Аймақтар • 15 Наурыз, 2022

Онкология кафедрасына С.Нұғмановтың есімі берілді

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талай адамның өмірін ұзартып, дертіне шипа болған отандық онкологиялық қызметтің бастауында тамаша тұлғалардың болғанын тарих біледі. Олардың атын дәріптеп, ұмытпау баршамызға парыз. Дәрігерлердің дәрігері атанған Сәкен Нұғмановтың есімін есте қалдыру мәселесі сонау 80-жылдардан бері көтеріліп келе жатыр.

Онкология кафедрасына С.Нұғмановтың есімі берілді

Өз кезегінде осы істі үрдіске айнал­дыр­ған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтындағы Онкология кафедрасына Сәкен Нұғмановтың есімін берді. Кейінгі ұрпақ кеше ғана еліміздегі бір де бір онкологиялық операция мен ке­ңес Сәкен Нұғманұлының қатысуынсыз өтпе­генін заңдылық, оның атын өшірмеу ұлттық медицинаның шежі­ре­сі­не сын деп біледі.

Дәрігерлердің нағыз дәрігері болған медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Нұғманұлының өмір­бая­нына барынша қысқа тоқтал­ған­ның өзінде, оның Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Бүкіл­одақтық онко­­логтер мен акушер-гинекологтер қоғамының бас­қар­ма мүшесі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологі болғанын айтпай кетуге болмайды. 1962 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының онкология кафедрасын ұйым­дастырып, оны басқарды. Одан кейін 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының онкология кафедрасының негізін қалап, өмірінің соңына дейін жетекшілік етті.

«Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең­де болашақ ұрпақ үшін бәрін жаса­ған, жаңа орталықтар ашып, іргелі зерттеулер жүргізіп, әлемдік және отандық денсаулық сақтаудың дамуына зор үлес қосқан көрнекті профессорларға құрмет көрсету үшін биыл университетімізде арнайы жобаны іске қостық. Мысалы, мен үшін онкология институты мен онкология кафедрасының ашылу тарихын зерттегенде, барлық республикада осындай бірінші санаттағы онкологиялық ҒЗИ ашылған кезде тек Мәскеу қаласында ғана басқа институттармен бірге Қазақ онко­ло­гия және радиология институты бол­ғаны таң қалдырды. Олар біздің маман­да­рымыздың 25 сомнан көп алатынымен ерекшеленіпті. Институтта бірегей зертханалар ашылған. Өзім фармаколог болғандықтан, бұл бірегей фармакология зертханасы деп толық айта аламын. Қазір онкологияны емдеуде қолданылатын көптеген дәрі-дәрмек пен оның негізі осы жерде жасалды. Бүгін маған Сәкен Нұғманов атындағы ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасына берілетін сертификатты табыстау мәртебесі беріл­ді. Бұл шешімді университет сенаты қа­былдады. Сенат атынан, университет атынан және жеке өз атымнан осы сер­ти­фикатты кафедра меңгерушісі Диляра Радикқызына табыстауға рұқсат етіңіз­дер», деді ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.

Айтулы оқиғаға Сәкен Нұғмановтың студенттері де қатысып, оның еңбек­сүй­гіштігі мен дәрігерлік, сондай-ақ педа­го­гикалық қасиеттерін кезегімен еске алып жатты.

«Бүгін – онкологтер мен радиологтер үшін маңызды күн. Онкологиялық қыз­­мет­те талай мақсатқа қол жеткізіл­ге­­німен, бірқатар мәселе өзектілігін жо­ғалтқан жоқ. Қазіргі уақытта профес­сор Сәкен Нұғманұлы бастаған істі оның шәкірттері жалғастырып жатыр. Он­кология кафедрасы онкологиялық көмек көрсететін барлық ұйымда жұмыс істейтін мамандарды оқытады. Ендігі жерде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы, профессор Сәкен Нұғмановтың есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын ғалымдар, дәрігерлер мен оқытушылар қатарынан лайықты орын алды», деді ҚазОжРҒЗИ басқарма төрайымы, Қазақстанның бас онкологі Диляра Қайдарова.

Көзкөргендердің айтуынша, Сәкен Нұғманұлы ғылыми, ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметтерімен бірге үнемі дәрігерлік міндет майданында жүрді. Оның қатысуынсыз немесе кеңесінсіз бірде-бір күрделі операция өтпеді. Ол науқастардың сеніміне ие болған дәрігер және Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері атағына шын мәнінде лайықты тұлға еді.

«Құрметті әріптестер, баршаңызды осы айтулы күнмен, біздің кафедраға ұлы ұстаз Сәкен Нұғ­ман­ұлының есімін берілген күнмен құт­тықтағым келеді. 1975 жылы хирургия дәрігерлерін же­тіл­діру институтының операциялық бөлімінде таңертең операция бөлмесіне келгеніміз есімде. Операциялық үстелде 2 хирург тұр еді. Сәкен Нұғманұлы операция жасап жатты, бұл менің өмір бойы есімде қалған көрініс – қазақстандық медицинадағы екі ұлы хирургтің бір операциялық үстелде мейірбикеге опе­ра­ция жасаған кезі болатын», деді ҚазҰМУ онкология және радиология кафед­ра­сы­ның бұрынғы мең­ге­рушісі Бахыт Қайдаров.

Б.Қайдаров кафедраға Сәкен Нұғ­ма­нов­тың есімін беру туралы ұсыныс бір­неше рет, алдымен 80-жылдары, содан кейін 2000 жылдары шығарылғанын, бірақ университет басшылығы сол кезде бұл істі соңына жеткізе алмағанын еске салды.

Сәкен Нұғмановтың қызы, профессор Жәмилә Сәкенқызы: «Онкология кафедрасына әкемнің атын беруде мен жеке өзімді байланыстырушы жіп деп бағалаймын. Бұл жіп үзілмейді, ұрпақтар сабақтастығы біздің медициналық маман­ды­ғымыздың негізгі тірегі болып жалғаса берсін», деп ризашылығын білдірді.

 

АЛМАТЫ