Пікір • 16 Наурыз, 2022

Билік пен қоғам біріксе, көп мәселе шешіледі

1032 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңа­ру мен жаңғыру жолы» атты Қа­зақстан халқына Жолдауы шын мәнінде қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген, елі­мізді жаңа биіктерге бастайтын бас­тамаларға толы болды.

Билік пен қоғам біріксе, көп мәселе шешіледі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қазіргідей күрделі кезеңде де Пре­зидент еліміздің болашағын нақты бағамдап, Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыруға екпін бере отырып, барша қазақстандықтарға сенім сыйлағаны сөзсіз. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуда жергілікті атқарушы ор­гандардың атқарар рөлі зор. Қуатты аймақтар – мемлекет өркендеуінің негізі. Мемлекет басшысы азаматтық белсенділікті жандандыру керектігін, мем­лекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігін баса айтты.

Жамбыл облысында бұл бағытқа айрықша ден қойылуда. Жуырда ғана «Қоғамдық қабылдау» тобы құрылып, оған қоғам белсенділері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және тағы басқалар енді. Олар аудан, ауылдардағы жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті әлеуметтік мәселелерді анықтап, тиімді шешілуіне жұмыс істеуде. Топ жұмысының алғашқы нәтижелері көріне бастады. Әсіресе, «Қоғамдық қабылдау» тобы қаңтар оқиғасынан кейін түсіндіру, ақпараттық жұмыстармен жүйелі түрде айналысуда. Бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады. Билік пен бұқараның өзара бірлескен әрекеті – өзекті мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне ықпал етеді.

Жолдауда партия жұмысын жаңғырту, көппартиялы жүйені қалыптастыру, партияларға тең жағдайды қамтамасыз ету – саяси бәсекелестіктің артуына жол ашатындығы айтылды. «Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия фи­­лиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай ше­шім­дер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», деген Мемлекет басшысы азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру керектігін де атап өтті. Президентіміз айтқандай, саяси жаңғыру нәтижелі жүзеге асуы үшін баршамыз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Заң – баршаға ортақ. Бұл ретте  билік пен қоғамның біріге отырып, Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үй­лесімінде қалануына белсенді түрде атсалысуы маңызды.

«Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолы­мызда. Сондықтан баршаңызды Жаңа Қа­зақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Жолдауда жүктелген басымдықтарды жүзеге асыруда ашықтық пен жүйелілікті негізге ала отырып, тиімді әрекет етуге тиіспіз. Халық бізден нақты нәтиже күтеді.

Татулық пен тұрақтылық, тыныш­тық пен бейбітшілік секілді құндылық­тарымызды сақтап, экономикамызды нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында жұмыла жұмыс істеу – біздің негізгі міндетіміз!

 

Бердібек САПАРБАЕВ,

Жамбыл облысының әкімі