29 Наурыз, 2014

Байланыстар байламы жоғары

267 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
004-1Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы  Төтенше және өкілетті елшісі Ерғали БӨЛЕГЕНОВПЕН әңгіме – Ерғали Бөлегенұлы, қазіргі уақытта Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар бірегей одақтастардың байланыстары деп аталып жүр. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, Қазақстан-Беларусь қатынастарын осылайша атаудың мәні неде? – Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар тұрақты түрде даму үстінде, әрдайым жаңа мазмұнға толып келеді. Қарым-қатынастарға қандай да болмасын саяси немесе экономикалық мәселелердің ауыртпалығы түсіп жатқан жоқ. Осы уақытқа дейін шамамен 80 құжаттан құралған едәуір жетілдірілген келісімдік-құқықтық база қалыптасты. Олардың ішіндегі ең маңыздысы 1996 жылғы 17 қаңтарда қабылданған Достық пен ынтымақтастық туралы шарт болып табылады. Аталған құжат барлық бағыттардағы ынтымақтастықты реттеуге жол ашып отыр. Біздің достық қарым-қатынастары­мыздың түбірінде шынайы тарихи негіз жатыр. Әр уақытта тығыз экономикалық, мәдени-гу­ма­ни­тарлық және басқа да байланыс­тарымыз болған еді. Қазақстандағы шама­мен 100 мың адамнан құралған белорус диаспорасын аталған байланыстардың «шынайы көпірі» десек, қателеспейміз. Беларусьте Ұлы Отан соғысы кезінде елді фашистік басқыншылардан босатуға үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі жоғары бағаланады. Қазіргі қарым-қатынастардың одақтастар сипатын екі елдің мемлекет басшыларының саяси еріктерінің заңды нәтижесі деген жөн. Олар тығыз, өзара сенімді саяси үнқа­ты­суды бекіте білді, бірлескен ірі жобалар­ды жүзеге асыруға іс-әрекет еркіндігін берді. Пре­зиденттер Н.Назарбаев және А.Лука­шен­ко жыл сайын өзара екіжақты сапарларды өткізіп отырады. Сонымен қатар, тұрақты негізде екі елдің Үкімет, Парламент басшыларының, министрліктер мен ведомстволар жетекшілерінің, ұлттық компаниялар өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, байланыстар өте қарқынды, ал ең бастысы – олардың жемісі қомақты. Әрине, Қазақстан мен Беларусьтің ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және ТМД сияқты инте­г­рац­иялық бірлестіктерге қатысуының маңызы үлкен. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы елдері­міздің қарым-қатынастарын сапалы жаңа стратегиялық деңгейге көтерген қадам бол­ды. Осының арқасында аймақтық мәсе­ле­лерді шешумен қатар, бірінші кезекте БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде тығыз ықпалдастық жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл бағыттағы ынтымақтастық аса тиімді ретке келтірілген, себебі, өзекті халықаралық күн тәртібі бойынша елдеріміздің ұстанымдары бір-біріне сай келеді. – Сәл шегініс жасасақ, Қазақстан Пре­зи­дентінің 2012 жылдың мамыр айындағы Беларуське сапары барысында мемлекет басшылары шамамен 1 млрд. АҚШ долларына жеткен тауар айналымы қолда бар әлеуетке сай келмейтіндігі туралы пікір білдірді. Бұл көрсеткіштің артуына қандай салалар ықпал ете алады, өсімнің жаңа мүмкіндіктері қайда жатыр? – Біз бүгінгі таңда мемлекет басшылары­ның екі ел арасындағы тауар айналымын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аталған бағыттағы жұмыстарға оң септігін тигізіп отыр. Қазір Қазақстанда «БелАЗ», «МТЗ», «Гомсельмаш» және басқа да 12 бірлескен құрастыру өндірістері жұмыс жасауда, біздің республикамызда қолданысы әртүрлі мақсаттарға арналған беларусьтік машина жасау және ауылшаруашылық техникаларын шығару жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Осы орайда, аталған жобаларда қазақстандық мазмұндағы үлестің тоқтаусыз өсімі байқалып отыр. Жалпы есептегенде, 60 шақты жоба жүзеге асырылуда. Әрине, тауар айналымын күрт арттыру үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан жаңа ірі серпінді жобаларды жүзеге асыра бастау маңызды. Осы ретте, елдеріміздің табиғи-географиялық басымдылықтарын қолдану шарт. Мәселен, Беларусь Қазақстанның Еуропаға «батыс қақпасы» болса, Қазақстан Беларусь үшін өнімді Қытай мен Оңтүстік Азияға ілгерілетудің тірек алаңы бола алады. Бұл мәселе бойынша елдеріміз арасында толық келісім бар. Бұл бағытта әңгіме қозғасақ, қазақстан­дық тараптың Беларусьтің бірқатар өнер­кә­сіп нысандарын жекешелендіру үдеріс­теріне қатысуы, осы жерде өткізу терминалдарының құрылысы, сондай-ақ, Беларусь тарапының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін­де толыққанды қатысу мүмкіндігі жөнін­де консультациялар жүргізілген. Ын­ты­мақ­тастықтың өзге де перспективалы ба­ғыт­­тары бар, оның ішінде, IT-технологиялар саласы, телебайланыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, т.б. бағыттарды атаған жөн. Жал­пы, асырып айтпағанның өзінде екіжақты ын­тымақтастықтың әлеуеті зор. – Кеден одағы мен Біртұтас экономи­калық кеңістіктің құрылуы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қандай серпін берді? – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы Қазақстан мен Беларусь­тің арасындағы сыртқы сауда айналымы көрсеткіштеріне жағымды ықпал етті. Сонымен бірге, Қазақстан мен Беларусь әзірге дәстүрлі түрде Ресейге қарай бет бұрып отыр. Бұл – заңдылық. Дегенмен, Біртұтас экономикалық кеңістіктің барлық тетіктерінің іске қосылу қарқынына қарай Қазақстан мен Беларусь арасында ынтымақтастықты едәуір арттырудың қосымша мүмкіндіктері пайда болатыны сөзсіз. Екі елдің кәсіпкерлері бірыңғай тәртіп пен ашық ережелер бойынша, белгілі тарифтермен жұмыс істейтін болады. Бұл, кәсіпкерлерге әрекеттестіктің жаңа түрлерін табумен қатар, Біртұтас эконо­микалық кеңістіктің ортақ нарығында өздерін әлдеқайда сенімді сезінуге мүмкіндік береді. – Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық өзекті болып табылады. Бұл бағытта не жасалуда? – Беларусь – дәстүрлі түрде іргелі ғылыми-зерттеулер саласында мықты ел. Соңғы жылдары ғылым мен өндірістің тікелей байланысын қамтамасыз етуге көңіл аударылды, нәтижесінде коммерциялық табыстарға қол жеткізілді. Жекелеген әлемдік ноу-хаулар нақ осы беларусьтік мамандардың үлесіне тиесілі. Өз кезегінде Қазақстанда да аталған салаға әрдайым үлкен мән беріліп келеді, оның дамуына қомақты қаражат инвестицияланып жүр. Елдеріміз бір-бірінен көп нәрсеге үйрене алады. Осыған байланысты Қазақстан Респуб­ли­касы мен Беларусь Республикасы­ның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми-білім беру бірлестігі құрылды. 2012-2013 жылдарға арналған Ғылыми-техникалық ынтымақтастық бағдарламасына 38 жоба енген болатын. Ғылыми-техникалық ын­тымақтастық жө­нін­дегі Қазақстан-Беларусь комиссия­сы жұмыс істейді. Бір сөз­бен айтқанда, ынтымақтастықтың бар­лық қа­жетті тетіктері іске қосылған, бар қал­ғаны – ынталандыру және нәтиже алу. Менің пі­кірімше, олардың ішінде бір­лес­кен кәсіпорындар құру, ғылымның әр­түр­лі салаларында бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу, озық технология­ларды ендіру болуы керек. – Ерғали Бөлегенұлы, интеграциялық үдерістер елдерімізді барған сайын жақындата түсуде. Бұл идеяның бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Қазақстан басшысының интеграциялық бастамаларына ешбір балама жоқ екені тағы аян. Ал белорустардың аталған үдерістерге көзқарастары қандай? – Бірінші кезекте, посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің дамуын тек саяси орталарда ғана емес, жалпы беларусьтік қоғамда құптайтынын және қолдайтынын атап айтқым келеді. Беларусь ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, КО және БЭК бірлестіктерінің белсенді мүшесі болып табылады. Бұдан бөлек, Ресеймен бірлесіп, одақ құрған. Интеграция – Беларусьтің географиялық, геосаяси, тарихи және басқа да факторларға негізделген саналы таңдауы. Сондай-ақ, бірлестік елдеріміздің экономикаларының бірін-бірі толықтыру қасиетіне және кәсіп­орындар арасындағы тығыз коопера­ция­лық байланыстарға негізделген. Сонымен қатар, Беларусьте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамалары жоғары бағаланады және олардың тереңдігі мен өзектілігі ерекше аталады. Бұл, әсіресе, Елбасының 1994 жылы жариялаған еуразиялық идеясына қатысты. Белорустардың өзіндік ерекше діліне байланысты аталған идея оларға жағымды әсер қалдырды. Беларусь посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамытудың бірізді жақтаушысы болып қала беретініне сенімдімін. – Әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуда мәдени-гуманитарлық байланыстардың мәні зор. Аталған салада біршама қызықты жобалардың жүзеге асырылып жатқандығы мәлім. Сол жобалар туралы айтып берсеңіз. – Бұл сұраққа жоғарыда жауап берген едім, сол себепті бірнеше нақты жобаларға тоқталып өтейін. Едәуір үлкен жұмыс атқарылып жатқандығы рас. Оларды жүзеге асыру көп қиындық туғызбауы тиіс, себебі, аталған бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға екі жақтан да толық өзара түсінушілік пен ұмтылыс бар. Мәселен, 2009 және 2010 жылдары сәйкесінше Қазақстан мен Беларусьтің Мәдениет күндері өтті. 2009 жылы Минск қаласында М.Әуезовтің барельефін орнатудың салтанатты рәсімі болып, М.Әуезов көшесі бойында орналасқан №143 орта мектепке қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің аты берілді. Осы мектепте М.Әуезовке арналған мұражай бар, жыл сайын оқушылардың Қазақстан тарихын білу деңгейін тексеретін сайыстар өткізіледі. Бұл Мұхтар Омарханұлының Минскідегі өзіндік бір бұрышы десек болады. Біздің ортақ тарихымызда Ұлы Отан соғысының қаралы беттері ерекше орын алады. Қазақстандықтардың Беларусьті жаудан азат етуге қатысқаны баршаға мәлім. Бұл жерде қаза тапқандар да аз емес. Олардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін елшілік Беларусь тарапымен бірлесіп, іздеу жұмыстарын жүргізуді жалғастырып келеді. 2011 жылы елшілік естелік-кітаптың екінші бөлімін басып шығарды, кітапқа осы жерде көз жұмған тағы да 2 мың жерлесіміздің аттары енді. Көптеген жылдар өткеннен кейін қазақстандықтар бауырлас Беларусьте өздерінің жақын туыстарымен қоштасуға мүмкіндік алды. Минск қаласында танымал қазақстан­дық жазушылар мен ақындардың шығар­машылығына арналған әдеби кештер өтеді. 2011 жылы белорус тілінде Абай Құнанбаевтың кітабы жарық көрді. Бұрнағы жылы Белоруссия ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы ашылды. Артынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Белорус тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы ашылады. Бұл мәдени-гуманитарлық салада жүзеге асырылған жобалардың бір парасы ғана. – Әңгімеңізге рахмет. Екі ел арасын жақындастыру бағытындағы жұмыстарыңыз табысты болсын. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Беларусь