Пікір • 10 Наурыз, 2022

Жаңа буынға жол ашқан қадам

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі жетекші партияның кезектен тыс ХХІІ съезі жаңа бастамаларға жол ашты, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары аманат жүгін артты.

Жаңа буынға жол ашқан қадам

Бұл съезден көпшілік өзгеріс, жаңа бастама күтті. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атын Amanat деп өзгертуді ұсынды. Партияны елмен бірге жаңарту, ұйымның қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру керек деген ұсынысты делегация мүшелері де қолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев астарында үлкен мәні бар «Аманат» сөзінің мағынасы терең екенін, еліміздің тарихы мен мәдениетінде айрықша символдық мәні бар екенін, қуатты мемлекет пен ортақ ұлттық бірлік құндылықтарын білдіретінін атап өтті.

Президент партия атауының өзгертілуімен ғана тоқтамай, партия мүшелерінен нақты нәтиже талап етіп отыр.

Съезд барысында партияның 7 негізгі бағыты қабылданды. Ол бойынша партия мүшелеріне жоғарыдан тапсырма күтіп отырмай, жергілікті халықпен тығыз және ашық жұмыс істеу, берген уәделерді сөз және қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде іске асыру секілді нақты міндеттер мен партияның жас қанатын жаңарту мәселесі сөз болды. Бұл жүйелі жеті бағыт партияның жұмыс барысын әрі қарай жандандыруға негіз болмақ.

Бабалар аңсап, кейінгіге мұра қалдырған аманатын одан әрі жеткізуге Amanat партиясы өз үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл – Президентіміздің Жаңа Қазақстан құруға, жаңа ұрпақтың жолын ашуға жасаған қадамы.

 

Абзал БЕКБОСЫНОВ,

Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар алқасының мүшесі