Үкімет • 11 Наурыз, 2022

Табысты арттыру бағдарламасы қабылданды

368 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру мәселелері қаралды.

Табысты арттыру бағдарламасы қабылданды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Көктемгі егісті қаржыландыру 70 млрд теңгеге артады

Алғашқы мәселе туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Ауыл шаруа­шылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Айдарбек Сапаров биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржы­ландыру көлемі 70 млрд теңгеге артатынын мәлімдеді. Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу маңызды міндеттердің бірі, өйткені бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе екенін атап өтті. «Қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі тұтынуын да, экспорттық әлеуетін де қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе», деді Ә.Смайылов.

Елімізде биылғы жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. «Фермерлер басымырақ қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуы тиіс. Бұл ретте өнімді көп беретін және экспортқа шығатын дақыл­дарды егуге айрықша көңіл бөлу керек», деді Министрлер кабинетінің басшысы.

Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл барлығы 658,7 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарланған, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы бойынша 2022 жылға 31,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алқаптарының өңделуін 100%-ға қамтамасыз етеді. Премьер-Министр тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ын субсидиялау әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бо­йынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталады. Техникаларды жаңарту үшін Үкімет кредиттер мен лизингті инвестициялық субсидиялау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін ұлғайтады.

Көктемгі дала жұмыстарына дайын­дық аясында Ә.Смайылов бірқатар нақ­ты тапсырма берді. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкім­діктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жемшөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әрта­раптандыру тапсырылды. Сондай-ақ минералдық тыңайтқыштарды өндіру­ші­лермен алдымен ішкі нарықты қамта­масыз ету мәселесін пысықтау тапсы­рылды. Экология министрлігі мен әкім­діктерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жаз бойы сумен қамтамасыз ету тапсырылды.

Халық табысын арттыру бағдарламасы таныстырылды

Үкімет отырысында 2025 жылға дейін­гі халық табысын арттыру бағдарламасы қаралды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыс­пен қамтылуы мен табысының төмен­дігі проблемаларына тоқталып, Үкімет­ке Халықтың табысын арттыру бағдар­ламасын әзірлеуді тапсырды.

Отырыста баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өткендей, осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, Бағдарлама жобасын әзірледі. Ә.Қуантыровтың айтуынша, талдау нәтижелері бойынша, тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 3,1%-ға дейін баяулағаны айқындалды. «Сонымен қатар халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті», деді Ә.Қуантыров.

Бұдан кейін министр Үкіметтің бүкіл экономикалық саясатының жалпы мақсаты халық табысын арттыру болғандықтан, Бағдарлама ұлттық жобалармен өзара байланысты екенін атап өтті. Бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысының артуы; кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру; сатып алу қабілетін қорғау. Бағдарламаны іске асыру лайықты еңбек пен масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады. Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады. «Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіп­орындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша шаралар қабылданады», деді Ә.Қуантыров.

Ә.Қуантыровтың айтуынша, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай мынадай 5 нысаналы индика­торға жоспарлы түрде қол жеткізуді қам­тамасыз етеді: ІЖӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%-ды құрайды; жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2% болады; табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%-ды құ­райды; жұмыссыздық деңгейі – 4,7% болады; бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн-нан астам адамға жұмыс орындары құрылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халық табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде министрлік жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыстар жүргізетінін баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен барлығы 33 іс-шара қарастырылған, оның 16-сын тікелей министрлік жүзеге асырады. «Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді», деді С.Шәпкенов.

Оның айтуынша, бүгінде еңбек нары­ғында 300 мыңға жуық өзін өзі жұ­­мыс­­пен қамтығандар азаматтық келі­сім­­шарттар негізінде жұмыс атқаруда. Тапсырыс берушілер мен орындау­­шы­­лардың арасындағы қарым-қатынас – күрделі бюрократиялық процесс. Сон­­дай-ақ шет­ел­дік жұмыс күшінің құрамында 60%-ға жуығы жұмысшы маман­дық­тары бойынша тартылады. Осы мәсе­лелерді ескере отырып: біріншіден, минис­трлік фрилансерлердің қызметін цифр­лы форматқа өткізу мақсатында «плат­формалық жұмыс» электронды сервисін әзірлейді. Бұл әртүрлі платформаларда өз бетінше жұмыс істейтін азаматтардың қызметін оңай тіркеуге, қажет мамандарды тез арада табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді; екіншіден, 3 және 4 санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 4,7 мың адамға қысқартылады; үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жүйені тұрақты түрде жаңарту арқылы мониторингіленеді.

Өз кезегінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов осы бағдарлама аясында министрлік келесі іс-шараларды жоспарлағанын баяндады. Біріншіден, мұнай саласына қажетті жаңа өндірістерді, оның ішінде Chevron корпорациясының тікелей инвестициялар қорынан қаржы­ландыру тетігі арқылы оқшаулау көздел­ген. Қазіргі уақытта «Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» жұмыс істейді, ол 3 ірі опера­тордың мұқтаждығы үшін жергілікті тауар­ларды дамыту бойынша жұмыс жүр­гізуде. Министрдің айтуынша, бүгінде Орта­лық үш тауар тобы бойынша өндірісті оқшау­лау жұмыстарын бастады: тиек армату­расы (клапандар), бақылау-өлшеу аспап­тары және автоматика (БӨАжА) және электр техникалық жабдық.

35 мыңнан астам тауар талданды, оның ішінде 19 тауар түрі жақын бола­шақта операторлар неғұрлым талап ететін тауарлар ретінде айқындалды. «Техно­ло­гиялар трансферті және тауарлар өнді­рісін оқшаулау жөніндегі жұмыстар жал­ғастырылады, бұл шамамен 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деді Б.Ақшолақов.

Мұнай-газ саласы үшін өз жүйемізді құрамыз

Осындай бастамалар арқылы мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндіруде өз жүйемізді құру жоспарланған.

Екіншіден, Қазақстан аумағындағы ірі мұнай-газ кен орындары бойынша жо­балауды кезең-кезеңімен жүргізу. Б.Ақшо­лақовтың айтуынша, аталған іс-шара жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған, оның шеңберінде 2025 жылға дейін шамамен 2 500 уақытша жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Үшіншіден, мұнай-газ химиясы кластерін құру. Құрылысы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылатын 7 жобаны іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, биыл қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған. Өткен жылы Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2024 жыл. «Сондай-ақ қуаты жылына шамамен 1 млн тонна полиэтилентерефталат, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жөніндегі ірі жобаларды іске асыруға назар аударылады. Осы жобаларды іске асыру 2022-2025 жылдар кезеңінде 2,5 мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орындарын құруды көздейді», деді Б.Ақшолақов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі М.Қарабаев атап өткендей, бағдарлама шеңберінде ведомство 23 іс-шараны іске асырады. «Іс-шаралар негізінен жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамтуға, тұрғын үй кешені саласында көрсетілетін сервистік қызметтер бағаларын ұстап тұ­руға, негізгі тауарлар, құрылыс материал­­дары, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларының импортын ал­мастыруға бағытталған», деді М.Қара­баев.

Министрліктің жоспарына сәйкес, ұсынылған шараларды іске асыру 2022-2023 жылдарға арналған 69 мың кезекте тұрғанды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, 2025 жылға дейін 23 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, кәсіпорындар қызметінің тиімділігі артады.

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы А.Сәт­­қалиев Қордың таяу келешекке ар­нал­ған негізгі міндеттері жайлы айтып берді. Мәселен, жалақысы төмен лауа­зымдарға баса назар аудара оты­рып, өндірістік персоналдың жала­қы­сын саралап ұлғайту арқылы Қор компа­­ниялары тобының басқармалық әкімшілік-басқарушылық және өндірістік персоналының жалақысындағы алшақ­тықты қысқарту жүргізіледі. «Самұрық-Қазына» АҚ Қорға қызмет көрсететін мер­дігер компаниялар қызметкерлерінің жала­қысын орта салалық деңгейге дейін арт­тыру жөнінде міндетті талаптар қабыл­дайды. Әуе тасымалдары нарығында бәсекелестікті дамыту мақсатында Fly­Arystan лоукостері дамуда қосымша сер­пін алады. Қордың болжамдары бойынша осы шаралар ағымдағы жылдың өзінде ҰӘҚ өндірістік персоналының жалақы деңгейін орта есеппен 30%-ға көтеруге мүм­кіндік береді. Жаңа құжатқа сәйкес, Қор компаниялары сатып алуды жүзеге асыр­ған кезде жеткізушілер қыз­мет­кер­лерінің жалақысының ең төменгі шегін бел­гілеу бойынша талаптар ескеріледі. Сон­дай-ақ әлеуетті жеткізушілерге тендер­лерде шартты жеңілдіктер тек өз қызметкерлеріне жоғары жалақы төлейтін жеткізушілерге ғана ұсынылады.

Бағдарлама мақсаты айқын

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Ә.Смайылов 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы тәсілдерді жаңарту мақсатында әзірленгенін атап өтті. Мәселен, жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындар маңында ШОБ-ты дамытуға жағдайлар жасау есебінен өнеркәсіп пен кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтуды ұлғайту жоспарланып отыр. АӨК саласында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында қосалқы үй шаруашылықтарын құру, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру тетіктерін кеңейту шаралары қарастырылған.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдардың алдына ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, еңбек өнім­ділігін арттыру және тұрақты жұмыс орын­дарын құру міндеті қойылып отыр­ғанын атап өтті. «Азаматтарымыз Үкімет­тің кірістерді сақтау және ұлғайту, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналастыру және қайта оқыту жөніндегі барлық шаралары туралы кеңінен хабардар болуы тиіс», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы, бағдарлама іс-шараларын, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуды сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Индустрия, Ауыл шаруашылығы, Энергетика министр­ліктеріне және өңірлердің әкімдіктеріне жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің ілеспе субъектілерін дамыту мақсатында өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін пысықтау тапсырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, еңбек табысындағы теңгерімсіздікті жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау жүктелді. Салалық мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры, әкімдіктер қызметкерлердің жалақыларын орташа салалық деңгейге дейін арттыруы, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын көтеруді қамтамасыз етулері тиіс. Ұлттық экономика министр­лігіне негізгі капиталға инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру бойынша KPI негізінде мемлекеттік органдардың, барлық деңгейдегі әкімдік­тердің тиімділігін бағалауды және рей­тингін жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын Министрлер кабинетінің мүшелері кейбір түзетулерді ескере отырып қабылдады.