Қоғам • 15 Наурыз, 2022

Жылқыны атып жығуға дейін жеттік-ау...

737 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Абай өз заманында көрші жұрт­тар­дың тынымсыз қарекетіне қарап, қам­сыз жүрген қазағының жайбарақат тір­лігіне қарны ашып: «Не ғылым жоқ не­месе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай...» деп ашына жаз­ға­ны мәлім. Содан бері бір жарым ғасыр­дан аса уақыт өтсе де халқымыз өз бо­йын­дағы кері­тартпа кемшіліктерінен әлі түгел арылып болмағаны анық.

Жылқыны атып жығуға дейін жеттік-ау...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жас­тар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқ­тар­дың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда та­быс­қа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз», деді.

Расында да, ғұлама ақын бабамыздың «есектің артын жусаң да мал тап» деп еңбекке үндеп кеткен үлкен өсиетін өмірлік қағидатына айналдырған ағайындарымыз көп деу қиын. Әсіресе, ауылды жерлерде.

Осыдан біраз жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне бардық. Сонда осы жиынға арнайы келіп, қатысып отырған облыс әкіміне бір әйел: «Біздің көшеде тұратын адамдардың сиырларын бағатын бақташы табылмай, күнде қиындық кө­ріп жүрміз. Сіз осы мәселені шешуге көмектесіңізші...» деп қиыла өтініш айтты. Өңірдің бірінші басшысы дереу Кішкенекөл ауылының әкімін орнынан тұрғызып: «Осы ауылда қанша жұмыссыз бар?», деп сұрады. «200 адам жұмыссыз жүр», деп жауап берді ол. «Сол 200 адамның ішінен бір бақташы болғысы келетін кісі шық­паса, онда сіздер малды жайылымға шығарып бақпай-ақ қойыңыздар, жапондар сияқты қорада бағыңыздар...» деп әзілдеп, жұртты күлкіге қарық қылды облыс басшысы. Бірақ арада бір апта өтер-өтпесте жергілікті тұрғындармен жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін аудан әкімін қызметінен босатты.

Қазір де теріскей өңірлердегі көптеген ауылдық елді мекенде бақташы, шопан, жылқышы табу оңай емес. Әсіресе, жылқышылар тапшы. Ана бір жылдары мал ұрлығы белең алып тұрған кезде қапияда бағып жүрген жылқыларынан айырылып қалған талай жылқышы тиісті сот шешіміне сәйкес мал иелеріне жоғалған малдарының құнын төлей алмай, қатты қиналғанын, тіпті қайсыбірі сол себепті өзіне қол жұмсағанын білеміз. Соны естіп, жадына түйген жастар жағы жылқышылықтан ат-тондарын ала қашатын болған.

Ал атакәсібімізді ардақтай алмауы­мыз­дың салдарынан басқа да келеңсіздіктер туын­дап жатыр. Былтыр батыс өңірлерде ұйым­дасқан ұрылар далада жайылып жүрген жылқыларды мылтықпен атып өлтіріп, со­йып, басын, ішек-қа­ры­нын, терісін ит-құсқа қал­дырып, тек етін ғана алып кеткенін есті­ге­німізде жаға­мыз­ды ұстаған едік. Жуырда әлеу­меттік же­­ліден соғымдық жыл­қыны ата дәс­тү­­­рі­­мізбен аяқтарын байлап, жерге жы­ғып барып бауыздаудың орны­на, қақ маң­дайынан мылтықпен атып құ­латқан аға­йын­дарды көріп, аза бойы­мыз қаза болды. Қасиетті Қамбар ата тү­лі­гін қас­тер­леп өскен қазағымыздың осын­дай мас­қа­ра­шы­лыққа дейін жеткені қа­быр­ға­мыз­ды қайыстырарлық жағдай емес пе?!