Өзіміз бетіне күйе жағып шығарып салған социализм кезеңіндегі баспасөзде халық қалаулылары – депутаттарға арналған «Аманатқа адал бол» деген айдар бар еді. Сол айдармен жарияланған материалдарда әр депутаттың атқарған ісі мен жеке адамға жасаған қамқорлығы туралы айтылатын.
Енді Nur Otan партиясының атауы Amanat болып өзгерді.
Әлеуметтік желіде осы атау Otan боп қала беруі керек еді деген пікірталас өрбуде. Ежелгі қоңсымыз – орыстар «Родинаның» алдына сөз қойған жоқ, біз ғана Отанның алдына түсіп кеттік. Олар «Родина-Мать» деп Ананы Отаннан кейін қойды. 1905 жылы шыққан М.Горькийдің «Ана» повесінде тұңғыш рет «Жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етеді!» деген сөйлем жазылды. Осы талап орындалып, қоғам осы күнге дейін 8 сағаттық жұмыс күніне ауысты. Әр партияның өтпелі емес, өмірлік бағдарламасы болу керек. Мәселен, «Ауыл» партиясының талабы орындалып жатыр ма? Партия қоғамымызға өзгеріс енгізуге ынталы ма? Онда неге ауыл шаруашылығы құлдырап кетті?
Аманат − символдық ұғым. Әкенің балаға аманаты – әкеден оқ бойы озық болу, генерал Панфиловтың 28 гвардияшыларға аманаты – Мәскеуді қорғап қалу. Қазақстандық панфиловшылар сол аманатты орындады. Ал ұрпақтары тіл мен жерді сақтап қалу деген аманат үшін жанталасып жүр.
Аманат – тарихи ұғым. Бұл – аузына қымыз тамызып жатқан батырдың соңғы сөзі, тіпті шежіре шерткен кітаптардың атауы да – аманат. Болсын дейік. Бірақ сол аманат жерде қалмасын. Мына «Аманатты» естігенде белді бекем буып, ерге қайта қонып, жауға аттандай шапқан әсердемін. Солай-ақ болсын. Тек қолды таза ұстап, адамзатты алаламай, жаңа іске кадр таңдауда аманатқа адал болу керек. Партия болашағы – халықтың болашағы. Бізде білімі терең, бірақ жолы қысқа боп жүрген жігіттер жетерлік. Партия осындай болашаққа жасыл бағдаршам боп жануы керек.
Тарихшы Әлкей Марғұлан, геолог Қаныш Сәтбаев, диқан Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуанышбаевтың аманатын жерде қалдырмайық. Аманат – орындалуымен құнды.
Қуандық Түменбай,
жазушы