Өнер • 02 Наурыз, 2022

Алаштың аяулы әншісі

1002 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың біртуар әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ғасыр тойы. Атаулы мереке ЮНЕСКО-ның даталар күнтізбесіне енгізілді. Осыған орай 1 наурыздан бастап әнші мерейтойын мерекелеу аясындағы мәдени іс-шаралар ресми түрде басталды.

Алаштың аяулы әншісі

 

Әнші мерейтойы көктемнің ал­ғашқы күнінде көңілге көрік берген тамаша көрмемен басталды. «Қа­зақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының ғима­ратында ашылған көрмеде аты аңызға айналған әншінің өнердегі ал­ғашқы қадамдары мен зор жетіс­тіктері, соғыс жылдарындағы қай­­сарлығы, азаматтық биік парасаты, өмірінің жарқын сәттерінен фото­суреттер мен құнды жә­ді­гер­­­лер қамтылған. Айтулы көр­мені ұйым­дастыруға әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал ті­ке­лей атсалысып, көрме төріне өнер иесінің сирек суреттерін ұсы­­ныпты. Сондай-ақ мәдени оқиға аясында Роза Бағлановаға арналған эксклюзивті мүсін таныстырылды. Өнер туындысының авторы – гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов.

Салтанатты іс-шара одан әрі «Қазақ­тың қаһарман қызы» атты мазмұнды концертке ұласты. Кешті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев беташар сөзімен ашып, ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ға­сырлық тойы ресми түрде бас­талғанын айрықша атап өтті.

Есімі аңызға айналған әншінің қазақ­тың ән өнері мен руханиятына сіңірген еңбегі ересен. Әсіресе майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүріп салған әні соғысқа қатысқан талай сарбаздың жанына жігер сыйлап, жеңіске деген қадамды жақындатуға септескені анық. Роза Тәжібайқызы – Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмі­рінің 70 жылынан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып 25 тілде ән шырқаған. Сөйтіп жарты ғасырдан астам уақыт бойы қа­зақ халқының дәстүрлі мә­дениеті мен өнерінің өркендеп, әлем­ге танылуына үлкен үлес қосты. Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Іңкәрім», «Әдемі-ау», «Ақ тамақ», «Ақ­сұңқарым». «Ах, Самара – городок» әндері әншінің әсем даусымен бірге ха­лықтың жанына берік орнығып, ел жүрегінде мәңгілік жатталған.

Қазақ өнерінде қайталанбас із қал­дырған тарихи тұлғаның мерейтойына арналған кеште Роза Бағланованың өмірі, шы­ғар­машылығы жайлы арнайы дайындалған бейнеролик көрер­мен назарына ұсынылды. Роза Рым­баева, Тамара Асар, Ренат Гай­син, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Зарина Алтынбаева, Әміре, Рухия Байдүкенова, Жанэт (Беларусь), Хулкар Абдуллаева (Өзбекстан), Мир­бек Атабеков (Қыр­ғызстан) бас­таған еліміздің және шетелдің та­нымал әртістері, сонымен қатар Роза Бағланованың немересі Үрбибі Бағ­ланова да өз өнерін халыққа паш етті.

Әншінің өнегелі өмірі мен шы­ғар­машылығын насихаттау шаралары мұ­нымен әсте тоқтамақ емес. Еліміздің бар­лық өңірінде жыл бойы Роза Бағла­нованың мерейтойына арналған фестивальдер мен концерттер, мазмұнды кештер мен семинарлар, құнды көрмелер мен маңызды конференциялар өткізілетін болады.