолжетімділік, санитарлық, ветеринарлық және шектеулердің басқа да түрлерін негізсіз қолдануға, мемлекеттер ішінде қолданылатын кедендік бақылауға қатысты мәселелер жатады.

– Егер Еуразиялық эконо­микалық одақта ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда ілгері жылжуға ықпал ететін шешім қабылдауымыз қажет. Ко­миссияға қолданылып отырған кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін нақтылаудан басқа, бизнеске және жалпы интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет, – деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр одаққа мүше мемле­кет­тердің үшінші елдер нарығына экспортын ілгерілетуге жәрдем­десудің тиімді шарасы көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттары арқылы бәріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің негізінде оны қамтамасыз етудің қажеттілігі зор.

– Елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбіне экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады. Бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасына теріс әсер етеді. Комиссия осы және басқа да мәселелерде проактивті позицияны ұстануы қажет. Сырттан бақылаушы бол­ған тиімсіз, – деді Үкімет басшысы.

Сыртқы және өзара сауда ста­ти­стикасын теңестіру және сыртқы сауданың ашықтығын қам­тамасыз ету қажеттілігіне қа­тыс­ты Премьер-Министр «сұр» импорт ішкі өндірушілерге, заң­ды импорттаушыларға айтар­лық­тай зиян келтіретінін, одаққа қаты­сушы мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер ететінін жеткізді.

– Қазіргі таңда Қазақстан сөз­ден іске көше отырып, Қытай Халық Республикасымен шека­­радағы кедендік бақылау шара­ларын едәуір күшейтті. Қа­был­данған шаралар небәрі екі айға жетер-жетпес уақыт ішін­де кедендік төлемдер мен тауар­лардың рәсімделуінің өсуіне алып келді. Сонымен қатар біз Қытай Халық Республикасынан көршілес елдерге импорттың айтарлықтай өскенін байқай бастадық. Ол уақыт өте келе тиісті кедендік рәсімдерсіз және салық төлемдерінсіз ортақ нарыққа келіп түседі, – деді Ә.Смайылов.

Қазақстан тарапы сыртқы сау­даны, бірінші кезекте, Қытай Халық Республикасымен саудада толыққанды және сапалы кедендік рәсімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет деп санайды, барлық процесті және деректерді алмасуды шұғыл түрде цифрландырған жөн. Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, шынайы бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің артуына серпін береді.

Премьер-Министр бүгінде пандемиядан кейінгі кезеңде одаққа қатысушы елдердің эконо­микалық белсенділігін арттыру жөніндегі жұмысты бұрынғыдан да күшейту қажеттігін атап өтті. Барлық тараптың келісілген күш-жігері ғана азаматтардың әл-ауқатын арттырудың дұрыс жолы болып саналады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ құқығында бекітілген негіз қалаушы қағидаттарды іске асыру бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмысқа дайын екенін жеткізді.

Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Ақылбек Жапаров одақтағы ішкі жалпы өнімнің өсімі өткен жылдың қаңтар-қарашасында 4,4% деңгейінде қалыптасқанын, бұл орташа әлемдік көрсеткіштерден жоғары екенін айтты. Атал­ған кезеңде Еуразиялық эконо­ми­калық одақтағы өнеркәсіп өндірісі 5,1%-ға ұлғайған. Үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 34,3%-ға, оның ішінде тауарлар экспорты 42,5%-ға өсіпті. Өза­ра сауда көлемі үштен бірге ұл­ғайса, экспорт көлемінің артуы одақ­қа мүше мемлекеттердің бар­лығында байқалып отыр.

А.Жапаров экономикалық белсенділікті қалпына келтіру – пандемияға қарсы іс-қимыл, тауар­лардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайында бизнес үшін жағдай жасау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың нәтижесі екенін атап өтті.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қоры­тын­­дысы бойынша бірқатар құжат­қа, соның ішінде одаққа мүше мем­лекеттердегі макроэко­но­ми­­калық жағдайды және орнықты экономикалық дамуды қам­тамасыз ету жөніндегі ұсы­ныстар туралы өкімге, Тасы­малдарды қадағалау үшін Еура­зиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру туралы тапсырмаға қол қойылды. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттерде азаматтық авиақұрылыс сала­сындағы өнеркәсіптік ынты­мақтастықты кеңейту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Үкіметаралық кеңестің келесі кездесуі осы жылдың 21-22 мау­сымында Брест қаласында (Бела­русь) өтпек.

Еске сала кетейік, бұл – Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкі­мет басшыларының биыл өткен алғашқы кездесуі. Бұған дейін Еу­разиялық үкіметаралық кеңес отырысы 2021 жылғы 19-20 тамызда Шолпан-Ата қаласында және 2021 жылғы 18-19 қарашада Ереван қаласында ұйымдастырылған
еді.