Күрес • 03 Наурыз, 2022

Жеңісті жол жалғасын тапса игі

495 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кезінде КСРО халықтары спартакиадасы деп аталатын дүбірлі дода төрт жылда бір ұйымдастырылып тұратын. Сол арқылы бұрынғы одақтас 15 рес­публикада осы сала қалай дамып жатқанын анық аңғаруға болатын. Кеңес Одағының боданында болған мемлекеттердің барлығы да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тәуелсіздік алып, халықаралық жарыстарға дербес команда ретінде қатыса бастады. Содан бері зымырап 30 жыл өте шықты.

Жеңісті жол жалғасын тапса игі

Сол уақыт аралығында біздің және бауырлас елдердің қол жеткізген табыс­тары қандай? Өз отанында олар қай спорт түрін өркендете алды? Керісінше, қайсысы тұралап қалды? Дәл осы сауал­дарға тұ­щымды жауап алу үшін соңғы 30 жылда өткен Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының нәтижелеріне зер салғанымыз жөн. Бүгін біз грек-рим кү­ресінің жай-күйін талқылаймыз.

Бұрынғы классикалық, қазіргі грек-рим күресінде Қазақстанда жеңіспен өрілген тамаша дәстүрдің барын егде тартқан жанкүйерлер жақсы біледі. 1956-1991 жылдар аралығында КСРО халықтары спартакиадасының жалауы 10 мәрте желбіреді. Аталған жарыс­та алғашқы жүлдеге Анатолий Ко­лесов қол жеткізді. 78 кило салмақ дәре­­же­сінде белдескен жерлесіміз 1959 жылы Мәскеуде өткен бәсекеде бас жүлдені олжалады. 1967 жылы Ана­толий Быков күміс алса, Ильдар Гафаров қолаға қол созды. 1971 жылы Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тек Ресей мен Грузиядан қалып қойып, үшінші орынға көтерілді. Сол дүбірлі додада Антолий Назаренко мен Валерий Резанцев дара талантымен оқшауланса, Валерий Хомутский қолаға қол созды.

1975 жылы жоғарыдағы табыстың кездейсоқ еместігін тайға таңба басқан­дай етіп дәлелдедік. Алматы төрінде жалауы желбіреген жарыста 5 алтын және 1 қола медальді қоржынға салған жерлестеріміз жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Алатау баурайында Жақсылық Үшкем­піров, Василий Гримайло, Анатолий Быков, Анатолий Назаренко және Валерий Резанцев қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Князь Ахмедов үшінші орынды иеленді.

1979 жылы үш отандасымыз жүл­дегерлер санатынан көрінсе, 1986 жылы екі спортшымыз дәл сол межеге жетті. Ал 1991 жылы Запорожьеде ұйымдастырылған соңғы спартакиадада 3 алтын мен 2 күмісті еншілеп, жалпы есепте екінші орынға табан тіредік. Алдымызда – Ресей құрамасы. Біздің жігіттер арасынан Есенкелді Батырғарин, Бисольт Дециев және Дәулет Тұрлыханов топ жарса, Бақтияр Байсейітов пен Сергей Матвиенко ақтық сында жеңіліс тапты.

Кеңес Одағы күйрегеннен кейін алғашқы 10 жыл аралығында Қазақ­станның грек-рим күресі шеберлері халықаралық аренада толағай табыстарға қол жеткізді. Даңқты Дәулет Тұрлыханов бас бапкер болып тұрған тұста Атланта Олимпиадасында алтын алдық, әлем чемпионаттарында бес мәрте әнұранымыз шырқалды. Тіпті жалпы есепте Жер-жаһандағы ең үздік командалар санатына да қосылдық. ХХІ ғасырда бас жүлдеге қолымыз жетпегенімен, көптеген балуанымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Әлем чемпионатында жеңіп алған медальдардың саны бойынша бұрынғы «бауырлас» республикалар арасында бесінші орындамыз. Көш басында – Ресей. Көршілес елдің 101 жүлдесі бар. Оның 45-і – алтын, 27-сі – күміс және 29-ы – қола. Қазақстанның қоржыны 27 жүлдемен толықты. Оның 5-еуі – алтын, 8-і – күміс және 14-і – қола. Сондай-ақ Армения, Әзербайжан және Грузия бізден озып тұр.

Қазақстаннан шыққан әлем чемпиондары мен жүлдегерлері: Алтын – Юрий Мельниченко (1994, 1997), Бақтияр Байсейітов (1998) және Мкхитар Манукян (1998, 1999). Күміс – Дәулет Тұрлыханов (1993), Бақтияр Байсейітов (1995), Юрий Мельниченко (1995, 1999), Алмат Кебісбаев (2011), Мейрамбек Айнағұлов (2017), Демеу Жадыраев (2017) және Қорлан Жақанша (2019). Қола – Георгий Цурцумия (2003), Ермек Көкетов (2005), Нұрбақыт Теңізбаев (2009), Нұрмахан Тынәлиев (2010, 2011, 2013), Алмат Кебісбаев (2010, 2015, 2019, 2021) Досжан Қартықов (2015), Мейір­жан Шермаханбет (2018), Айдос Сұлтанғали (2018) және Мейрамбек Айнағұлов (2019).

Әлем чемпионаттарының нәтижесі

(1993-2021 жылдар аралығы)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

45

27

29

101

2.

Армения

8

9

9

26

3.

Әзірбайжан

7

8

13

28

4.

Грузия

6

5

17

28

5.

Қазақстан

5

8

14

27

6.

Украина

4

5

11

20

7.

Беларусь

2

8

7

17

8.

Эстония

2

1

2

5

9.

Өзбекстан

1

4

5

10

10.

Молдова

1

4

0

5

11.

Қырғызстан

0

3

2

5

12.

Литва

0

1

3

4

13.

Түркіменстан

0

1

0

1

14-15.

Латвия

0

0

0

0

14-15.

Тәжікстан

0

0

0

0

Олимпия ойындарына да Ресейдің үс­темдігі еш талас туғызбайды. Бұл елдің балуандары барлығы 25 (13+3+9) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ресейліктер арасынан Александр Карелин, Вартерес Самургашев, Мурат Карданов, Алексей Мишин, Хасан Бароев, Назир Манкиев, Ислам-бек Альбиев, Асланбек Хуштов, Роман Власов (екі рет), Алан Хугаев, Давид Чекветадзе және Муса Евлоев «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді. Дәл сол белес армениялық Армен Назарян мен Артур Алексанян, қазақстандық Юрий Мельниченко, украиналық Вяче­с­лав Олейников пен Жан Беленюк, әзер­бай­жандық Фарид Мансуров, өзбекс­тандық Александр Доктуришвили және гру­зиялық Манучар Квирквелияға бағынды.

Олимпия ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздіктер тізімінде алтыншы орынды иеленуде. 1996 жылы Атлантадағы додада Юрий Мельниченко бас жүлдені олжалағаннан кейін Қазақ елінің балуаны бірде-бір рет әнұранымызды шырқата алмады. Арада сегіз жыл өткен соң Афинада Георгий Цурцумия ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ шешуші тұста Хасан Бароевқа есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Сол жарыста Мкхитар Манукян қола алды. 2008 жылы Бейжіңде Нұрбақыт Теңізбаев үшінші орынға тұрақтаған еді, алайда екінші сатыға жайғасқан әзербайжандық Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны анықталып, қандасымызға күміс медаль тапсырылды.

Соңғы рет 2012 жылы Лондонда Да­ниял Гаджиев қолаға қол созды. Одан кейін 2016 жылы Рио және 2021 жылы Токио Олимпиадаларынан қоржынымыз бос қайтты. Дәл сондай жағдайды ғасыр­лар тоғысында алауы тұтанған Сид­ней­дегі додада да басымыздан кешірген едік. Әрине, Қазақстан секілді спорттың дамуы­на барынша жағдай жасалып отырған мемлекет үшін жеті Олимпия ойындарында небәрі бес жүлде алуымыз аздық ететіні сөзсіз. Бұрынғы «бауырлас» республикалар арасында отандастарымыз Ресейден бөлек, Армения, Украина, Грузия және Әзербайжанның балуандарынан да қалып қойды.

Бір қуантарлығы, жырақта жүрген қандастарымыздың арасында да өздерінің мықтылығын мойындатқан азаматтар жоқ емес. Мәселен, Өзбекстанның намысын қорғаған грек-рим күресінің хас ше­бері Елмұрат Тасмұратов Рио Олим­пиадасында қола медальді қанжығасына байласа, үш бірдей әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қытайда туып-өскен Уәлихан Серікұлының қор­жынында Токио Олимпиадасы мен Буда­пешттегі дү­ниежүзілік доданың қола медальдары бар.

Олимпия ойындарының нәтижесі

(1996-2021 жылдар аралығы)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

13

3

9

25

2.

Армения

2

3

3

8

3.

Украина

2

3

2

7

4-5

Грузия

1

2

4

7

4-5.

Әзірбайжан

1

2

4

7

6.

Қазақстан

1

2

2

5

7.

Өзбекстан

1

0

1

2

8.

Беларусь

0

2

5

7

9.

Қырғызстан

0

1

2

3

10.

Литва

0

1

1

2

11.

Эстония

0

1

0

1

12.

Молдова

0

0

1

1

13-15

Түркіменстан

0

0

0

0

13-15

Латвия

0

0

0

0

13-15.

Тәжікстан

0

0

0

0

Сонымен кезінде Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алпауыт мемлекеттің үздігі атанып, КСРО-ның соңғы спартакиадасында екінші орынды олжалаған Қазақстан құрамасы соңғы жылдары өзгелерді айтпағанда, бұрынғы «бауырлас» республикалар арасында да мықтылар санатына қосыла алмай жүр. Әлем чемпионаттарының нәтижесі бойынша бесінші орынға тұрақтасақ, Олимпия ойындарының қорытынды есебінде алтыншы сатыға табан тіредік. Бұл жағдай осы спорт түрінің тізгінін ұстаған азаматтарға ой салуға тиіс. Біздің грек-рим күресі шеберлерінің тұғыры бү­гінгіден әлдеқайда биік болуға тиіс еді...