29 Наурыз, 2014

«Қазфосфаттың» өнімі әлемнің отызға жуық еліне экспортталады

864 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Интеграция-1 Елбасының: «Тараз қаласы – еліміздегі химия өнеркәсібінің отаны. Қаратау өңіріндегі фосфор рудасының бүгінгі нақтыланған көлемі 5-6 миллиард тонна болса, ал жалпы жобасы 15 миллиардты құрайды. Яғни, әлемдегі 4-орында тұрмыз. Кеңес Одағы кезінде фосфордың үштен бірін шығара­тынбыз. Соның бәрі тоқтап қалған. Сондықтан барлығымыз жабылып, Үкімет болып қаржы тартып, халық болып, бүкіл оңтүстік өңірінің жағдайын түзеу, елімізге көп пайда келтіру жағын ойластыру керек», деген сөзін жамбылдық химияшылар әлі ұмытқан жоқ. Бүгінгі таңда “Қа­ра­тау” мен “Шолақтау” тау-кен өң­деу кешендерін, “Минералдық ты­ңайт­қыштар” филиалы мен “Жаңа Жамбыл фосфор зауыты” секілді нысандардың басын біріктіріп отырған «Қазфосфат» ЖШС өңір экономикасын өрге сүйреген қуатты локомотив десе де болғандай. Бұрынғыдай емес, ол қа­зір фосфор кенін өндіруден бастап, оны өңдеу мен дайын өнім шығару, химия кәсіпорындары үшін осы өнімдерді сату жұ­мыстарымен де шұғылданады.Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңде зауыт жылына бар болғаны 5-6 мың тонна фосфор өндірсе, қазір жылына 100 мың тоннадан астам сары фосфор шикізатын экс­портқа шығарып отыр. Зауытта фосфориттерді сус­пензиялық-флотациялық ба­йы­ту фабрикасын салу жә­не жаңғырту және күкірт қышқылы цехын салу бойынша жобалар жүзеге асты. Бұл химия саласындағы кокс, кальциленген сода, күкірт қышқылы сияқты құрамдастар тапшылығы мәселесін шешуге және химия өндірісі көлемдерін арттыруға мүмкіндік берді. Еуропадағы ірі әріптестерінің бірі, чех елінің «Fosfa» a.s.» ат­ты компаниясымен бірлесіп, гек­саметафосфат натрийі мен тағамдық фосфат өндіретін цехты іске қосты. Бұл кәсіпорынның жалпы құны 500 миллион теңге болды. Гексаметафосфат өнімінің Еуропадағы қолданылу аясы өте кең. Ол суды химиялық өңдеуден бастап тағам өнеркәсібінде, құрамажемді дайындауда, тоқыма өнеркәсібінде, бояу өндірісінде, керамикалық өнеркәсіпте, таза­лағыш құралдарын өндіретін кәсіпорындарда кеңінен қолда­ны­лады. Демек, зауыт сары фосфор өндірумен ғана емес, сонымен бірге, жаңа өнімдерді Еуропа мен ТДМ елдеріне өткере бастады. Соның нәтижесінде бүгінде компанияның өнімі әлемнің 30-ға жуық мемлекетіне жөнелтілуде. Жоғарыда атап өткеніміздей, «Қазфосфат» ЖШС қолға алған болашағы мол жобаның бірі – өнімділігі жылына 600 мың тонналық жаңа күкірт қышқылы өндірісін салу. Бұл зауытқа өндірі­летін тыңайтқыштардың өзіндік құнын қадағалап отыру­ға, рынокта қалыптасқан бәсекелестік позициясын нығайтуға мүм­кіндік береді. Сонымен бір­ге, соңғы жылдар ішінде ком­пания өндіріске мынандай инвестициялық жобаларды енгізді. Атап айтсақ, олар: №№ 5 және 6 пештерде пеш газын кәдеге жарату жүйесі (ПГКЖЖ); тағамдық ортофосфор қышқылын шығаратын өндіріс; түйіршіктелген натрий үшполифосфатын шығаратын өндіріс; чехтың «Fosfa» a.s.» компаниясымен бірлесіп, натрий гексаметафосфатын шығаратын өндіріс; фосфор шламын кәдеге асыру; сары фосфорды зиянды органикалық қоспалардан тазарту сияқты болып жалғаса береді. Ал бұл жобалардың енгізілуі: фосфор өндірісі қалдықтарын молырақ пайдалануға; қала мен облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға; қуат рес­урстарын үнемдеуді қамтамасыз етуге; даяр өнімнің өзіндік құнын түсіруге; жаңа жұмыс орындарын ашуға; өнімді жоғарғы қосымша құнмен шығаруға; шығарылатын өнімнің өзіндік құнын түсіруге және шығарылатын өнім ассор­тименті мен өткеру рыногының аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Ол, тағы да қайталап айтамыз, Ресейден бастап әлемнің 30-ға жуық мемлекетімен экономикалық байланыс орнату­ға қол жеткізіп отыр. Компанияда өндірісті жетіл­діру мен қайта құрудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген. Тек 2010-2013 жылдар аралығында өндіріске 18,7 миллиард теңге инвестиция құйылған. Қазір келесі инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың кейбірін атап айтсақ: натрий үшполифосфатын өндіретін № 8 цехта ПГКЖЖ-ы мен № 7 және № 8 пештердің ПГКЖЖ-ын салу жұмыстары басталып кетті. Бұл табиғи газды үнемді пайдалануға және өңір­дің экологиялық ахуалын жақ­сартуға мүмкіндік береді. Аммофос цехының ЭФҚ-1 бөлім­шесін қайта құрудан өткізу­дің 1-кезеңінің жұмыстары да басталған. «НИУИФ» ААҚ-пен ЭФҚ-1 бөлімшесін жылдық өнімділігі 220 мың тонна Р2О5 боларлық етіп қайта құрып, жетілдіруге келісімшарт жасалған. Бұл осы бөлімше шығаратын өнімдік қышқылдан жылына 500 мың тонна аммофос өндіруге мүмкіндік береді. ЭФҚ-2 бөлімшесін, экстрактордың екі қорабын, екі таспалы сүзгіні қайта құрудан өткізу қолға алыныпты. Бұл аммофос өндіруді 1 миллион тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді, дейді мамандар. Зауытта нәрлілігі жоғары фосфаттар (түйіршіктелген ТКФ) шығару үшін азықтық фосфаттар өндірісі қайта құрудан өткізіле бас­тауы да қуантады. Бұл жоба өз кезегінде азықтық фосфаттарды сату көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Пеш газынан этанол алатын өндіріс те салынбақ. Бұл жоба қосымша құны жоғары өнім өндіруге және өңір экологиясын жақсартуға мүмкіндік беретіні анық. Бұл үшін мамандар Қытай және Жаңа Зеландиямен келіссөз жүргізген. Сынақ Қытай елінде өтпек. Сонымен бірге, СХЗ филиалында NPK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс салыну жоспарлануда. «Arvi fertis» фирмасымен бірлескен кәсіпорын құрудың ниеттік хаттамасына да қол қойылған. Ғимараттар мен құрал-жабдықтарды техникалық аудиттен өткізу аяқталыпты. Үшхлорлы фосфор өндірісі жобасымен «Ланксесс» компаниясы айналысуда екен. Бұл ел көлемінде орын алып отырған үшхлорлы фосфорға деген зәрулік мәселесін шешуге, өндірісті дифференциялауға, жаңа өнім түрлерін шығаруға, фосфоры бар өнім ассортименттерін өсіріп, көбейтуге жол ашады. Бескүкіртті фосфор өндірісі де жобаланып отыр. Онымен «CL» компаниясы айналыса бастаған. Бұл өткеру рыногын кеңейтіп, шығарылатын өнім ассортиментін көбейтуге, елдегі импорттық орынды өсіре түсуге мүмкіндік тудырады. Фосфор өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу арқылы NPK, NPSK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс те қолға алынбақшы. Фосфор өндірісі қалдықтарын (коттрельді-сүттікті) қайта өңдеу арқылы азотты-фосфорлы-калий тыңайтқыштарын (NPK) өндіретін жобаның өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі сараптау бағасы алынған. Кен байыту фабрикасы да салынбақ. «Көкжон» кеніші­нің карбонат іспетті фосфор кен­дерін байытудың прин­цип­тік технологиялық нобайы бекі­тіл­ді. Бекітілген нобай бо­йын­­ша флотациялық байыту фабрикасының 1-кезектегі құ­рылысын салуға шешім қабыл­даныпты. Қаратау фосфор кен­дерін байытудың да ТЭН-і жасалыпты. «Ақ» қышқыл өндіретін (тазартылған ЭФҚ) заманауи өнд­і­ріс те қолға алынбақшы. Та­раз қаласындағы «Минералды ты­ңайтқыштар» филиалында өнімділігі жылына 120 мың тонна Р2О5 боларлық «Ақ» қышқыл шығаратын өндіріс салу жөнінде «CL» компаниясымен келіссөздер жүргізілген. Міне, зауыттағы осындай үлкен жобалар «Қазфосфаттың» адымын ашып, өнімдерін алдағы уақытта өзге елдерге, яғни әлемнің 30-ға жуық мемлекетіне экспорттауға кең мүмкіндік туғызып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.