Алматыдағы «Тұран» университетінің «Кино және телевизия академиясы» аясында пайдалануға берілген кинозалдың ашылуына режиссердің қос қанаты – ұлдары Ескендір мен Мұхит Нарымбетовтер ғана емес, идеяны жүзеге асыруға «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы да атсалысып, отандық кино саласының қайраткерлері тұтас қолдау білдірген. «Әкем тек қазақ киносының тарихында ғана емес, әлемдік кинематография тарихында да өшпес із қалдырды. Бұл кинозалдың ашылуының үлкен мәні бар. Бүгінде барлық өнердің ішінде кино өнері алдыңғы орынға шығып, өскелең ұрпақты өзіне табындырып, маңызды тәрбие құралына айналып отырғандықтан, қазақстандық кейінгі жас буын отандық киноның алдыңғы легінде болған С.Нарымбетов туралы білуге тиіс. Сондықтан бұл оқиға әкемді мәңгі есте сақтаудың аз ғана үлесі деп білемін», деді кинозалдың салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөздің тізгінін алған режиссердің ұлы, белгілі режиссер Ескендір Нарымбетов.
Кинозал бүгін ашылғанымен, режиссердің өзі ұзақ жылдар бойы «Тұран» университетінің студенттеріне дәріс оқуға шақырылған. Университет ректоры Рахман Алшанов: «Режиссердің уақытының тығыздығына байланысты кері шегеріле берген ұсыныстың орайы осылай келсе де, Сатыбалды ағамыз бәрібір университетімізге келді» деп, Кино академиясы үшін бұл залдың маңызы зор екенін атап өтті. «Елімізде 180 кинотеатр бар. Бүгінде кинопрокаттағы отандық кино үлесінің артып келе жатқанын ескерсек, көрермен үшін мұндай орындар керек», дейді ректор.
Салтанатты шараға Смағұл Елубай, Гүлнар Әбікеева, Рүстем Әбдіраш, Әлішер Сүлеймен, Арман Әсенов, Болат Қалымбетов сынды әріптестері мен шәкірттері қатысып, азаматтық көзқарасын айқын білдіруді борышы санаған режиссердің күрескерлік қасиеті туралы кеңінен баяндады. Әйгілі Наталья Аринбасарова, Панкратов-Черный, Юрий Мамин, Мариям Якубова уақыт өткен сайын орны ойсырап, қимастық пен сағыныш сезімін ұлғайта түскен тұлғаға деген жүрекжарды естелігін арнайы дайындалған деректі фильм арқылы жолдады. Адами болмысы, дарыны мен шығармашылығына байланысты жылы естеліктерін ортаға салды.
Кинозал заманауи құрылғылармен жабдықталып, алдағы уақытта болашақ режиссерлердің шығармашылық зертханасына айналдырып, кино өнеріне байланысты мәдени шаралар өткізу жоспарланған.
АЛМАТЫ