Мысалға, әйел көшбасшыны таңдап, либералды идеяларды енгізген консерваторлардың өзгерісін келтіруге болады. Сондай-ақ лейборист Тони Блэр бұрынғы «Rule, Britain!» – «Басқар, Британия!» ұраны тиімсіз болып қалғанда «Cool Britannia», яғни «Керемет Британия» деп өзгертті. Осыдан кейін, 90-жылдардың екінші жартысында британдық болу керемет болып көрінді. Бұл дегеніміз жігерлі, шығармашыл болуды және британиялық музыканы тыңдауды білдірді. Сол сияқты Қазақстанда да өткен үш онжылдыққа көз жүгіртсек, ендігі жерде Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгерту арқылы трансформацияланатын кезі келді. Партияның жаңа атауы жаңа бренд ретінде «Жаңа Қазақстанның» бағдарына айналуы керек.
Саясаттағы ребрендинг бірнеше жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін. Партияның бағыты немесе халықтың сұранысы өзгерген кезде батыл шешімдер қабылдау қажет болады. Сондай-ақ идеясы ұқсас саяси партиялар арасынан ерекшелену мақсаты пайда болуы мүмкін. Одан бөлек халықтың партияны қабылдауын, қоғамдағы көзқарасты өзгертуді мақсат етуі мүмкін.
Халық кез келген саяси институттың атауы мен белгісіне қарап, белгілі бір көзқарас қалыптастырады. Сол арқылы қабылдайды. Сондықтан көпшіліктің ойын, қабылдауын өзгертіп, сеніміне ие болу үшін осындай маңызды қадам жасалады. Партияның тек атауы мен белгісі өзгеріп қана қоймай, сапалық құрамы да жаңартылуы керек.
Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін халық партия атауын өзгертуді күтті, тіпті талап етті деуге болады. Өйткені Nur Otan-ның жылдар бойы атқарған ауқымды жұмысына қарамастан, жаңа мақсаттар мен жаңа адамдар қажет. Өзгеріс көп күттірген жоқ. Мысалы, партияның атқарушы хатшысы болып Асхат Ораловтың тағайындалуында үлкен мән бар. Оның жасы қазақстандықтың орташа жасына сәйкес келеді. Бұл қадам Президенттің құрамды жаңарту мен саяси институтта жылдар бойы белең алған бюрократиясыз жаңа жолды қалыптастыруды көздейтінінен хабар береді.
Сонымен қатар 1 наурызда Amanat партиясының кезектен тыс съезінде айтылған Talqylau, «Өрлеу», «Қайсар», «Әлеумет», «Партиялық контент-фабрика», ТазаLike секілді жобалардың көпшілігі жастарға бағытталғанын, оларға мүмкіндік ашатынын көруге болады. Бұл жобалардың тартымды тұжырымдамасына қарамастан, олардың өңірлерде қалай жүзеге асатыны әлдеқайда маңызды.
Партия құрылымында да көп нәрсе өзгереді. Мысалы, съезде айтылған шешімдерге сай, бастауыш партия ұйымдардың жалпы саны 4500-ден төмендейтіні белгілі болды.
Қоғам мен сарапшылар бұл жаңалықты, партияның жаңғыруын жақсы қабылдағанын айта кету керек. Өзгеріс партияның атауы мен белгісіне ғана емес, саяси ұйымның құрылымына қатысты болатынын аңғардық. «Ашық партия» тұжырымдамасы мен Jas Otan жастар қанатының жаңа бағдарламасын күтеміз.
Бұл жағдайда ең маңызды мәселе, партия жұмысын, нақты тетіктерін өзгерту болып отыр. Қоғам соны күтеді. Сондай-ақ сайлау алдында берілген уәделерді сапалы әрі уақтылы орындауға ерекше назар аударылуға тиіс.
Дина АЙКЕНОВА,
PhD, саяси кеңесші