Пікір • 17 Наурыз, 2022

Әділдік салтанаты

251 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін бүкіл әлем Қазақстанға көз тігіп отыр. Ел өмірінде орын алған әр жаңалықты жаһандық ақпарат құралдары сол сәтінде-ақ жариялау үстінде.

Әділдік салтанаты

Пре­зидент Жолдауы аяқталы­сы­мен кабинетке келіп, компьют­ерді қосып қалсам Қ.К. Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру жолындағы батыл реформаларын әлемдік әлеуметтік желі жер-жаһанға таратып үлгеріпті.

Қашанда әбжілдігімен ерекше­ленетін ресейлік РБК порталы Жол­дау басталғанына небәрі 39 минут өткенде «Тоқаев «супер­пре­­зи­­денттік» билік жүйесінен кету­­ді ұсынды» деген тақырыппен Мем­­лекет басшысының саяси бас­­та­маларына қолдау білдіріпті.

Иә, тәуелсіздік алғанына 30 жыл өткен Қазақстан кең көлем­дегі саяси реформалар жүргізуге әбден дайын. Жолдауда халық өзі көптен күткен осындай оң өзгерістерді естіді.

Атап айтар болсақ, президент­тік қызметті атқару кезінде Мем­лекет басшысының ешбір партия­ға мүше болмауы, оның жақын туыс­тарына саяси қызметке және мемлекеттің үлесі бар ұлттық компанияларда қызмет атқаруға ты­йым салынуы, барлық әкімдерге партия филиалдарын басқаруға рұқсат берілмеуі, партияларды тіркеу үшін жиналатын қолдың 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаюы, басқа да береке-бірлікке бастайтын батыл қадамдар еліміздегі кең көлемдегі демократиялық үрдістерге жол ашатыны анық.

Қазақстан халқы ассамблеясынан Мәжіліске депутат сайлаудың Конституциямыз бен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына қай­шылығы туралы әңгіме де қо­ғамда көптен көтеріліп жүрген мә­селе еді. Енді бұл да ұлттық заңнама шеңберінде өз орнын тапты.

Жолдаудағы Мәжіліс депутаттарын пропорционалды және мажоритарлы негізде сайлау, барлық деңгейдегі мәслихаттардың рөлін күшейту мен олардың депутаттарын да аралас негізде сайлау, облыс және республикалық маңыз­дағы қала әкімдерін баламалық не­гіз­де тағайындау сияқты өзге­ріс­тер Жаңа Қазақстанды алға же­те­лейтін жаңа кадрлардың шығуына жарқын жол ашады.

Сенат туралы қабылданған ше­шім­дер де қоғамда жиі қозға­латын мә­селелердің бірі болатын. Енді оған да біржолата нүкте қойылды.

Барша халық Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы туралы шешімді «ақ түйенің қарны жарылған» ең ақжарма жаңа­лық ретінде қабылдайтыны анық. Бүгінде Алматы облысында 2,1 миллион, ал Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының әрқайсысында 1,3 миллионнан астам халық өмір сүреді.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақ­стан облысында 500 мыңнан, Атырау мен Батыс Қазақстанда 600 мыңнан, ал Павлодар, Маңғыстау және Ақмола облыстарында 700 мыңнан астам адам өмір сүреді. Сондықтан жаңадан ашылған үш облыс халқы экономикалық, демо­гра­фиялық әлеуеті жөнінен өзге об­лыстармен тез арада теңеліп, елі­­міз­дің өсіп-өркендеуі мен гүл­денуіне зор үлесін қосатын болады.

Қазіргі Қазақстандағы ең басты проблемалардың бірі – жұмыссыздық мәселесі. Жаңадан ашылатын үш облыста алдағы уақытта жұмыс орындары пайда болып, облыс орталығы мәртебесіне ие болған үш қала осы заманға сай қайта түлейді. Бұл «өшкені жанып, өлгені тірілгендей» болған сол өңір халқының зор патриоттық өрлеуін туғызатынына нық сенемін.

Семейлік азамат ретінде Абай об­лысының құрылуына жүрегім жары­ла қуандым. Бұл – қазақтың ұлы ұстазы хәкім Абайға деген, Ұлық­бек ақын айтқандай «қасі­рет­тен көз ашпаған» Семей өңіріне деген зор құрметтен туған шешім. Бұл – нағыз әділдіктің салтанаты.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы