Қазақстан • 16 Наурыз, 2022

Тіл сарбазы

601 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Неге екенін, бүгінгі аты мемлекеттік тіл – қазақ тілі, қазақ тілін орыс­танып барып-барып қалған қоғамда бәсін асырып – асырып апарып орнықтырған – «Халықаралық қазақ тілі» қоғамы жайында ақ жарыла ойладым. Ойлағанда жүзі жарқын тіл сарбаздары келбеті көз алдыма келе қалды. О, о, қаншама іс атқарды айбозым сабаздар-ай. Қоғамның бүгінгі мүшкіл жағдайын ойладым. Денем ұйып, дегбірім қашты. Қайтадан тар кезеңде Ана тілін арындай арлаған, қазақ тілін жұртта қалған жетім күшіктей ұлып жоқтаған, жоқтай жүріп арланға айналған ұлттың отаншыл рухты сарбаздары, туған тіл тарландары жайында тәтті ойға дес бердім. Әңгіме – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бір сарбазы, сарбаздың атқарған азаматтық істері хақында.

Тіл сарбазы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Біз қара шаңырақ ҚазМУ-де елу бала бірге оқыдық.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Мемле­кеттік ұлттық университет – қашан да әруақ­тылау, айбындылау оқу ордасы. Біз қазақтың маңдайына басқан осы бәсі басым оқу орнынан білім алғанымызды әрдайым мақтаныш тұтамыз, өзгелер секілді.

Елу бала (ұл, қызы аралас) елу үйдің еркесі емес, елу шаңырақтың үміті еді. Әскери міндетін өтеген сақа жігіт, не әкесі, не анасы жоқ қиындық көріп өскен ұл, қыз... әйтеуір өмірге байсалды көзбен қарайтын, оның парқын да, нарқын да білетін бозбалалар.

Бір үйдің санаулы перзентінің өзі ала-құла шығатыны, ата-ана үмітін әрқилы оятатыны белгілі. Сол секілді, біздің ар­дақты, біздің аяулы ұстаздарымыздың да үміті әралуан болатыны түсінікті. Ойын қумай, ой баққан сол елудің ішінде өзінің кісілік келбетімен де, үздік оқу, студенттердің ғылыми жұмысына белсенді қатысуымен де ерекше көзге түскен дос – Кемел Құсайынов!

Студенттік шақ – жас өркеннің бір уыз шағы. Кемел досты – текті тұқым, тіл­ші ғалым Ыбыраһим Маманов тіл ғы­лымына баулығысы келеді. Жетісудың атақты меценаты Маман байының тұқымы. Мамания мектебінен тәлім алып бастаған өмір жолын. Ғажайып ұстаз! Бейсембай Кенжебайұлы досымыздың тұла бойы­нан, жетелі ойынан болашақ мықты әде­биетші көріп, өздеріне тартады. Білім қадірлі кезде, мұғалім шынайы ұстаз заманында әлгі аталған қара шаңырақта оқып шыққанымызды мәртебе көреміз өзімізше. Әлі күнге сол! Сол қира кезең уақыттың өзінде азаматтығы азбаған, кісілігіне кір келмеген, не істесе де ұлт мүддесі деп, жас өркеннің әрбірін ұлт келешегі көрген сол шынайы ұстаздар болмаса, кімбіз біз?! Қайран ұстаздар?!

Аталған оқу орнын табысты тәмам­даған Кемел өзі туып, өскен Алматы (Талдықорған) облысына аттанып кете барды қойны-қонышын білімге мелдек­тетіп. Бес жыл бір жүріп, бір тұрған (атақ­ты Виноградов 88, жатақханасында бірге жатқан) бозбалалар бір-бір дипломды кеудеге басып, жан-жаққа тарыдай шашырап кеткенде қадірімізді бір-ақ білдік. Адам өмірінің бір белесі дерлік бес жылда біз бір-бірімізді біліммен демеп, кісілікпен жебеп, рухани керемет байыған екенбіз. Жан байлығын айтамын. Алматыда түрлі қызметтің басын ұстап қалған шағын шоғыр жан-жағымыз үңірейіп қалғандай көңіліміз қоңылтақсиды-ақ. Солай ерекше іздеген азаматымыздың бірегейі – жаны жібектей, білім-білігі білем-білем білектей, кісілігі кішіліктен тұратын Кемел Құсайынов болды.

Ол кезгі Талдықорған Алматыға жа­қын жатқан облыс. Қолымыз қалт етсе, сағына іздеп барып, бара алмаған жағдай­да телефонмен сөйлесіп, мәре-сәре болып жатқанымыз.

Мектепке барып ұстаз болармын деген ой жетегінде аттанған Кемел дос аудандық газетке аудармашы болып орналасыпты. Ұзамай әдеби қызметкер, енді бірер жылда бөлім басшысы, редактордың орынбасары дегендей сатылап өсіп кеп берді. Журналистің бары да, бағы да – қалам! Қаламынан сия сауылдап төгіліп тұрса – журналистен асқан бақытты жан жоқ. Бақытты еді біздің досымыз! Алматыда қалған азғана достары – Кемелдей азамат­тың аз уақытта білдей бір ауданға танымал журналист болғанына жанымыз қалмай қуандық!

Қиялы қанатты, қаламы ұшқыр Кемел досты енді біржолата облыстық газетке қызметке шақырды. Алматыға телефон шалып ақылдасып отыр бізбен. «Осылай да, осылай...»

– Бар! – дейміз біз.

– Барар едім, жасы ұлғайған әке-шешені қайтемін?

– Бар! – дейміз біз, нығырлап. – Әке-шешені іні-қарындастарға тапсыр!

– Іні-қарындастардың өзін оқыту керек қой, ойбай-ау! Оларды кімге тапсырамын?

– Үлкенді де, кішіні де Құдайға тапсыр. «Қой егіз тапса, шөп Алла тағаланың құдіретімен, айыр шығады...» – емес пе?! (Екеуміз де шопанның баласымыз). Облыста отырып жәрдем бересің оларға!

Ол қиналады. Біз қиыламыз. Түпкі арман Алматыға оралу көңіл түкпірінде – көкейде жатады, әрине...

–  Сен немене, бізді Алматыда жетісіп жүр дейсің бе? «Орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы, қазақтың астанасы...» – Бізде іні-қарындас жоқ дейсің бе? Анау Жаңғара, Жұмабай мен Серік, Жарылқасын... бәріміз де ата-ана, бауырларды бір Аллаға тапсырып, Алматыда шығармашылық аталатын бір қиялдың жалына жармасып жүріп жатырмыз. «Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің...», Алматыда жан қинай жүріп, жалпақ жәмиғатқа танылсақ деген есеп, есесі еселеп кетумен келе жатқан қазақ ұлтына болыссақ деген бір арман! Өзің Талдықорғанға бір жетіп алшы. Әрі қарай Алматыға ойысып кету қиынға түспейді.

Бір жағы бұл сағыныштың сөзі. Бұл – қаламдас дос ірі тұлғаланса, биіктен көрінсе, кең танылса, атына сай кемел қалыптасса деген жанашырлық ой. Ақыры Кемел дос илікті.

Сол кезгі Талдықорған облыстық газетіне қызметке ойысқан ол қаламгерлік көрігін қыздыра түсті. Тұтас өңірдегі алдыңғы қатарлы журналистке айнал­ды. Жұматай (Жақыпбаев), Әбен (Дәу­ренбеков), Өтепберген (Ақыпбеков), Арасанбай (Естенов) сынды ақындармен қанды көйлек, жан аяспас дос болып үлгерді. Әдеби ортаға – Алматыға жақын­дап келеді деп біз шын қуанамыз.

Облыстық газетте басшы, қосшы қыз­­­метте жүргенде Кемел достың ерекше назар аударған күретамыр мәселесі – ана тіліміздің жай-күйі болды. Кешегі то­талитарлық кезеңнің өзінде ана ті­лін ар тұтып баспасөз бетінде аянбай мәселе көтеріп, жасқанбай пікірін ащы тұздықтай айбарлы жазды-ай, келіп, жазды. Қаламынан ащы төгілген қара сия өзге ұлт өкілдері тарапынан қарсылық туғызып, әп-әжептеуір мансабына, тіпті қара басына талай қауіп төндірді-ау, қауіп төндірді! Алматыда Үкімет үйінің алдында, гүлзарлы алаңқайда барлық облыстық газеттер қаздай тізіліп, әйнектің арғы бетінен айқара ашылып қос беті бірдей қарап тұрар тікбақай жәшік болатын. Талдықорған облыстық газетінің бір санын да құрғатпай арнайы барып, тікемнен тік тұрып оқыр болсам – ол біздің Кемел досымыздың ана тіліміз жайында толғана-толғана, өксік қысып тебірене жазған өткір мақалаларының ықпалы! Ана тілін арлап, оның мүшкіл халін жарлап жүріп, ол енді бір сәтте облыстық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасына айналды. Ұлт тілін мойындамайтын саппастармен қажымай, талмай, мойымай майдандас­ты. Өзі жанындай жақсы көрген әріптес қанаттас ақын, жазушыларды, қаламдас журналистерді жұмылдырып бақты бұл іске! Есік көзінде қалған қазақ тілін төрге оздыру, тілге тыныс берер, өріс ашар қазақ мектебін көптеп ашу оңай емес еді бірақ. Қазақтың өзі қарсы болып шаршатты тіл қайраткерін! Баламның келешегі орыс тілінде дейді сабаздарың. Мәңгүртизм (Ә.Кекілбайұлы, Ш.Айтматов)! Келешегі жоқ қазақ тіліне үгіттеп болар емес бізді бұлар-деп сырты қазақ, іші орыс қантуыстар шабуылдап бақты. Көзқаман (Р.Бердібай)! Іздегенге сұраған... Қазақ дегенде, ішіне шынашақ айналмайтын, қазақ тілі дегенде құйрығына қыл бататын – облыстың бірінші басшысы Жигулинге де керегі осы... Қазақ мектебін ашамыз дейді, ашпайды. Қазақ тіліне жол ашайық дейді. Ашпайды. Жол жабады қолындағы күшті пайдаланып. Қазақ тіліне қарсы топқа дем береді, қаржылай қолдау жасайды.

Қазақ тілінің өсу, өркендеуіне өзге түгілі облыстың бірінші басшысы Жи­гулиннің қарсылығы қоғам күрескер­лерін діңкелетуге айналды. Еңбегі еш, бейнеті сор болуға қалды. Ойлап, ойлап Кемел қаламгер жамандықты бәлеқайнар бастауынан қазу керектігін, дұшпанды түп етектен тартып құлату керектігін сезді ақыры. Сезді де Тәкен Әліпбаев, Қанат Асқар секілді сенімді әріптестерімен бірге облыстың бірінші хатшысының іш­кен-жегенін, экономикасын ілкімді ұйым­дастыра алмай отырғанын, қазақ тіліне қарсылығын, Ресеймен жасырын ауыз жаласып жүрген жансыздығын кешенді қозғап «Қылығы қыңыр, ісі жат» дейтін мақала жазды («Социалистік Қазақстан», 05.05.1990). Жанымыз мұр­нымыздың үшіне тіреліп оқыдық мақа­ланы. Жанымызды шүберекке түйіп, тағатсыздана, қауіптене күттік нәтижесін. О заманда, бұ заман облыстық газеттің журналистері облыстың бірінші басшысын сынағанды кім көрген?! Коммунистік этикаға жат қой! Ақыры, әлгі жүрек жұтқан журналистер Жигулинді жықты. Мың-сан дәлелмен өте әділ жазылған ащы сын мақаладан кейін Талдықорған облысының бірінші хатшысы А.С.Жигулинді орнынан алуға мәжбүр болды билік. Қызметтен босатты. «Құдайың бар екен, Құсайынов!...»-дедік біз бөркімізді аспанға ата. Бөркімізді аспанға атпай ше, әлі Тәуелсіздіктің исі болғанымен, өзі жоқ, бұралаңы көп, соқпағы жоқ сарықабақ кезең. Дүние абыр-сабыр кез. Қазақ тілі есіктен сығалап қана тұрған бір сығыр кез...

Оның кешегі Талдықорған, бүгінгі Алматы облысында жүріп атқарған осындай ойсан істеріне Алматыда отырып қоғамның президенті – Ә.Қайдар, вице-президенті Ө.Айтбайұлы қатты риза болғанын көзіміз көрді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына Басқарма мүше­лігіне сайлап алды сабазды. Бұл К.Құ­сайыновтың «Өзендер өрнектеген сұлу өлкеде» (Б.Нұржекеұлы) алған бетінен қайтпайтын, майыспайтын, сынбайтын шарболаттай қиындыққа суарылып, күресте шынығып алған кезі еді.

Қаламын ақ қағазға, қайратты қызметін Ана тіліне жұмсап бақты. Отаншыл шын­шыл перзенттік, қаламгерлік ойларын солай сыртқа шығарып, халыққа жа­рия етті. Сол жылдары жазған бір мақа­ласы есімде. «Қасиетті Қап тауында жатайын» деген ақын өсие­тін ұрпақтары орындады» деп аталады. Мақала мәні мынадай: сұрапыл соғыс жылдарында неміс фашизміне бүйрек бұрды деген жаламен Кавказдағы аз ұлттарды бір түнде дүрк көтеріп бұрын Түркістан аталған, Орта Азияға жүк пойызымен әкеліп, төгіп-төгіп тастады қыстың көзі қырауда. Сондай шақта түріктің бір ұлысы – малқар (журналист балқар деп алыпты) жұртын кәрі-жас демей, жүк вагонына тоғытып алып келіп Талдықорған облысының Қаратал ауданының Қара­шеңгел елді мекеніне 1944 жылдың қақаған қысында төгіп тастай салады. Күл төккендей төгіп кеткен әлгі шоғыр арасында малқардың 84 жастағы гүлді лирик, ойшыл философ ақыны К.Мечиев бар еді. Қарашеңгел топырағында жыл тұрып, қазақтан қайырым көрген қария сырқап көз жұмады. Көз жұмарында сталинизмге қарғыс нағлет айтып, алда келер жақсы күндерде, сүйегін қазып алып, ҚАП тауына қоюды аманат етеді. Тәуелсіздіктен соң Кабарды-балкар республикасының Сыртқы байланыс министрі В.С.Жанбуров, айтулы ақын М.Хахов бастаған арнайы комиссия келіп, ұлы ақынның құлыптасын жаңбырлы жүзбен сүйіп, сүйегін қазып алып, Алматы арқылы ҚАП тауына ұшып жөнеледі. Кең қолтық, бауырмал қазаққа айтары шексіз алғыс, әрине. Адамның иманы қасым болып қайғыратын, иманы оянып риза болатын осы бір адами істі орайын келтіре әңгімелей келіп: «Иә, тәуелсіздік алдық.Шет жұрт бізді таныды. Өз тізгініміз өз қолымызда. Әнеки, небәрі 12 мың шаршы метр жері бар, 60 мыңнан әзер асып жығылатын балқарлықтар 54 жылдан кейін ақындарының мәйітін алып кетті. Ал біз ше, біз не істеп жатырмыз? Ұлыларымызды іздейтін 10 миллион ішінде бір ұл тумады ма? Мұстафа Шоқай сүйегі Алманияда, Кенесарының сүйегі Қырғызстанда, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек және басқаларының сүйегі қайда? Бабалар әруағы алдындағы борышымызды қалай өтейміз?» («Жерұйық», №124. 06.11.1999)-деп түйеді жан-жүйеңді сырқыратар сырлы да зарлы мақаласын кемел перзент Кемел Құсайынов!

Оқып, бүгін қайта оқып ойланып отырғаным. Бүгінде қайда қашып кеткенін білмеймін, сібірлеп Тәуелсіздік таңы атар сол бір айлар, сол бір жылдарда отаншылдық сезім кемел, Отанға деген перзенттік пейіл кенен, ұлттық рух сұмдық ерен еді, шіркін! Осы Кемелдер тәп-тәуір жалақысы бар мансабын тас­тай салып, қоғамдық негіздегі «Қазақ тілі» қоғамының сойылын аш-жалаңаш жүріп қайтпай соғар еді, соғар еді. Кемел Құсайынов қиқуымен Жетісу өңірінде қаншама балабақша салынды, қаншама мектеп ашылды. (Бір өзі емес қой, әрине.) Кемел Құсайынов пен Камал Әбдірахманов (Ол да қаламгер) қос кемел қолдасып, Тіл қоғамы тертесін ынтымақтаса тартқан сәттер де аңыз болып Жетер еді Алматыға! Ойхой, дүние! Әне, отаншылдық!

Тілдік тың серпін, ересен тегеуріннен өзгені қойып, өз билігіміз шошыды ма, қайдам? Әйтеуір, ауыздықпен алысып, әл бермей бара жатқан соң «Тілдер комитетін» құрды да жіберді билік. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да соның ішіне еніп кете барды. Баяғы таз кепеш! Қапалы жүрек ауа жетпей алқынды. Біз Алматыға шақырғыштаймыз. Бақайшағына дейін Жетісу өңірінің шоқ шайнап, жалын жұтқан отаншыл перзентіне айналған ол тартыншақтады. Комитетте басшы бола жүріп, Ана тіліміз – қазақ тіліне қызметін өрістетіп бақты. Әрине, Ана тілінде бұрынғы бірден дүрк көтерілген бақ, Ана тілі атынан сөйлейтін қаламгерде бұрынғы арын жоқ еді. Болмайтын себебі, Ана тілі тағдырын талдайтын журнал сұрап барғанда, «Ана тілі» апталығын ашып беріп, ту бастауынан аңсат аңғарға бағыт беріп, бағын ашқан ұлт болмысты қайраткер Өзбекәлі Жәнібек керексіз зейнеткер бұл кезде. Аппаратта отырып тіл мұраты – діл мұраты екенін сезіндіріп, көзін тауып, жолын ашып беріп отырған жолбасшы зейнетке кеткен соң, ресми тегершік теріс айналып барады. Комитет ішіндегі көп тілдің бірі бар болғаны. Қоғам президенті, вице-президентінің салы суға кеткен. Қоғамның басынан бағы тайған шақ.Биліктің ана тілі – қазақ тілі туралы ұстанымы тайғанақ. Бұл жайлар ана тілі десе аузындағы асын, басындағы бағын қиюға бар қаламдас достың жан-жүрегін езудейін езіп-ақ жіберіп еді, беу, бейопа дүние!

Жығылған үстіне жұдырық... Талды­қорған облысы саяси-территориялық әкім­шілік жүйе ретінде тарады. Ол Тал­дықорған облысын, Жетісу жерін бар жан-тәнімен беріліп сүйетін еді. Бәріміз де туған жерімізді сүйеміз-ау, бірақ, бірақ, Кемел Құсайыновтың жасыл желек жамылған туған өңірін сүюі ерек-ті, ерек! Облыс тараған сәттегі қайғысын көрсең. Адам шыдап тұра алмастай.Торғайын жоғалтқан Ғафу Қайырбеков қалай қайғырса, Талдықорғанын таратқанда Кемел Құсайынов солай қайғырды. Облыс тарап, шенеуніктер Алматыға қарай жылы орын (амалы қанша енді) іздеп кетіп жатқанда, біздің кейіпті кейіпкеріміз қалалық газеттің басы-қасында қала берді. Өз қалауы! Көңілін қапалық биледі, жанын қайғы жеді.

Ұршықша иірген ит тіршілік ақыры оны Алматыға да әкелді. Кішкентай ғана перзенті, Ерасылы ауыр сырқатқа ұшырап, өзі қиналыста жүрген әкені тағдыр одан сайын сыға түсті. Жүйкесі ширатылып, үзілуге шақ жүрген әкені перзентінің дерті қинаған үстіне қинай түсті. Достары қасынан табылуға тырыстық. Мойнына моншақ салып тіледі Алладан: «Баламды қалдыр. Орнына мені ал! Ерасылым менің болашағым! Ерасылсыз менде не болашақ бар?...» Ол егіл-тегіл қайғырды.

Алматы облысының орталығы Тал­ды­қорғанға ауысты. Сол сәттегі оның қуанғанын көрсең. Талдықорған қайта түлеп, буырқанып жатты. Балақты түрініп, білекті сыбанып, ескі де жаңа облысты түлетуге жұмыла кіріскен қимас досқа қарабет ажал шіркін шімірікпей осы кез жетіп келіп қаншеңгелін салды... Бала кетіп, әке қалса – мұрат талар еді. Әке ке­тіп, бала дін-аман сауығып – мұрат қалды... Кемеліне келген дер шағы, жемісін иіп берер дер шағында, елуге де жетпей, Ана тілінің айбары атанған, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қайраткері, салқам сарбазы дүние салды.

Әрісі, себепкер бағдаршы Өзбекәлі Жәнібек, берісі Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы секілді бүтін бітімді тұлғалары кезең-кезеңімен бақилыққа аттанып, қиюы қа­­шыңқырап тұрған Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының басынан тайған ба­ғы қайта оралар ма, толайым тарих тол­қынында есесі кетумен келе жатқан халықтың қалыптанған Ата ділі қайта қуаттанып, қоғам көк байрағын қайта желбіретер ме, деген арманмен бір сарба­зының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атқарған тегеурінді қимыл, аса абыройлы істерін еске алып, азаматтың рухына тағзымды аяқтаймын!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК

 

ТҮРКІСТАН