– Роза Бағланова – аңыз адам, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, тұғыры биік тұлға. Ол кісінің ән әлеміндегі жүріп өткен өнегелі жолы ізінен еріп келе жатқан жас өнерпаздар үшін ғұмырлық тағылым. Бүгінде «Қазақконцерт» ұйымы ұлы әншінің есімімен аталады. Бұл – қазақ әнінің аңызына көрсетілген зор құрмет. Қазақ әні мен талғампаз тыңдарманы барда Роза Бағланованың есімі өшпек емес, халық жадында мәңгі жасайды, деді Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев.
Қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаның мерейтойына арналған кеште аңыз әншінің репертуарындағы әндер жанды дауыста шырқалды. Есімі елге белгілі өнерпаздармен бірге айтулы концертте Роза Бағланованың немересі Үрбибі Бағланова да өнер көрсетті.
Үрбибі – Роза Бағланованың азан шақырып қойған есімі. Ұлы тұлғаның есімін иеленген талантты қыз әжесінің жолын қуып, өнердегі өзінің қайталанбас жолын қалыптастыруды мақсат етіпті.
Роза Тәжібайқызы – Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмірінің 70 жылынан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып 25 тілде ән шырқаған. Сөйтіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерінің өркендеп, әлемге танылуына зор үлес қосты.
Алып сарайды толтырған талғампаз тыңдарманның көңіл-күйінен ұлы тұлғаға деген шексіз құрмет лебі еседі. Күміс көмей әншінің тамаша әндері халықтың әншіге деген сағынышын үдете түскендей. Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған өнерсүйер қауым әсем әннен қуат алып, рухани демалып қайтты.
Әнші мерейтойына арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады. Атап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында әншінің шығармашылығына арналған мерейтойлық концерттер және Нұр-Сұлтан қаласында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық конкурс ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб пәтерінде аталып өтеді.
Роза Бағланованың әні барда ол ешқашан өлмейді. Бұлбұл әншінің бірегей шығармашылығы, ғибратты ғұмыры, қайраткерлік қасиеттері өскелең ұрпақтың жадында мәңгіге сақталады.