Өнер • 01 Наурыз, 2022

Ана құшағы

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемге қонған мейірімді түстеп көрсет десе, көз алдыңызға анаңыздың бейнесі келері анық қой. Бар ізгілікті аядай құшағына сыйдырған мейірім иесінің аялы алақанында жан жылуы бар.

Ана құшағы

Маңдайыңыздан сипаған сәтте-ақ жүрегіңізге жылулық тарап, тағдырыңыздың күрмеуі шешіліп, көңіліңізге көктем қоныстанады. Солай емес пе?! 

Картинаға қарайсыз да, ана мейірімімен сусындаған балалығыңызды ойлайсыз. Сол балдәурен мезеттің қуа­­­нышы мен бақыты ана­­­ның аппақ құшағында жат­қанын бағамдайсыз. Мұны суретші Дулат Әлиев көркемөнердің құ­ді­ретімен жеткізген. Ба­лауса күндердің бояуын шығармасына арқау етіп, көпшілікті ананың мейірімімен баурайды. Со­­дан да болар, туындысына «Ана мейірімі» деп ат қойғаны.

Қылқалам шебері полотнолармен жұмыс істе­генде анық бейнелеу қа­ғи­дасына сүйенген, он­да бейненің сипаты мен көрінісін баяндау­да нәзік тәсілді пайдала­нып, мүл­­тіксіз сырлап, бояу­ла­­рының түсі мен өңін үй­лестіре отырып көр­сетеді. Сюжеттің іш­кі мәні мен қысқаша мазмұнын жарықтандыра түсіп, жаңа реализмнің өкілі екенін байқатады. Суреткердің өз шығармашылығы туралы: «Мен өзімнің сурет­­терімде басқалар сияқ­ты жиһангезбін. Бейнелеу өнері – мен үшін өмір­ді тану құралы. Сурет­терім­­нің негізгі кейіпкері – адам. Мен оны жақсы көре­тін­ді­гімді сезіндім» деп баға бе­ретіні бар. Бұл оның өне­рі­нің бірегейлігін танытады.

Негізі өнер иесінің ж­а­ңашылдығы – тұр­мыс­тық жанр тұрғысында, яғни ананың балаға, адам­дардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, мөлдір сүйіспеншілігі және мейі­рімділік сезімдерін қанық түстер арқылы бейнелеп, ұлттық сана-сезімді оятуында. Бұл тұрғыда ол кез келген образды, сю­жет­терді ұтымды пайдаланады.

Дулат Әлиевтің адам образын сомдаудағы пси­­хологиялық сезімге бе­­рілген көркем шы­ғар­­ма-

­лары күнделікті өмір­ден алынған. Аталған «Ана мейірімі» көркем туындысында ананың балаға деген риясыз пейілі диалог түрінде шынайы берілген. Әрбір ана сәбиінің маң­дайынан иіскеп мауқын басары даусыз. Бұл ана мен бала арасындағы асыл махаббаттан өрілген құ­діретті композиция.