Есімі аңызға айналған тұлғаның қазақтың ән өнері мен руханиятына сіңірген еңбегі ересен. Әсіресе, майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүріп салған әні соғысқа қатысқан талай сарбаздың жанына жігер сыйлап, жеңіске деген қадамды жақындатуға септескені анық. Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Іңкәрім», «Әдемі-ау», «Ақ тамақ», «Ақсұңқарым». «Ах, Самара, городок» әндері әншінің әсем даусымен бірге халықтың жанына берік орнығып, ел жүрегінде мәңгілік жатталған.
– Халқының ерке қызы Роза Бағланова – бұл тұтас бір дәуірдің ұлттық нышаны. Ол әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, халықаралық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің біразымен жеке таныс болды, Қазақстан композиторларының шығармашылығы мен қазақ халық әндерін әйгілеу мен дамытуға үлкен үлес қосты. Роза Бағланованың майдан даласында мерейін үстем еткен концерттері оның өмірбаянының өте елеулі кезеңдері болды. 1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, алайда соғыс басталып, өнерлі жас майданға аттанды және әртістер бригадасының құрамында сарбаздардың алдында тура алдыңғы шепте өнер көрсетті, Берлинде Жеңіс концертіне қатысты, – деді «Астана Опера» театры опера труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкештілігі мен қайсарлығы үшін Роза Бағланова «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін ол үлкен сахнаға бүкіл халыққа даңқы шыққан ең атақты әншілердің бірі болып оралды, КСРО-да көпшілікті мойындатқан тұңғыш қазақ әртісі болды. Роза Бағланованың шығармашылық жолы қазір де «Астана Опера» театрының жас солистері мен қалыптасқан сахна шеберлеріне жаңа жетістіктерге бағыт беріп келеді.
– Өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған Роза Бағланова шетелге сан мәрте гастрольмен барған, концерттермен 54 елде болған. Оның дарынының жан-жақтылығы ерекше таңданыс туғызады. Атап айтсақ, әнші ретіндегі белсенді қызметінен бөлек, Роза Тәжібайқызы өзін кинода да сынап көрген, сондай-ақ қазақ тіліндегі өмірбаяндық кітаптың авторы атанды, – деді театрдың музыкалық кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Раушан Бескемпирова.
Роза Бағланованың қайталанбас әншілік дарынын барша қазақ елі біледі, құрметтейді. Қай кезде де халық оны жоғары бағалады, кеңестік заманда да, егемендік жылдарында да ол ең жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл «Халық Қаһарманы», төрт дүркін – түрлі елдердің Халық әртісі, ең жоғары ордендер, медальдар мен сыйлықтар, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің дипломдары мен жүлделері. Ұлы әнші жайлы көптеген кітап жазылып, поэтикалық шығармалар өмірге келді, фильмдер түсіріліп, оның есімі «Кімнің кім екені» ағылшын-америкалық энциклопедиясының әлем әйелдері жайлы алғашқы санына енді. Сондай-ақ былтыр елорда төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залына Роза Бағланованың есімі беріліп, «Хабар» арнасы әншінің өмірі жолы мен шығармашылығына арнап «Бұлбұл» атты телехикая түсірді.
– Осынау ержүрек тұлғаның өнер мен руханиятқа сіңірген орасан зор еңбегін тізіп шығу қиын. Әншінің шығармашылық жолы – классикалық, сондай-ақ заманауи жанр әртістері үшін шабыт көзі мен өнеге болып табылады. 30 наурыздағы көктем кешінде «Астана Опера» театрының солистері Роза Тәжібайқызының ауқымды репертуарынан шығармалар орындап, ұлттық музыкалық өнер аңызына құрмет көрсетеді, – деп әнші есімін ұлықтауға арналған кештің жалпы мазмұны мен маңызына тоқталған Азамат Жылтыркөзов Роза Бағланованың ән өнеріндегі қалдырған ізінің ерек, жас өнерпаздарға берер өнеге-тағылымының мол екенін баса айтты.
Көктем мезгілін көркем күйге бөлейтін «Астана Операдағы» керемет кештер легі мұнымен шектелмейді. Наурыз айында сонымен қатар К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында ересектер мен ең жас тыңдармандарды «Мәңгі өшпес Амадеус» жаңа концерттік топтамасының премьерасы мен Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді.
«Моцарт Forever» концерті аясында алғашқы кеште Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен театрдың Камералық оркестрі мен солистер – скрипкашы Әнел Шәкірова мен альтшы Ахмет Сұлтанов – елорда тұрғындары мен қонақтарына аустриялық ұлы сазгердің Оркестр және скрипка мен альтқа арналған концерттік симфония ұсынады. Екінші кеште үрлемелі музыканы ұнататын жандарды жарқын премьера күтеді. Тұңғыш рет Қазақстанда үрлемелі аспаптар мен контрабасқа арналған си-бемол мажор Gran Partita (KV361) №10 серенадасы шырқалады. Топтаманы «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханованың орындауында «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» скрипкалық соната кештері аяқтайды.
15 наурызда таңдамалы еуропалық музыканы ұнататындарды «Француз мәнерінде» кешіне шақырады. PICCOLO театры танымал жобасы аясында 19 наурызда «Астана Операның» Камералық оркестрі мен опера солистері Алла Симонишвилидің қойылымында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» қызықты комедиялық операсын ұсынады. Орындаушылардың керемет актерлік ойыны мен шебер вокалдарымен қатар, театр суретшісі Манана Гунианың жарқын декорациялары мен костюмдері көрерменге жақсы әсер сыйлайды. Ал табиғаттың көктемгі жаңаруы, молшылық пен достық мерекесіне 21-22 наурызда «Қош келдің, Наурыз» концерттері арналады.
Наурыздың 23-інен 28-іне дейін ең жас театрсүйер қауымды мазмұнды Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді. Жоба аясында Камералық залда қазақ және орыс тілдерінде қызықты концерттер мен спектакльдер өтеді. Атап айтсақ, «Музыка әлемі», С.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісі, К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясы, «Сиқырлы ысқы» (Барокко залында), Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі кішкентай көрермендердің көңілінен шығатыны анық.