Қаланың төрт ауданында Наурыз мейрамы атап өтілетін 20 –дан астам орын белгіленді.
22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде «Наурыз-думан - 2022» атты мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Іс-шарада ведомстволық бағынысты ұйымдардың әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама, түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуының бағдарламасы ұсынылады. Сондай-ақ жиналған қауым арқан тарту, асық ойнау, тоғыз құмалақ сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады. Бұл күні мерекенің басты белгісі – Наурыз көже ұлттық тағамы да жұртшылыққа таратылады.
Алматы ауданында жоспарланған мерекелік іс-шаралар «Қазақ Елі» монументі алаңында, «Студенттер» саябағында, Байқоңыр ауданында – «Ататүрік» саябағында, Жазушылар аллеясында, Есіл ауданында – ЭКСПО аумағында және Үркер елді мекенінде, сондай-ақ, Сарыарқа ауданындағы – «Көктал» саябағында және Demalys promenade алаңында өтеді.
Айта кетсек, 18-19 наурызда қалада әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да санаттарына азық-түлік себеттерін тарату жоспарлануда.
Сонымен қатар 19 наурыз күні сағат 11:00-де елорданың Достық Үйі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы қала тұрғындары үшін «Қош келдің, әз Наурыз!» іс-шарасын өткізеді. Қонақтарды концерттік бағдарлама, қолданбалы өнер бойынша мастер-кластар, жәрмеңке және ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыстар өтеді.
Достық үйінде киіз үйлер мен алтыбақан орнатылып, наурыз көже дайындалады. Киіз үйлердің ішінде елордалық этномәдени бірлестіктердің ұлттық нақыштағы экспозициялары қойылады. Сондай-ақ әрбір киіз үйде қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары көрсетіледі.
Сағат 12:00-де «Бұқа тартыс», «Асық ойнау», «Гір көтеру», «Қазақша күрес», «Қол күрес» бағыттары бойынша ұлттық спорттық жарыстар басталады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.
Концерттік бағдарламамен елорданың этномәдени орталықтарының кәсіби, көркем ұжымдары өнер көрсетеді.
18-31 наурыз аралығында қуыршақ театры «Наурыз-думан» қуыршақтар шоуына шақырады. Қойылымдардың басталу уақыты: 10:00, 12:00, 14:00 және 16:00.
Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі де мерекеден тыс қалған жоқ. Қалалық кітапханалар күн сайын Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізеді.
17 наурызда №3 балалар кітапханасы «Жасай бер, әз Наурыз» ақпарат сағатын, ал №4 балалар кітапханасы – «Көңіл көтереміз, Наурыз мерекесін қарсы аламыз» мерекелік калейдоскопын, сондай-ақ «Наурыз – бірлік, бейбітшілік және жаңару мерекесі!» іс-шараларын өткізеді.
Дәл осы күні №5 бұқаралық кітапханада «Сәлем, Наурыз!», Орталық қалалық кітапханада – «Жарқыра, жайна, Наурызым!», №9 бұқаралық кітапханада – «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» кеші ұйымдастырылады. Сонымен қатар №4 бұқаралық кітапханада «Наурыз-думан» ұлттық тарих сағаты, №7 бұқаралық кітапханада «Армысың, әз Наурыз! Ақ мол болсын!», № 8 балалар кітапханасына «Наурыз келеді!» іс-шарасы өткізіледі.
19 наурызда № 3 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» әңгіме-ойынын, №2 бұқаралық кітапханада «Нұр себеле – ұлыстың ұлы күні» мерекелік кешін, №10 бұқаралық кітапханада «Қазақша стильдегі дефиле» тарих сағатын, №15 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз!» кітап көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда.
Сәкен Сейфуллин мұражайы осы аптада әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамы мен Қазақ ұлттық дәстүрлеріне арналған онлайн форматта іс-шаралар өткізеді.
Ал 25 наурызда елорданың Мемлекеттік Академиялық филармонияда «Наурыз сыйы» Ұлттық сыйлығы өтеді. Жоба тек мәдениетті ғана емес, сонымен бірге ұлттық байлықтың алуан түрлілігін білдіретін халық шеберлеріне арналған.
Сонымен қатар, 18-22 наурыз аралығында Арнасай көшесі, 109 бойындағы сауда павильонының аумағында Наурыз мерекесіне орай үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ал ондағы бағалар базар бағасынан 15%-ға төмен болады.