Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Қазақстан Ресеймен автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты нығайтады

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Ресеймен автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты нығайтады

Жиынға ҮАК-тің тең төрағалары Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ресей тарапынан РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук қатысты.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешені, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Ресей биліктің әртүрлі деңгейлеріндегі кездесулердің қарқындылығымен нығайтылған мемлекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі жоғары деңгейіне ие.

Биыл елдер дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 24,2 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 29,1% - ға артық.

Отырыс барысында Бақыт Сұлтанов қос ел арасындағы сауда көлемі таяу жылдары 30 млрд долларға жетуі мүмкін екенін атап өтті. Қазақстан мен Ресей арасында табысты өнеркәсіптік кооперацияның мол тәжірибесі бар. Бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және т.б. салаларда шамамен 2,6 млрд доллар сомаға сегіз ірі бірлескен жоба іске асырылуда. Оның айтуынша, шамамен 1,4 млрд доллар сомаға тағы 11 жоба пысықтау сатысында тұр.

«Машина жасау - өнеркәсіптік кооперацияның негізгі бағыты. Біз мұнай-газ машина жасау саласындағы жаңа кооперациялық жобаларды іске асыруға, автокомпоненттік база құруға мүдделіміз. Құрамдас бөліктер мен қосалқы бөлшектер өндірісін игеру арқылы автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз», деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, қазақстандық тараптың бастамасы бойынша Ресей нарығына жоғары вольтты жабдықтардың қол жеткізу мәселесі қаралды. Бір-бірінің нарықтарына өзара кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету, оның ішінде жабдықты аттестаттау кезінде нақты бұзушы сынақтардың орнына «есептеу әдісін» пайдалану және осы тәжірибені «Жоғары вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентіне жедел қол қою мақсатында пайдалану, мемлекеттік және жекелеген заңды тұлғалардың сатып алуына тең қол жеткізу мәселесін пысықтау және Ресейдің ірі желілік энергетикалық компанияларына қол жеткізу үшін көрсеткіштердің көпшілігі бойынша қазақстандық зертханаларда орындалған сынақтарды тану уағдаластыққа қол жеткізілді. Ресей тарапы металлургия, ғылыми және өндірістік саладағы кооперацияны кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Тараптар цифрлық күн тәртібі, кедендік-салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатындағы өзара іс-қимыл, гидроэнергетика саласындағы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін қоса талқылады.

Жиын соңында Бақыт Сұлтанов екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға әзір екенін жеткізді.

Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының XXIII отырысының хаттамасына қол қойылды.

Үкіметаралық комиссияның келесі XXIV отырысы келер жылы Қазақстан Республикасында өтеді.