Әдебиет • 01 Наурыз, 2022

Солдат ақындар

426 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлем әдебиетінде де, біздің әдебиетте де жаһандық екі үлкен соғыс туралы жазылған шығармалар аз емес. Күллі әлем оқырманы тұшынып оқып жүрген көркем шығарманың көбі осы үлкен соғыстарды арқау етті.

Солдат ақындар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігінен» бастап Ремарктың «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романына дейін қаншама шығарма соғыс зардабын сөз етті.  Атақты Марк Твеннің өзі «Құдай соғысты америкалықтар географияны үйренуі үшін ойлап тапқан» деп ашығын айтқаны кімді болса да ойландырмай қоймас. Аз-кем ойлансаңыз, осы сөздің салмағы басым, тіпті бір шындықтың бетін ашуға ұмтылыс жасағысы да келетіндей. Біз бүгін қолына қалам мен қаруды тең ұстаған ақындар туралы сөз қозғаймыз.  

 Украина үні

Бұрынғы Румыния Корольдігінде (қазіргі Черновцы, Украина) өмірге келген «Поль Целан» деген бүркеншік атпен аты шыққан ақын Пол Антшельдің есімі поэзия саласында жиі аталады. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірдегі неміс тілінде жазған аса ықпалды ақындардың бірі болды. Це­ланның анасы Фрици неміс әде­бие­тінің жан-жақты білетін, қолы босай қалса кітаптан бас алмайтын адам еді. Жасөспірім кезінде Целан еврей социалистік ұйымдарына белсенді қатысып, Испаниядағы Азаматтық соғысқа қолдау көрсетті. Оның ең ал­ғашқы өлеңі «Аналар күні» деп аталды. Целан қиын-қыстау кезеңде жүрсе де Шекспирдің сонеттерін аударып, өз поэзиясына қуат алды. Жергілікті қала басшысы Траян Поповичи 1942 жылдың маусым айында еврейлерді жер аударуға мәжбүрлейді. Бұл жағдай ақын Целанға оңайға түспейді. Ол қашып құтылу үшін ата-анасын елден бір жола кетуге үгіттейді. Басына ауыр күн түскен ақын Целан 1944 жылдың ақпан айына дейін түрмедегі жұмыс лагерінде болды, кейін­гі өмірін ол Чернаутиде өткізеді. Онда ол қысқа уақыт психиатриялық ауру­ханада медбике болып жұмыс істеді. Ол «Қыс» атты өлеңінде анасын іздеген баланың күйін кешеді:

«Анашым, Украинаға қар жауып тұр

Тәңірдің түйіршіктері мұз боп қалар,

Менің өзен көз жасым

сіз жаққа ағар,

Үнсіздігін малданып жүр басқалар.

Ажал таяу

Лашық шамы өшпеген, нені білмек?

Сайтан үнін сыңсытты жел уілдеп.

Кедейдің көне тонын жұлқылайды,

Сосын еске түсірер бір құдайды.

Ойықтар да орны тұр, білегі су,

Қолы – шырақ, ұлыңның жүрегі – ту.

 

Мынау тас қараңғыда есеңгіреп,

Жағдайыма жер налып, көшем күлед.

Аспанымда қалқып тұр сынық арфа,

Шегі үзілген, енді оның құны бар ма?

 

Наз дыбысы қуат боп гүл-шықтарға,

Өмір жырын жазады ұршық талға.

Не болармыз, анашым, оянбасақ,

Иектеген қасірет, қырсықтар ма?

Мен де Украина қарына

тұншықсам ба?».

Сол Украина, сол мұң. Назар сал­саңыз, ақынның өлеңінде бәрі айтылып тұр, тіпті уақыттың өзі ескі өлеңді қай­талап оқып тұрғандай.

 

Британ аспанындағы жұлдыз

Уилфред Оуэннің көзі тірісінде тек бес өлеңі ғана жарық көрді. Десе де, оның осы шағын жырлары соғыс тура­лы туындылардың сапында көш бас­тап тұрды. Оның есімі Бірінші дүние­жүзілік соғыс әдебиетінің көрнекті тұл­ғаларының бірі ретінде тарихта қалды. Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 21 жастағы ақын Оуэн 1915 жылы британ әскеріне алынып, кейін Франциядағы қан майданда атойлады. Жастықтың оты мен ақындық жігері қосылған ол соғысқа қатысу парызым деп білген азаматтың бірі болды. Ұрыс алаңынан анасына бұрқыратып өлеңмен хат жазып, майдан өмірін суреттеп, қуатты жырымен қамкөңіл анасын әлдиледі, жұбатты. «Мен майданда болған жоқпын» деп аталатын өлеңі анасымен қатар елін кәусар жырмен сусындатты. 1917 жылы ауыр жараланған ол Шотландиядағы мәлім ауруханаға емделуге жіберілді. Көп өтпей ол ақын досы Зигфрид Сасунның ұсынысымен өз басынан кешкендері туралы шығармалар жазды. 1918 жылы оның есімі айналасына, әдебиет әлеміне танылды, оның «Аман қалған жастарға арналған әнұран», «Біртүрлі кездесу» сияқты өлеңдері сол тұстағы қоғамның, суық соғыс өрті шарпыған әлемнің бет-бейнесін қағаз бетінде сөйлетті. Оуэн 1918 жылы 4 қарашада Самбре-Оиз каналын кесіп өту кезінде соғысты аяқтау туралы бітімгершілік келісімге қол қойылудан бір апта бұрын ғана ерлікпен қаза тапты, келесі күні оған лей­тенант шені берілді. Оның анасы шір­кеу қоңыраулары соғылып жатқан сәтте ұлының қайтыс болғаны туралы же­дел­хат алады. Оуэн Францияның сол­түстігіндегі Орс коммуналдық зиратында жерленеді. Анасы Сюзан «Өмір тәнді жаңарта ма, шындық беті бері қашан қарайды?» дейтін ұлының өз өлеңін оның қабір тасына ойып жаздырады.

Айқас даласындағы Аполлинер

Авангард ақын Гийом Аполлинер өзі қатысқан соғысты жиі еске алған сияқты. Бұлай дейтініміз, оның өлең­дерінің бастауы солай. Айқас дала­сындағы жауынгер ұланның жырлары да күллі оқырманға соғыстың өртін, қан майданның азабын суреттеп бере алды. Ол бір кездері «Мона Лизаны» ұрлады деген күдікпен түрмеге жабылған да еді. Аполлинер 1914 жылы әскерге шақырылу жасынан асқанына қарамастан, француз әскеріне қосылады. Қаны тасыған асау ақын сарбаздың өмірін қызығушылықпен қабылдайды. Сол тұстағы күндерін ол кейінірек «Каллиграммалар» деп аталатын эксперименталды өлеңдер жинағына айналдырды. Аполлинер «Соғыс ғажайыптары» деп аталатын өлеңінде «Қараңғылықты жарқы­рататын бұл алаулар қандай тамаша», деп жырлайды. Аполлинердің ұрыс даласындағы арманы 1916 жылы ол минадан басынан ауыр жарақат алған кезде үзілді. Бағына қарай ол аман қалды. Бірақ ақын 1918 жылы испан тұмауынан қайтыс болған мил­лиондардың бірі ретінде бақилық болды. Қазір оның есімі ХІХ ғасырдағы өркендеген сюрреалистік қозғалыстың негізін қалаушы тұлға болып әдебиет тарихында орны бар ірі ақындардың бірі ретінде жиі оқылады.

 

Сұр шинел киген...

Ақын Қасым Аманжолов 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Осы сапар қарсаңында оның «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» сияқты ғұмырлы жырлары өмірге келеді. 1941-1943 жылдар аралығында Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылып, соғыс аяқталғанға дейін сол майданда болып, ұрыс алаңын ақын жүрегімен сезінеді, көзімен көреді. Бойында ақындық серті бар Қазақ ұла­ны азаматтық борышын абыроймен аяқтап, әсерлі жырлар жазып оралады. Оның бізге жеткен «Дәриға сол қыз», «Үстімде сұр шинелім», «Ақын өлімі турал аңыз», «Орал» сынды отты өлеңдерін оқыған ұрпақ соғыстың қан­дай боларын, бейбітшіліктің қанша­лық­­ты қымбат екенін сезіне алады. Ол бір өлеңін «Соғыстың, қыстың ызғары» деп атапты.

«Соғыстың, қыстың ызғары

Бойымнан кетпей, боп сырқат,

Емендей жалғыз құздағы

Айналаға болдым жат.

Қайсарлықпен сыр бермей,

Отырмын қарап биікке:

Ұшқан құсқа тау көлбей,

Қиялда жортқан киікке».

Соғыстан кейінгі адамзат өмірінің ішкі жалғыздығы айқай салып тұратын осы жырды ақын жүрегі нені меңзегені дөп басып таба алу қиын емес. Қазақ поэ­зиясында соғыс тақырыбын жырлаған ақындар аз емес. Олар Тоқаш Бердияров, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов болып кете береді. Олардың әрқайсысы жазған жырлар соғыс заманының әр сәтін бейнелейді. Олардың қаламынан туған өлеңдер тыныштықтың қадірін білуге үндейді. «Ақынның тілін алған ба, ақымақ әлем бір рет» (Жұматай Жақыпбаев) демекші, кейде ақындар жазған өлеңдерді қайта парақтауға тура келеді. Әрине, замана бұлқынысына қарай.