Жолдар мен өзендер шекарамен шегенделмейді
Екі құрлықтың арасына тең орналасқан Қазақ ұлысы ежелден төрт тараптағы елдермен қоян-қолтық араласып, сауда-экономикалық байланыстардың қыз-қыз қайнауына мұрындық болып, озған мәдениеттердің кең таралуына қолғабыс жасаған. Өзінде бардың үлгілісін өзгеге ұсынып, өзгенің озығын алып тұрмысына пайдалана білген. Бүгінгі әңгіме ол туралы емес, жаңа дәуірдегі жаңғырған Қазақ елінің көрші мемлекеттермен байланысатын транзиттік жолдары туралы болмақ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» – төте жол Алыс-жақын шетелдермен интеграцияға түсіп, бабалардан қалған бәсіре дәстүрді жаңғыртуды көздеген Қазақ елі ежелгі Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, өзінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтқаны белгілі. Соның негізінде, жеті бірдей транзиттік жолдар күрделі жөндеулерден өткізіліп, бірқатары жаңадан салынып жатқаны мәлім. Бұл тұрғыда, алдымен ауызға алар жол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі. Бұл күрежол Қытайдың шығысындағы Ляньюньган портынан басталып, Қазақ жеріне Қорғас өткізу пунктінен кіреді. Сөйтіп, еліміздің оңтүстігіндегі ірі қалаларды басып өтіп, Ақтөбе арқылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Луга портына дейін барады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізі бүгінде дамушы елдердің назарында. Себебі, қазіргі күнде дәстүрлі теңіз тасымалдары арқылы қытайлық порттардан Еуропа елдеріне дейін жүру уақыты 45-тен 60 күнге дейін созылатын көрінеді. Ал Қытай, Қазақстан, Ресейдің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі жемісті жүзеге асырылса, жүк автокөліктері бұл аралықты 10-12 күнде басып өтеді екен. Осыдан-ақ автодәліздің болашақ әлеуетін болжай беріңіз. Отандық және халықаралық сарапшы мамандардың сөзіне ден қойсақ, Қытайдың даму орталықтарына назар салған жөн. Бүгінде Қытай орталық және батыс аймақтарын дамытуға 1 трлн. АҚШ долларына тең қаражат бөліп, Орталық және Батыс Қытайда жүк базаларын құрайтын жаңа индустриялы орталықтарды көптеп салуда. Мұның үстіне, экспорт көлемі жыл сайын еселеп артып жатқан алып елде, көлік инфрақұрылымы тасымал шаруасымен қарышты сұранысты қанағаттандыра алмай жүрген көрінеді. Әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеріп, дамудың жаңа белесіне көтеріле бастаған Еуропа елдері негізінен Қытай тауарларын тұтынатыны бесенеден белгілі жағдай. Осыны ескерген сарапшылардың бағалау болжамына қарасақ, 2020 жылға қарай Қытай мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымы 1 трлн. АҚШ долларына жетпек. Демек, осыншама тауар айналымының бір бөлігін Қазақ елі өз бағытына бұра алса, қара жолдың үстінде отырып-ақ ырғын пайдаға кенелмей ме?! Көрші елдермен экономикалық интеграцияға түсіп, ел әлеуетін көтеріп, Тәуелсіздігіміздің іргесін бекіте түсуде шекарамен шегенделмейтін қара жолдың пайдасы осында болмақ. Бұған халықаралық магистралдың бойына орын тебетін жүздеген сервистер мен хаб орталықтарын қосалық. Олардың әрбірінде ашылатын ондаған жұмыс орындарын есепке алсақ, экономикалық интеграциядан тартынуға тіпті де әддіміз қалмайды. Мәселен, былтырғы күз айларының басында елімізге мемлекеттік іс-сапармен келген Қытай мемлекетінің басшысы Си Цзиньпин Жібек жолы аймағында 3 млрд. адам тұратындығын айтып, жергілікті аймақтық рынок ауқымы мен әлеуеті жөнінен ғажайып екендігін атап өтті. Ол тараптардың сауда-инвестициялық қарым-қатынаста кедергілерді барынша азайтуға шақырып, Қытай мен Қазақ елі арасында Жібек жолы экономикалық дәлізін құру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, сол мемлекеттік сапар аясында ұйымдастырылған қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында, «Біз қазіргі таңда жаңа Жібек жолын жаңғыртып жатырмыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралдық көлік дәлізін іске асырудамыз. Жаңа автокөлік және теміржолдар, теңіз терминалы мен логистикалық орталықтар салынады», деді. Ал Елбасы, «Қазақ елі өзінің тарихи рөлін қалпына келтіріп Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір ретінде Орталық Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабына айналуы тиіс... Бұл өз кезегінде Қазақ елінің халықаралық дәрежедегі сауда-көлік, қаржылық-іскерлік, инновациялық-технологиялық және туристік маңызды транзиттік дәліз қалыптастырады. Бұл мегажобаны жүзеге асырғанда 2020 жылы Қазақ елі арқылы транзиттік жүк айналымы екі есеге артып, жылына шамамен 50 млн. тоннаға жеткізуге болады», деген болатын. Су көліктерін іске қосу маңызды Қазақ елі «KTZ Express» АҚ иелігіндегі құрғақ жүк таситын екі теңіз кемесінің тұсауын кескені белгілі. Еліміздің көк туын желбіретіп, жүк тасымалы бойынша Иранмен жалғайтын қос кемеге «Бекет ата» және «Түркістан» деген атау да берілгені мәлім. Бұл оқиға Қазақ елінің теңіз саласында жаңа сала – құрғақ жүк флотының пайда болғанын айғақтайды. Сондықтан, бұл бүкіл еліміз үшін өте маңызды шара болып табылады. Себебі, бір кезде Каспийдегі барлық порттар мен кемелер бас кеңсесі Бакуде орналасқан Каспий теңіз параходшылығының иелігінде болды. Бірақ Одақ ыдырағаннан кейін де бүкіл көлік флоты Әзербайжан мен Ресей басқаруында қала берді. Отандық алғашқы сауда кемелері 2000-жылдардың басында суға түсірілді. Бұл танкерлерге Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларының аты қойылды. Ал Ақтау портына Қазақстан флотының алғашқы кемелері келгенде «Бекет ата», «Түркістан» деген атауларды индустрияландыру күніне орай өткен телекөпір кезінде Елбасы ұсынған болатын. «Біздің еліміз үшін бүгін ерекше оқиға. Мемлекет қолға алған барлық ауқымды жұмыстар оң атқарылуда. Алғаш рет біз теміржол және автомобиль көліктері арқылы Батыс Қытай мен Қазақ елін Каспий теңізі арқылы Еуропамен байланыстырушы мемлекет болып отырмыз. Бұл кемеге қасиетті бабамыздың есімін беріп отырмыз. Елімізді киелі аталардың рухы қолдап, жар болып жүрсін», деп толқыған еді Мемлекет басшысы. Расында, теңіз көлігі қашанда ел экономикасына сүбелі үлес қосатын сала. Және ол әлемде экономикалық жағынан болсын, әлеуметтік жағынан болсын тиімді әрі тарихы терең тасымал түрі. Теңізге шығатын жолы жоқ елдер қатарындағы Қазақстан үшін Ақтау теңіз порты – жалғыз теңіз жолы. Сол үшін де бұл оқиға – теңіз көлігі арқылы жүк тасымалының тұсауы кесілген күн, ел өміріндегі маңызды оқиға ғана емес, биік белес, жаңа тарихтың бастауы болмақ. Өткен жылдың соңына таман Қазақстанның «KAZLOGISTICS» көлік одағы Атырау қаласында «Орал – Каспий айдынында ішкі су жолын дамыту мен өзекті жайлары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Оған Көлік және коммуникациялар министрлігі, Теңіз көлігі кәсіпкерлерінің қауымдастығы, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитеті, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өкілдері, су мәселесі бойынша республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары, Жайық өзенінде тасымалдаумен шұғылданатын кәсіпкерлік ұйымдар қатысты. Дөңгелек үстелде Жайық өзенінде кеме жүргізу мен Атырау портындағы инфрақұрылымдық жағдай талданды. Мамандар негізінен өзен көлігімен тасымалдауды дамыту мен Жайық өзенінде кеме жүргізу жайын сөз етті. Отырысқа қатысушылар Жайық – Каспий айдынындағы өзен суының аздығын, онда кеме жүргізудің қиындығын, мемлекеттік техникалық флоттың тозығы жеткенін, сондай-ақ, мамандар жетіспеушілігін әңгіме өзегіне айналдырды. Сөйтіп, «Теңізшевройл» жобасының болашағы қаралды. Онда екі көліктік даму жобасы қарастырылды. Бірінші – Каспий мен Жайық өзені қайраңын қазу жұмыстарын жүргізу, екінші – Атырау портын жаңғырту, үшінші – жаңа теңіз терминалы мен жүк автожолының құрылысын жүргізу көзделген. Жобаның нақты сұлбасы анықталған соң оны бөлшектеп қарастыру жүзеге асырылмақ. Аталмыш жоба өзен көлігімен тасымалдауды жүзеге асыруда серпін беретін болады. Оған қоса, Волга-Дон арнасы арқылы тасымалдауды және Ресеймен бірлесіп мемлекетаралық келісім негізінде көрші елдің ішкі су жолдарына шығу мақсаты бар. Осының негізінде, Еуразия кеңістігінде көліктік-логистикалық компания құру қарастырылды. Мұнымен бірге, Жайық өзені бойынша бірнеше бағдардың жоспарын жасау келісілді. Әсіресе, өзендегі көліктік бағдарларды анықтап, Жайық – Каспий өзені мен теңіз қайраңын аршу, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігімен бірлесіп экологиялық мәселені мұқияттап, тиянақтау шарасы негізделді. Сөйтіп, мүдделі кәсіпорындар – «Атырауөзенпорты» АҚ, «Тенгизшевройл» ЖШС, NCOC, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС, «АМӨЗ» АҚ, Атырау «Ұлттық мұнай химия паркі» АЭА-ның ұсыныстарына орай Жайық өзенінде кеме жүргізу және жүк тасымалдау көлемін арттыру ұсынылды. Сондай-ақ, Атырау портынан Азов теңізіне дейін және Ресейдің орталық аймағына жету мен қайту, оның бағасын анықтау, арнайы кемелердің мамандануын қамтамасыз ету тағы басқа жағдайлар талқыланды. Бүгінде осы мәселелер бойынша арнайы құрылған жұмыс тобы транзиттік су жолдарының жағдайын бағамдап, бағалап жатыр. Бұйыртса, шекарамен шегенделмеген өзен жолдарын да жүк тасымалына пайдаланатын күн келіп жетеді. Анықтама үшін айтарымыз, Орал – Каспий өзен айдыны еліміздің 415 мың шаршы шақырымын алып жатыр. Жалпы алғанда, Орал өзені Батыс Қазақстан, Атырау мен Ақтөбе облысы арқылы өтіп, Ресей аумағына да кіреді. Оның бойында еліміздің 2,2 млн. адамы тұрады. Осыған қарағанда, айтылған шараларды жүзеге асыру мақсатында тәуекелмен бел байлауға болатын сияқты. Транзитті теміржолдар ел ырысын көбейтеді Елімізде су жолдарынан тыс 7 бірдей транзиттік дәліз бар. Оның алтауы теміржолға тиесілі. Сондықтан да, Елбасы Ұлттық логистикалық оператор етіп «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ты белгілеуді ұсынды. Бүгінде осынау ұсыныс қолдау тауып, өмірге келгенінің куәсі болып отырмыз. Енді көрші елдермен интеграциялық қатынасымызды нығыздап, шекарамен шегенделмейтін теміржол магистралдары жөнінде айтсақ. Осы арада Қазақ елі көпвекторлы саясат ұстанумен қатар, экономикасын да барынша әртараптандырып жатқанын атап өткеніміз орынды. Экономикалық тұрғыдағы тәуелсіздігін қуаттандыра түсу мақсатында шекаралас елдердің бәрімен интеграцияға түсіп, транзиттік жолдар арқылы байланысын нығайтып жатыр. Оның дәлелді мысалдары өте көп. Сонымен, бірінші – орталықазиялық дәліз. Ол Өзбекстаннан Сарыағашқа кіріп, Ақтөбе аймағындағы Озинки стансасынан Ресей еліне өтеді. Екінші – Солтүстік теміржол дәлізі. Ол Қытай елінің шекарасындағы Достық стансасын басып өтіп, Солтүстік Қазақстан өңірімен Ресей асады. Үшінші – Оңтүстік трансазиялық дәліз. Бұл да аталған Достықтан өтіп, Сарыағашқа қарай жол тартады. Яғни Қытай мен Өзбекстанды жалғайды. Солтүстік пен орталықазиялық дәліздер осы Сарыағашта тоғысып-таралатынын да айтқан жөн. Сондай-ақ, өткен жылы ғана іске қосылған Алтынкөл стансасынан тартылған транзиттік жол да Сарыағаш арқылы өзбек еліне асады. Одан әрі Парсы шығанағы мен Үндістанға бет алатыны белгілі. Төртінші – ТРАСЕКА дәлізі. Ол Азия мен Кавказды, одан әрі Шығыс Еуропаны жалғайтын болады. Нақты көрсетер болсақ, Қазақ елі, Каспий теңізі, Грузия, Түркия, Румыния. Бесінші – Солтүстік – Оңтүстік дәлізі. Кәдімгі Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара теміржолы Ресей мен Иран елін төтелей байланыстырмақ. Аталған екі елмен қатар, бұл дәліздің әл-дәрменін барынша көтеруге Үндістан да мүдделі болып отыр. Негізі, Ресей Ақтауға соғып уақыт жоғалтқысы келмесе, Атыраудың Ганюшкино стансасынан Қазақ еліне кіріп, Бейнеу арқылы Астыға, одан әрі Болашақ түйіспе бекетіне төтелеп өтуіне де болады. Сөйтіп, Түрікменстанды басып өтіп, Иранның Бендарабад портына шығады. Арғы жағы ашық теңіз. Ал алтыншы – Шығыс-Батыс дәлізі. Қазіргі құрылысы жүріп жатқан теміржолдар толығымен іске қосылғанда аталған транзиттік дәліз өзі пайда болады. Оның жөні былай: Достық стансасынан кірген Қытай құрамы Ақтоғай арқылы Қарағандының Жарық бекетіне барып, одан Қызылорданың Сексеуіліне қосылады. Одан әрі Шалқар, Бейнеу арқылы Ақтауға барады. Ондағы теңіз порты мен Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара бағытын бұған дейін тәптіштегенбіз. Әйтпесе, осы келген құрамдар Шалқар стансасы арқылы Ресейге өтіп кетуіне де болады. Өзі пайда болар бұл транзиттік дәліздің әр тұсына тоқталуымыздың себебі біздің ел аумағы бойынша Шығыс пен Батыс аймағының аралық жолы 1200 шақырымға бір-ақ қысқарады. Ұлан-байтақ жерімізден өтетін осынау ғаламат транзиттік дәліздерге қарап, Қазақ елінің көрші мемлекеттермен экономикалық тұрғыда интеграцияға түспей тұйық ғұмыр кешуі мүмкін еместігіне көзіміз жетеді. Қазақстан алыс-жақын шетелдермен байланысын нығайтып, дамыған елдердің жақсы тараптарын үйреніп, білімі мен біліктілігін жан-жақты шыңдамаса, замана бедерінде бәсекеге қабілетті ел болуы мүмкін емес екені айдан анық. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10