Білім • 16 Наурыз, 2022

86 электронды кітап бір тұғырнамаға жинақталды

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алғалы бері мектеп оқушыларын электронды оқулық­тармен түгелдей қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазір 200 мыңнан аса оқушы жүйелі түрде электронды кітаптар арқылы білім алады. Бұл жөнінде Алматыда өткен TopIQ.kz тұғырнамасының тұсаукесерінде мәлім болды.

86 электронды кітап бір тұғырнамаға жинақталды

TopIQ.kz электронды кітаптарының digital ұстаздар мен оқушылар арасында танымалдылығы артып келеді. Мектеп оқушыларына қолайлы болуы үшін «Алматыкітап» баспасы елімізде алғаш рет үш баспаның 86 электронды кітабын бір платформаға жинақтады. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама­сы шең­берінде баспа қаражаты есебі­нен ат­қа­рылды. Біз бұған дейін де TopIQ.kz тұғырнамасы ел өңірлерінде сы­­нақ­тан өткізіліп жатқаны туралы баян­дағанбыз. Соңғы екі жыл көлемінде, яғни 2020 – 2022 оқу жылдары республи­ка аймақтарындағы апробация сәтті аяқ­талып, осы аралықта 2 млн-нан аса қол­данушы тұғырнаманы қолданып көрді.

«Біздің тұғырнамамыз өзіне мемле­кет­тік білім бағдарламасы аясын­дағы бірегей интерактивті және мультимедиялы материалдарды кіріктіреді. Электронды кітаптар тек сынып қабыр­ғасында ғана емес, оқушымен жеке немесе топпен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Электронды кітап экскурсияда, жолда, спорттық жиындарда қолдануға икемді, оқушыға ыңғайлы және жеңіл. Сонымен қатар, TopIQ.kz тұғырнамасын кез келген уақытта, кез келген құрылғыда, қолайлы жылдамдықпен қолдануға болады», дейді «Алматыкітап» баспасының басшысы Элеонора Баталова.

Кітаптың әртүрлі үлгілері мен мате­риал­дардың алуандығына орай, «Алматыкітап» баспасының электронды кітаптарын сараптау мақсатында тұғырнамада екі жылын өткерген ұстаздардың көпшілігі оқушылардың сабақ үлгерімдерінде ілгерілеу бар екенін, жаңа буын үшін бұл аса маңызды екенін айтып отыр.

Тұғырнаманың тұсаукесер рәсімін Digital Ustaz Almaty 2021 байқауының жеңімпазы, тарих пәнінің мұғалімі Сағынғали Қалиев атқарды.

Тұсаукесер кезінде оптикалық голография қолданған Сағынғали Қалиев: «Қазіргі ұстаздың міндеті – оқушы­лардың миды ашытатын, тым көп әрі түсініксіздеу, аса қажетсіз деректерді қабылдауға мәжбүрлеу емес, жаңа білімді талдау және таба білу. Бұл жаңа тәсіл цифрлы педагогикамен тығыз байланыста. Цифрлы педагогика дегеніміз – 40 минут бойы zoom арқылы сөйлеп тұрған мұғалім мен тапсырмаларды whatsApp арқылы жіберу емес. Цифрлы педагогика – бұл интерактивті оқыту, яғни оқушының сабақ бойы үнсіз отырып тыңдауы емес, керісінше ұстазбен, сыныптастармен, сандық кітаппен, сандық технологиялармен өзара байланыста болуы. Қазіргі таңда «Алматыкітап» баспасы мен оның Pearson Education, Cambridge, Oxford University Press әріптестері осы іспен айналысып отыр», деді.

«География» кітабының авторы, профессор Руслан Қаратабанов жүйелі білім мен сандық ортаның ықпалдасуын, оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістерінің симбиозын, балаларға арналған мүмкіндікпен бірге өзінің меншікті классикалық контентінің ретті әрі парасатты үйлесімін құруды қолдайтынын білдіре келе: «Сандық ортада білімдік тұғырнамаларды әзірлеу «ақылды» технологияларды жай ғана оқытудың және коммуникацияның құралына емес, әдеттегі әлеуметтік тәжірибеге айналдырған ұрпаққа бағыт­талуға тиіс. Жергілікті сандық ұрпаққа арналған шынайы, толықтырылған, виртуалды, тартымды білім ортасын құру маңыздырақ. Осы сауалдардың қазіргі ұтымды шешімі TopIQ білім тұғырнамасы болып отыр.

TopIQ электронды кітаптар тұғыр­намасы балаларға не береді деген сауалға профессор Руслан Қаратабанов: «Біріншіден, оқуға инклюзивті келуі, яғни кітаптарға бәрі бірдей қол жеткізе алады, барлық коммуникациялық электронды құрылғыларға тікелей желі тегін. Тіркелудің, құпиясөзді есте сақтаудың, жүктеудің қажеті жоқ. Екіншіден, денсаулықты сақтау – мектептің интернет желісі мен орынды АКТ саясатында барлық кітаптарды көтеріп жүру қажет емес», деген пікірін ортаға салды.

Сонымен қатар профессор ұстаздар­ға тұғырнама аралас оқытудың (Blended Learning) талабына яғни оқыту­дың интерактивті әдістемесін әрі қарай қолдану үшін, материалдың бір бө­лігін қандай да бір тақырыпқа дейін тікелей желімен оқытуда жауап бере­тінін ескертті. Әлбетте, тұғыр­нама оқу­­шылардың ғана емес, ұстаз­дар­дың да АКТ-дағдыларын дамытуды қа­рас­тырған. Маңызды бөлігі – тұғыр­нама бір-біріне кері байланыс жасауға мүмкіндік береді. Ал жалпы қоғамға – ТЖ, пандемия жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.

«Негізінде, көп ел осындай платфор­малардың өздерінде болуына мүдделілік танытып, барын салып отыр. Ал бізде бұл тұғырнама барынша жақсы жасалды. Көпшілік сандық технологияларды келешек уақытпен айтқанды ұнатады. Алайда ол болашақ туралы емес. Ол – бүгін жайлы! Қазақстанның барлық мектептерінің сандық ұстаздары, бірі­гіңдер!» дейді профессор.

Қорыта айтқанда, цифрлы педагогикамен сабақтарын өткізетін Digital Ustaz Almaty 2021 финалистері Алматыда тоғысып, технологияларды жақындатып, шәкірттерін оқуға ынталандыруға септесетін Teachers Lab тұғырнамасымен толық танысты. Заманауи ұстаздар оқыту балаларға қызық­ты әрі пайдалы болуы үшін әрі қарай осындай жаңа сервистерді мең­гереді. «Технологияларды жақын­датып, оқушыларға ынта беру!» ұраны ал­дағы уақытта Алматының әрбір мек­тебін­де айтылады. Алматы қаласы­ның әкімдігі мен EdCrunch Academy за­манауи білім беруді дамыту инсти­ту­ты ұйымдастырған Digital Ustaz Almaty 2022 байқауы жақын күндерде басталады.

 

АЛМАТЫ