Бұл жолы З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жабылды. Министрліктің мәлімдеуінше, осыған дейін Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне университет қызметкерлерінен шағымдар түсіпті. Аталған шағымдар университетте жоспардан тыс тексеру жүргізуге себеп болған. Нәтижесінде, комиссия тексеру парағының 46-тармағының 35-і бойынша заңсыздықтарды анықтады.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім: «Біздің басты міндетіміз – елімізде білім мен кадрлар даярлаудың сапасын арттыру. Егер бүгін университеттер тиісті талаптарға сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтін мамандарды шығарамыз. Әрине, тексеру және лицензияны қайтарып алу – сапалы білім беруді емес, тек пайда табуды бірінші орынға қоятындар үшін тиімсіз шара. Министрлік бірінші тексеруден кейін ЖОО басшылығына бұзушылықтарды жоюға уақыт береді. Бірақ көбіне олар сот талқылауларына уақыт жұмсауды жөн санап, кемшілікті жоюға асықпайды. Әрине, бұл университеттің жабылу уақытын едәуір кешіктіріп, студенттерден төлем түрінде кіріс алуға мүмкіндік береді», дейді.
М.Әбдікәрімнің айтуынша, университет қызметіне қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсе бастаған.
Комиссия жұмысынан соң университет тарапынан тексеру нәтижелеріне шағым түскен. Алайда бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімдерімен комитеттің тексеру нәтижелері бойынша барлық әкімшілік акті өзгеріссіз қалдырылып, университеттің шағымдары қанағаттандырылмады. Енді оны Жоғарғы сот қарайды.
Сонымен қатар комитеттің шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды. Бұл шешімге қатысты да университет тарапы сотқа шағымданды.