Пікір • 04 Наурыз, 2022

Биік мінбердегі мерейлі мезет

15264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғанына отыз жыл толды. Бұл – еліміздің дүниежүзіне тәуелсіз мемлекет ретінде танылып, биік мінберде терезесі тең мүше ретінде мойындалған мерейлі мезеті. Осыған орай БҰҰ арнайы Декларация жариялап, біздің ынтымақтастығымызға жоғары баға берді.

Еліміздің 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында мүшелікке қабылданғаны белгілі. Содан бері қазақ жерінде БҰҰ жүйесі бағдарламаларының өкілдіктері ашылды. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған еліміз терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексіне бастамашы болды. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде БҰҰ деңгейіндегі мереке есебінде аталып өтуінің маңыздылығын да атап өткен жөн. Бұл шешім 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында қабылданды. Бертінде БҰҰ кеңсесінің Ауғанстаннан Алматыға көшірілуі де елімізге салмақты сенім жүктегені анық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы сөз болғанда, әлбетте БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Женевадағы бөлімнің Бас директоры лауазымды қызметтерін атқарған Мемлекет басшысының беделі туралы айтпай кету мүмкін емес. 

Әрине, БҰҰ туралы көп айтуға, тіпті сынауға болады. Қазіргідей дүние дүрбелеңге түскен тағдыршешті сын сағатта ұйымның қауқарсыздығы адамзатты алаңдатпай қоймайды. Сондықтан оны реформалау қажеттігі туралы да көптен бері күн тәртібінен түспей келеді. Әйтсе де, әсіресе Ресей-Украина дағдарысы аясында біз Жер шарында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін бұл ұйымның жеткіліксіз де болса, маңыздылығына тағы бір рет көз жеткіздік.

Таяуда Қазақстан Президенті Nur Otan партиясының (қазіргі Amanat) кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде «дағдарысты халықаралық құқық аясында танылған БҰҰ Жарғысы негізінде ғана шешуге болады» деп өз ұстанымын нақты білдірді. Дәл осы күні Қ.Тоқаев өзінің Twitter парақшасында: «30 жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Біз ұйыммен жаһандық қауіпсіздік және үйлесімді қоғам құру мәселелерінде жемісті ынтымақтастықтамыз. Саяси шиеленістің үдей түсуі жағдайында біз БҰҰ-ның күшеюін және оның ұйыстырушы рөлін қолдаймыз», деп жазды.

Бұл – Қазақстан Президентінің жаһан жұртшылығын алаңдатып отырған түйткілді жайт бойынша бейтарап бітімгер жолын ұстанатынын байқатты. Расында, солай болды да. Мемлекет басшысы әуелі Ресей Президенті В.Путинмен, кейін іле-шала Украина Президенті В.Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, гуманитарлық  мәселелерді талқылады. Бұған дейін де әлем алдында өзін байыпты әрі сенімді серіктес ретінде таныта білген Қазақстанның бұл бітімгерлігі әділ және білікті төреші ретінде бағаланды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, бірқатар ой түйіндеуге болады:

Біріншіден, біз шекарамызды дер кезінде шегендеп, бүкіл өлшемдер бойынша көршілерімізбен сенімді әрі «татукөршілік» құру сынды жаһандық жетістіктерімізді айрықша қадірлеуіміз қажет.

Екіншіден, сол кездегі елорданы сол­түстікке көшіріп, Сарыарқаның төріне жаңа қала салудың ел тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін қаншалықты маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім екенін көреміз.

Үшіншіден, төңірегіміздегі қанды қырғыннан сабақ алатын маңызды мәселенің бірі – кез келген «халықаралық қауіпсіздік кепілдігі» деген ұғымның елес болып қалу қаупі. Мұны «Будапешт меморандумы» сынды бір кездегі құнды құжаттың іске алғысыз болып қалуынан да анық байқауға болады. Бұдан «өз-өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деген халық даналығында айтылғандай, әркім өз етек-жеңін жинап, қауіпсіздігін өз қолына алу керек деген ащы да болса ақиқат түйін шығады. Осыған байланысты теңдіктің таразысы болып, әлемдік әділетті күзеткенде, әлсізді әлдіге жығып бермегенде ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі биіктейтіні анық. Қалай дегенде, «жалғыздың үні шықпайтын» қазіргі заманда білекке емес, бітімге шақыратын БҰҰ мен халықаралық институттардың маңызы күн сайын артып келе жатқанын, сондықтан оны жетілдіре түсу қажеттігін тағы бір рет байқадық. Халықаралық келісім мен үйлесімге иек артқан, кеңдік пен теңдікті қатар ұстанған еліміздің бітімгерлік болмысы бейбітшілікті қалайды.