Пікір • 17 Наурыз, 2022

Еліміздің жаңа белесі

884 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы Жолдауы – меніңше, іс жүзіндегі Жаңа Қазақстанның басталуы. Шыны керек, бұл Жолдауды қазақстандықтар асыға күтті. Себебі қаңтар оқиғасынан кейін көп жаңа бастама айтып, көп өзгерістің шетін шығарды. Бірақ оның қалай жүзеге асатыны, қандай формада болатыны белгісіздеу еді. Сондықтан Жаңа Қазақстан осы тұрғыдан басталады.

Еліміздің жаңа белесі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жолдаудың негізгі саяси бөлігі дәл осы қаңтар оқиғасынан түйген ше­шім­дер мен жаңа саяси құрылымның сұл­­ба­сын көрсететін маңызды жаңа­лық­тардан тұрды. Соның ішінде өткен қайғылы оқиғалардың ең үлкен сабағы – қазақстандық қоғам мен билік арасындағы дәнекерлікті, биліктің қоғамды есту мүмкіндігін күшейту, одан кейін биліктің бір қолда шоғырлануын шектеу бағытындағы өзгерістер. Осы тұрғыдан келгенде кеше Президент Қазақстандағы суперпрезиденттік басқару жүйесінің осымен аяқталғанын айтты. Бұл – біз үшін өте үлкен өзгеріс, жаңа белес. Бұдан былай Мемлекет басшысының жақын туыстары, отбасы мүшелері ешқандай мемлекеттік және мемлекетке жақын квазимемлекеттік сектордағы компанияларда жоғары лауазымға тағайындалмайды. Келесі өзгеріс – Президенттің қандай да бір партияға мүше және басшы болмайтыны. Бұл да – саяси жүйемізді алға сүй­рейтін өзгеріс. Одан кейін Пре­зидент облыс әкімдерін бір ғана емес, кемі екі үміткерді облыстық мәслихатқа ұсынып, мәслихат мүшелерінің қол­дауымен, мүмкін мәслихаттың сайлауымен тағайындайды.

Негізгі шешімдер мен ұсыныстар­дың бір бөлігі барлық деңгейдегі ұйым­дас­тыру мәселелері мен олар­дың тиімділі­гін артыруға бағыт­тал­ды. Ашығын айт­қанда, ұйымдастыру­шылық жағының заманға сай болмауынан мемлекеттік басқару жүйесін­дегі шешімдердің орын­далуы ақсап жатқанын көріп жүрміз. Енді ұлттық жобаларды, түрлі стра­те­гия­лық құжатты талқылауға үкі­мет­тік емес ұйымдар мен ақпараттық құралдар кеңінен араласа алатын болды.

Сонымен қатар бұқаралық ақпа­рат құралдары туралы жаңа заң қабыл­данады және бұл заңның негізгі мақ­саты журналистердің әлдебір саяси, экономикалық тартыстың немесе ойынның құралы болып кетпеуін және сырттан келетін тапсырыстарды орындайтын қолшоқпарға айналмауын көздейді. Сөзсіз, маңызды әрі қажетті дүние. Бірақ мұның қалай іске асатынын мұқият ойланған жөн.

Ұлттық сенім кеңесінің жаңа эво­люция­лық кезеңі туып жатыр. Ұлт­тық кеңес Ұлттық құрылтайға айнал­мақ­шы. Бұл Құрылтайға өңірлер­дегі өкілдер көбірек тартылады. Аталған кеңестің мүшесі ретінде Ұлттық кеңес билік пен қоғам, халық арасындағы дәне­кер­лік міндетін атқара алды деп айта ала­мын. Халықтың талап-тілек­тері ке­ңес мүшелерінің ұсыныстары арқы­лы ті­келей Президентке жетіп жатты. Ке­ңес­тегі көп ұсыныс осы Жол­дау­дан да көрініс тауып жатыр. Міне, енді ке­ңес­тің «керегесі» кеңейіп, Құрыл­тайға айнал­мақ. Бұл – билік пен халық арасын­дағы көпірді одан әрі нығайта түсетін тетік.

Қорыта айтқанда, осының барлығы  – Қазақ­­станның ертеңгі күніне сенім ұя­ла­­та­тын маңызды шешімдер. Бір қуан­та­­­тыны, әлемде қалыптасып жатқан гео­сая­­си жағдайға, Ресей мен Украина ара­­сын­­д­ағы бізге жақын маңда болып жат­­қан ғаламдық кикілжіңге қарамастан, Қазақ­­стан өзінің алдына қойған негізгі мақ­сат­­тардан, белгіленген стратегиялық ме­же­­лерінен айнымай, сол жолмен келе жат­ыр. Мұны құптарлық іске балай­мын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі­нің мүшесі, Қазақстанның азаматы ретінде Президенттің осы жариялаған Жол­дауын­дағы бастамаларына үн қосуға да, іс­пен араласуға да дайын екенімді жеткіз­гім келе­ді. Және халықты да Мемле­кет бас­шы­сы­ның бастамаларын іспен қолдауға шақырамын.

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі