Әлем • 16 Наурыз, 2022

Өзбекстан шекарадағы карантиндік шектеулерді алып тастайды

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16 наурыздан бастап Өзбекстан Қазақстан және Тәжікстанмен ортақ шекарадағы өткізу бекеттерінде бірқатар карантиндік шараларды алып тастайды, деп хабарлайды Egemen.kz Өзбекстанның Туризм және мәдени мұра министрлігіне сілтеме жасап.



Өзбекстан шекарадағы карантиндік шектеулерді алып тастайды

Ведомствоның хабарлауынша, бұл туризмді тез арада қалпына келтіру үшін жасалып отыр.

«Өзбекстанның Қазақстанмен шекарасындағы барлық өткізу бекеттері арқылы екі ел азаматтарын еркін өткізу бойынша барлық шектеулер алынады», деп хабарлайды ведомство өкілдері.

Вакцина паспорты немесе сертификаты бар азаматтар ПТР-тестін тапсырмай-ақ елге еркін кіре береді. Аталған құжаты жоқ азаматтар 72 сағат ішінде жарамды ПТР-тестінің нәтижесін көрсетуі немесе шекарадан өтіп, Өзбекстан аумағына кірген кезде экспресс-тест тапсыруы керек.

Сонымен қатар Өзбекстанның Туризм министрлігі Өзбекстан мен Тәжікстан аралығында көлік қозғалысына қойылған шектеулердің алынатынын мәлім етті. Тәжікстан Республикасымен шекаралас өткізу бекеттерінің жұмысын жандандыру бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 15 қаңтарында омикрон штамының таралуына байланысты екі ел азаматтарына Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өтуге шектеу қойылған.