Қаржы • 16 Наурыз, 2022

Ресейлік банктердің Қазақстан нарығындағы үлесі

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресей банкінің және оның еншілес ұйым­дарының АҚШ пен ЕО санкцияларына ұшы­рағаны белгілі. Ресейлік банк­тер біраздан бері Қазақстан нарығында да ор­ныққан және өзіндік аудиториясы қалыптасқан. Олар – Сбербанк, Альфа-банк және ВТБ банк.

Ресейлік банктердің Қазақстан нарығындағы үлесі

Ranking мәліметінше, осы үш банктің жиын­тық үлесі елдегі барлық екінші деңгейлі банк (ЕДБ) активтерінің 15,1 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 14,2 пайыз, ал бес жыл бұрын 9 пайызды құраған. Әрине, 15 пайыз – өте ауқымды көрсеткіш. Салыстыра айтар бол­сақ, Қазақстандағы қытайлық банктердің ЕДБ ак­тивіндегі үлесі 2 пайызға да жетпейді.

Үш ресейлік банктің екеуі – Сбербанк пен ВТБ-ға АҚШ санкциясы салынды, сәйкесінше шетелдік шектеу бұл банктердің Қазақстандағы еншілес ұйымдарына да әсерін тигізеді.

«Актив көлемі бойынша Сбербанк тек қана қазақстандық гигант Halyk Bank-ке жол береді. Соңғы бір жылда Сбербанк активі 27,5 пайызға өсіп, 2022 жылдың қаңтарында 4,2 трлн теңгені құрады. Одан кейінгі орында Альфа-банк – 926,9 млрд теңге. Бір жылда 16,3 пайызға өскен. ВТБ банк активі бір жылда 36 пайызға өсім көрсетіп, 474 млрд теңгеге жетті. Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер арасында Альфа-банк пен ВТБ банк актив көлемі бойынша 11 және 12-орындарды еншілейді», деп жазады Ranking.

Олардың несиелеудегі қарқыны да жоғары. Қазақстандық ЕДБ арасында ресейлік банктердің қарыз портфелінің жиынтық үлесі соңғы жылда 15-тен 17,4 пайызға көтеріліпті. Несиелеу көлемі бойынша Сбербанк екінші орында тұр – 2,7 трлн теңге. Бұл – 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш. Альфа-банктің қарыз портфелі 36,8 пайызға өсіп, 534,8 млрд теңгені құраса, ВТБ банктікі 24,1 пайызға өсіп, 218,2 млрд теңгені құраған.

«Салымдағы ресейлік банктер үлесі бір жылда сәл ғана қысқарған – 13,7-ден 13,6 пайызға. 2022 жылдың қаңтарында ресейлік банктердегі салымдар 3,5 трлн теңгені құрады. Оның 2,5 трлн теңгесі Сбербанкке тиесілі. Альфа-банктің салымы – 618,5 млрд теңге, ВТБ банктікі – 338,6 млрд теңге. Ресейлік еншілес банктердегі салымдардың 60 пайыздан астамы – корпоративтік салымдар. Және бұл таңғаларлық та құбылыс емес. Қазақстанда шетел азаматтарының қатысуымен 37,8 мың заңды тұлға тіркелсе, соның 11,5 мыңы ресейліктер. Сбербанктің корпоративтік салымдары – 1,4 трлн, Альфа-банктікі – 405,2 млрд, ВТБ банктікі – 255,4 млрд теңге. Бұл ретте ВТБ банк жалпы депозиттік портфельдегі корпоративтік депозиттердің ең үлкен үлесіне ие – 75,4 пайыз. Сондықтан да ВТБ өз клиенттерін – заңды тұлғаларды АҚШ доллары және еуромен жасалатын кез келген операция мен есептеу жүргізулерден уақытша бас тарта тұруға шақырды», делінген зерттеуде.

Ал ресейлік еншілес банктердегі бөлшек салымдар 10,1-ден 10,5 пайызға өсіп, 1,4 трлн теңгені құраған. Жеке тұлғалар салымы негізінен Сбербанкте көп жинақталған (1,1 трлн теңге). Одан кейін Альфа-банк (213,4 млрд теңге) және ВТБ банк (83,2 млрд теңге). Еске салайық, Еуроодақ салған санкцияларды жүзеге асырған SWIFT 12 наурызда ресейлік бірнеше банкті өзінен, яғни халықаралық төлем жүйесінен ажыратып тастады.