Қазақстан • 16 Наурыз, 2022

Жаңа Қазақстанды айқындайтын Жолдаудың куәсі болдық

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялады. Біз «Жаңа Қазақстанның» бүгіні мен ертеңін айқындайтын тарихи жолдаудың куәсі болдық.

Жаңа Қазақстанды айқындайтын Жолдаудың куәсі болдық

Реформалардың ауқымы кең, маз­мұны терең. Онда билік тармақтарының өкілет­тігінен бастап, азаматтардың құқығын қор­ғауға дейінгі барлық мәселе қам­тылған.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы ауқымы жағынан еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңі іспетті.

Бұл – ел алдында тұрған сынақтарға мемлекеттің берген жауабы деп айтуға болады. Президент 2,5 жылдың ішінде осымен саяси реформалардың 5-ші пакетін жариялап отыр.

Олардың барлығы «Жаңа Қазақ­станның» келешек келбетін қалып­тас­тыруда. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополия­ларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді әрі өркениетті мемлекет құру.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қос па­латалы кәсіби Парламенттің мәр­­те­бесі мен рөлін арттырып, сайлау жү­йесін жетілдірудің жолдарын көрсетті.

Бірінші. Елімізде жаңа саяси пар­тиялардың құрылуына жағдай жасалуда. Осы орайда партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеп келеді. Соңғы 2,5 жылда тіркеу шегі 40 мыңнан 5 мың адамға азайды.

Жаңа партиялар халықтың мүд­десін қорғап, депутаттық мандат алу үшін бәсекеге түседі. Мемлекет бас­шысының «пікірталас көшеде емес, Парламентте болуы керек» деген сөзі бар. Бұл жеңілдіктер жалпыхалықтық талқылауды күшейтіп, мәселелерді Мәжіліс мінберіне көтеруге жол ашады деп ойлаймын.

Көп партия, жан-жақты саяси көзқарас ел өміріне тың серпін әкелері сөзсіз.

Екінші. Мәжіліс толығымен тікелей сайлау арқылы жасақталады. Енді депутаттар партиялық тізіммен қатар мажоритарлық жүйемен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлана алады. Тікелей дауыс беру арқылы сайланған депутат өз сайлаушыларының сенімін ақтай алмаса, халық мандатты қайтарып алуға құқылы.

Үшінші. Мәжіліске заң жобаларын қарау және мақұлдаумен бірге заңды қа­былдау мүмкіндігі беріліп отыр.

Бұл – бұрынғыдан да зор жауап­кершілік. Енді Мәжіліс депутаттары қабылданған әрбір заңның сапасына толық жауап береді.

Төртінші. Мәжілістің бюджет шығын­дарын бақылау өкілеттігі кү­шейе­ді. Есеп комитеті Жоғары ауди­тор­лық палатаға айналады. Сөйтіп, палата Мә­жіліске келіп, жылына екі рет есеп беруге тиіс. Яғни депутаттар министрлер­мен бірге бюджеттің тиімді жұмса­луына халық алдында тікелей жауапты.

Атап өтерлік жайт, еліміздің әкім­шілік аумақтық құрылымына да өзгеріс енге­лі отыр. Осы орайда елімізде үш бір­дей жаңа облыстың пайда болуы өңір­лердің дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Жер жәннаты – Жетісу, ұлт киесі – Ұлытау деген бабадан қалған сөз бар. Ұлтымыздың ұлы перзенті, кемеңгер Абай атамыздың есімі елмен бірге жасап келеді.

Президенттің ұлан-байтақ жері­міздің байырғы атауларын, ұлылардың есімдерін жаңғырта отырып, жаңа облыстарды құруы – елдіктің, ұлт­жан­дылықтың биік рухын көрсетті. Бұл шешім халықтың жүрегінен ерекше орын алды.

Осының барлығы еліміздің жаңа дәуірге нақты әрі батыл қадам жаса­ға­нының айқын көрінісі.

Өз кезегінде, Мәжіліс алдында Пре­зидент Жолдауын іске асыруды заңна­малық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша ма­ңызды міндеттер тұр.

Осы орайда Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық және 15-тен астам заңға өзгерістер енгізу көз­деліп отыр. Бұл жұмысты сапалы және мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындауымыз керек.

Депутаттар Мемлекет басшысының елдігімізді нығайтуға, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бағытталған Жолдауын жан-жақты қолдауға дайын.

«Бірлігі бекем ел озады» дейді дана халқымыз. Сондықтан баршаңызды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың маңайына топтасуға, ел игілігі жолындағы жауапты жұмысты бірге атқаруға шақырамын!

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Парламент Мәжілісінің төрағасы