Пікір • 18 Наурыз, 2022

Рауан Кенжехан: Президенттің Жолдауы - Жаңа Қазақстанның бастауы

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттің Жолдауын бәріміз Жаңа Қазақстанның бастауы деп қа­был­да­дық. Бұл құжатта жаңа саяси жүйенің сұлбасы көрінгендей болды. Бірақ Жаңа Қазақстан тек жаңа мемлекет, жаңа саяси жүйе емес, бұл жаңа қоғам деген сөз. Ал жаңа қоғамды қалыптастыру, қоғамның сапасын өзгерту мемлекеттік және саяси жүйенің сапасын өзгертуден әлдеқайда қиын.

Рауан Кенжехан: Президенттің Жолдауы - Жаңа Қазақстанның бастауы

Президент көп өкілеттікті өзінен өкілдік билікке, Парламентке, түптеп келгенде қоғамға беріп жатқандай. Өйткені Парламент дегеніміз – қоғам өкілдері. Бұл – қоғамның ішінен суырылып шығып, іске араласуға, пікір айтуға, ой айтуға дайын орта деген сөз. Азаматтық қоғам институттары, қо­­ғам­­дық ұйымдар, жалпы қоғам елде жү­ріп жатқан процестерге және ше­шім шы­ғару процесінің сапасын көте­руге белсенді араласуы қажет. Бірақ осы тұста «Бұған біздің қоғам қан­ша­лықты дайын? Бізде қандай әлеует бар?» деген заңды сұрақтар туындайды. Біз осыған дейінгі кезеңде саяси ырықсыздандыруға қоғам дайын емес деп келдік. Себебі «қоғамның саяси, құқықтық сауаты жетпей жатыр, қазір еркіне жіберсек, ие бола алмай қаламыз» деген ойлар айтылып жүрді. Ал қазір толықтай ырықсыздандырсақ, сіз бен біз дауыс беретін партиялардың алға шығатынына сенімдіміз бе? Себебі болып жатқан оқиғаларды бағалауға, оған үн қосуға қоғамның қазіргі жағдайы және басым көпшіліктің таным-білімі біз ойлағандай деңгейде емес.

Жұмыс барысымен ауыл-аймақтарды көп аралаймыз, аудандарда боламыз. Мектептерге көп барып, мұғалімдермен көп сөйлесеміз. Сонда байқайтынымыз, өкінішке қарай, өңірлердегі жағдай мәз емес. Мәселен, Дүниежүзілік банк өткен жылы Адам капиталы индексі есебін жариялады. 2017 жылдан бері бұл есеп барлық елге қатысты жарияланып келе жатыр. Соның ішінде Қазақстанға берген бағасы 63 пайыз. Яғни, біз бала туғаннан бастап 18 жасқа дейін оның толық әлеуетін ашуға қажетті дүниенің 63 пайызын ғана беріп отырмыз. Қазақстандағы оқушылардың 1 пайызы ғана олардың бағасы бойынша сапалы деп айтуға болатын білім алып отыр. Елімізде 3,5 млн оқушы бар, ал арнайы бағытта оқитын бала саны 35 мыңның айналасында ғана. Адам капиталының индексі, шын мәнінде, біз айтып отырған ұлттық мүдде мәселесіне тікелей қатысты. Себебі, ол тек балалардың білім деңгейін ғана емес, азаматтық ұстанымын, сауатын, елде болып жатқан процестерді дұрыс түсінуі – жалпы азамат ретінде дұрыс өсіп-өнуі мен тиісті деңгейде дамуын білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде қоғамның өсуі, қоғам мен мемлекеттің перспективалық даму міндеттеріне қаншалықты сай? Бұл үдеріске қандай үлес қоса аламыз? Не істей аламыз? Қазіргі таңда осы сұрақтарға мейлінше көп көңіл бөлінуі қажет деп санаймын. Жаңа Қазақстан жаңа мектептен басталуы керек. Себебі, еліміздегі қазіргі мектептің жағдайы, ұстаздардың бүгінгі деңгейі, балалардың қазіргі алып отырған білімі біздің қойып отырған мақсаттарға сай емес.

Екінші жағы, біз зиялы қауым туралы көп айтамыз. Бүгінгі басқосудың да маңызы өте зор. Әсіресе ұлт мүддесі деген ұғымның төңірегіне ұйыса алатын орта қайдан пайда болады? Ол да аспаннан түспейді. Оны да біреу тәрбиелеуі керек, оны да біреу өсіріп, жағдайын жасауы қажет. Ілгері дамыған елдердің мысалына көз салсақ, мұндай мемлекеттерде бұл мәселемен жүйелі түрде айналысады. Бұл сұрақ ұйымдастырылған, үйлестірілген белгілі бір ортада тал­қыланады. Мұн­дай орта дамыған елдерде мектеп қабыр­ға­сынан бастап қалыптаса бастайды. Мәселен, ағылшын қоғамында елді тәр­бие­лейтін арнайы мектептер бар. Ол мектептерде «сен осы елдің азаматысың», «осы мемлекеттің тірегісің», «қандай ма­ман­дық­ты таңдасаң да, сен ең бірінші осы елдің азаматы ретінде ойлауға және әрекет етуге дайын болуың керек» деген ұлттық мүддені балаға кішкентай кезінен бастап саналарына сіңіріп өсіре­ді. Сондықтан да біздің мақсатымыз ең бірінші білім беру емес, азамат тәр­бие­леу, мінез қалыптастыру болуы керек. Өкі­нішке қарай, бізде мұндай мектептер әлі қалыптаса қойған жоқ. Бұл сұрақ көтерілсе, университеттерге, одан әрі қарай қоғамдық институттарға келіп тіреледі. Ал азамат өсіру, сапалы қоғам өсіру инфрақұрылымы болмаса біздің ұзақ­мерзімді болашақ туралы айтуымыз қиын.

 

Рауан КЕНЖЕХАН,

Bilim Media Group ЖШС директоры