30 Наурыз, 2014

«Astana Arlans» қонақта «Team Germany» командасын ұтты

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

0-box-astana-arlans-30-03-14-1

Наурыздың 29-нан 30-на қараған түні Германияда «Team Germany» - «Astana Arlans» командалары арасында WSB сериясының ширек финалдық бірінші плей-офф матчы өтіп, біздің жасақ 3:2 есебімен ұтты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Рингке бірінші болып 49 килоға дейінгі біздің Теміртас Жүсіпов пен алаң иелерін құрамындағы румын легионері Овидиу Берчану көтерілді. Жекпе-жек қазақстандық спортшының басымдығымен өтті. Есеп – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45). Ал 56 килоға дейінгі салмақтағы шайқасты жұрттың бәрі асыға күтті. Себебі, немістер жасағы сапындағы ирланд боксшысы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Майкл Конлан шығатын еді. Оның қазақстандық Мейірболат Тойытовпен айқасы шынында қызықты болып шықты. Бірақ тәжірибесі мен атағы көп британиялық боксшы біздің бірде-бір атағы жоқ, тіпті Қазақстан чемпионатында жүлдегер де болып көрмеген жігітімізді 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) етіп еркін ұтты. Осылай командалық есеп теңесті. Біздің саңлақтар үшінші шайқаста та жол беріп қойды. Атап айтқанда, 64 килодағы Асхат германиялықтар намысын қорғаған армян легионері Артем Арутюняннан ұтылды – 0:3 (46:49, 47:48, 46:49). Есесіне, төртінші жекпе-жекте осы кездесудегі Қазақстан командасы құрамындағы жалғыз легионер – украин Сергей Деревянченко немістердің румын легионері Денисом Робертом Радованом айқын басымдықпен тізе бүктіріп, жалпы есепті теңестірді. Ол 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) есебімен басым түсті. Сондықтан бәрін 91 килоға дейінгі Артур Манн мен Василий Левиттің кездесуі шешті. Қуаныштысы, Вася осы жауапкершілікті жақсы сезініп, германиялықтар командасындағы жалғыз неміс жігітін 3:0 (50:44, 50:45, 50:45) етіп ұтып шықты. Сөйтіп, бірінші ширек финалда астаналықтар 3:2 есебімен ұтып кетті. Екінші, қарымта кездесу 5 сәуір күні Алматыда өтеді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sports.kz.