Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Дерек бойынша, елімізде мұндай балаларды медициналық оңалту орталықтарының жалпы саны көп емес екен, 153 орталық қана тұрақты жұмыс істеп отырған көрінеді. Ал ем алуға мұқтаж балалар саны 90 мыңға жуықтаған. Бұл мәселе облыстарда, оның ішінде аудандар мен ауылдарда тіптен өткір тұр десе де болады.
Әрине, мемлекет тарапынан жағдайды оңтайлы шешудің қадамы бар. Өңірлер де өз күшімен проблеманы шешуге ұмтылып жатыр. Мысалға, осындай игі іс Алматы облысында басталғалы біршама уақыт болды. Қазір аймақта 11 оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның төртеуі таза мемлекеттік мекеме екен.
Жақында Сарқан қаласында 40 балаға арналған «Сенім» оңалту орталығы ашылды. Орталықта заманауи арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған 22 кабинет, 55 жоғары білікті маман қызмет етуде. Сонымен қатар бұл мекемеге балаларды тасымалдауға арналған арнайы жаңа автокөлік бөлінген. Мұнда 8 бағытта қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, қызмет алушыларға әлеуметтік-мәдениет, әлеуметтік-экономика, әлеуметтік-психология, әлеуметтік-медицина, әлеуметтік-құқық салалары бойынша көмек беріледі. Бұдан бөлек нысан ауласы абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңқайлары да жасақталған.
– Мұндай орталықтарды мейлінше көптеп ашқан жөн. Ерекше күтімді талап ететін балаларды үйде ұстамау керек. Баланы арнайы білікті мамандарға апару арқылы қандай да бір жетістіктерге жетуге болады. Сарқан ауданында ашылған орталықтың ерекшелігі, бұл жерде балаларды таңнан кешке дейін қалдыруға болады. Сондай-ақ шалғай ауылдардан қатынайтындар ата-анаға осы орталықта 6 айға дейін қалып, ем қабылдауына болады», дейді Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқызы.
Ал сәл бұрын дәл осындай оңалту орталығы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында ашылған болатын. Мұнда орталық аурухананың әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, көлемі 810 шаршы метрді құрайтын арнайы орын пайдалануға берілген. Қазір бұл орталықта отыздан астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрақты әлеуметтік көмек алып отыр. Ал Жамбыл ауданында көмекке мұқтаж 200-ге жуық бала бар екен.
Енді балаларды оңалту орталығы Панфилов ауданынан да ашылмақ. Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы ауданға жасаған сапары барысында Жаркент қаласындағы әкімдіктің резиденциясын балаларды оңалту орталығына айналдыратынын айтты.
– Сөз реті келгенде айта кетейін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Жерінің көлемі – 1 гектар. Маған сол резиденцияның қажеті жоқ. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының өмір сүруі үшін әр сәтін күреспен өткізіп жатқан, ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға өте керекті орталық болар еді деп ойлаймын, – деді Панфилов ауданында тұрғындармен кездесу өткізген Қ.Бозымбаев.
Ал Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы 2013 жылы салынған болатын. Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 910 шаршы метр екен. Алдағы кезеңде әкімдік ғимараттың балаларды оңалту орталығына айналуы аймақтағы медицина көмегіне мұқтаж ерекше балаларды қуантары сөзсіз.
Алматы облысы