Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Ақпарат құралдары таратқан хабар-ошарды оқи алатын жер бетіндегі әрбір адам Украинаның басына түскен нәубетке алаңдап отырғаны белгілі. Таңғы ұйқымыздан көзімізді тырнап аша сала, «бір түннің ішінде не өзгеріп кетті екен?» деген сауалмен оянып, жағдайды білгенше бойды мазасыздық билейді. Біріншіден, біз Украинада болып жатқан қантөгіске жан-тәнімізбен қарсымыз. Шартарап шошына қараған бұл әскери қақтығысты еш ақтауға болмайды.
– Халықты тарих тәрбиелейтінінің бір мысалын бүгінгі Украина халқы көрсетіп отыр. Бір емес, бірнеше мәрте жойдасыз геноцид көрген украин елі бұдан ары озбырлыққа төзе алмайтынын білдіріп, әскери әлеуеті әлдеқайда қуатты елге қарсы табанды күрес жүргізіп жатыр. Кіші халықтың рухы адам нанғысыз өскен. Кешегі қаралы тарих халыққа тәрбие береді екен деп отырғанымыз да сондықтан. Ал біз ше, біз де тарихтың талай қылкөпірінен өтіп, зұлмат кешкен халықпыз ғой, біз тарихтан сабақ алдық па?
– Байқасақ, осыған дейін Украинада бір-біріне сәлем бермей жүретін саяси қайраткерлер ел басына күн туған кезде барлық өкпе-назын ұмытып, ел туының түбіне жиналып, қолына қару алып, Отанын қорғауға шықты. Елдің бұрынғы басшылары Порошенко мен Тимошенколардың Зеленскиймен саяси көзқарасы қабыса бермейтін еді. Бірақ мұндағы мәселе Украина тағдыры болғандықтан, сол тағдыр қыл үстінде қалып, бұлыңғыр-бұлағай күн туғанда, жеке мүддесін жиып қойып, бір атаның баласындай озбырлыққа қарсы тұрды. Атыс Украина халқының басын біріктірді. Бұл жанжалдың бізге берер басты сабағы – бірлік. Басымыз бірігуі керек. Мұны мен неге айтып отырмын? Қаңтар айында біздің елдің басында да дәл осыған ұқсас қатерлі жағдай орын алды. Қазақ жастары, жұмыссыздар, үйсіздер, күйсіздер, базарда арба сүйреп жүргендер, тапқаны тамағына жетпейтін кембағал халық ұзақ жылдар бойы биліктен үміт күтті. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанына, жағдайының оңаларына сеніп келді. Сөйтіп, отыз жыл өтіп кетті. Әлеуметтік мәселесі шешілмеді. Керісінше, бұл жағдай Қазақстанның асты-үсті байлығын өз қолына шоғырландырған 162 адамның пайда болуына және қатарының арта түсуіне әкелді. Қазақ жастары кедейліктің қамытын киіп, бір баспанаға қол жеткізе алмай жүргенде, олар шетелден элиталық пәтерлер, зәулім сарайлар сатып алып, ел аман, жер қарада үрім-бұтағын сонда қоныстандырып, өздері мұнда шалқып өмір сүрді. Бұлардың бірде-бірі кәсіп істеп байыған адамдар емес, мемлекеттік қызметте жүріп мемлекет иелігіндегі халықтың қазынасын майшелпекке айналдырып, жемқорлықпен айналысқаны баршаға мәлім ақиқат. 162 адамның байлығы – бүгінгі Қазақстанның жарты байлығы. Міне, осындай ақпараттар 2 млн жұмыссыздың едәуір бөлігін көшеге шығарды. Оларды «көшеге неге шықтың?» деп айыптауға ешкімнің хақысы жоқ. Бала-шағасын баға алмай, қиналып жүрген сол балалардың орнында біз болсақ, тіпті азаматтық ұстанымы бар, қоғамға сау көзбен қарай алатын кез келген адам, осылай айғайлап алаңға шыққан болар еді. Сондықтан қара халыққа өкпеміз болмауға тиіс.
– Жағдайдың бір-ақ сәтте өзгеруі мүмкін екеніне бәріміздің көзіміз жетті. Мемлекет болып қалу, ұлт болып қалу мәселесі туындағанда іштен шығатын жаудың да болатынын, Отанын сататын опасыздардың да шығатынын көрдік. Қазақ елін бөлшектеу кімдерге тиімді?
– Өкінішке қарай, әлеуметтік әділетсіздікке ұшыраған ондаған мың адамды ішкі-сыртқы деструктивті күштер пайдаланды. Дереу солардың алдына шығып, қолына қару беріп, «ананы тона, мынаны қират» деген шетелден келгендердің бұйрығын орындады. Көшеге шыққан қалың тобыр, ызалы жастар Қазақстанды төңкермек ниеттегі саяси күштердің қолшоқпарына айналды да кетті. Олардың жалғыз-ақ мақсаты болды – Қазақстандағы Президент билігін құлату.
Біз дәл осы мезетте үлкен аласапыранның алдында тұрдық. Бүкіл Қазақстанды қамтитын азамат соғысының өрті лаулауға бір қадам ғана қалды. Кландар арасындағы нағыз билікке талас сол сәтте болатын еді. Билік құлағаннан кейін Қазақстандағы ішкі сепаратизм бірден бас көтерген болар еді де, еліміздің солтүстігінің бүлікке ұшырау ықтималдылығы артты. Оған екі күннің бірінде «Қазақстанды кезінде біз сыйға тартқанбыз, солтүстіктегі халыққа сендер зорлық-зомбылық көрсетпеңдер, оларды қорламаңдар» деп қолтыққа су бүркіп отырған шовинистік пиғылдағы Жириновский, Новиков, Зюгановтардың Мәскеу жақтан әлсін-әлсін бағыттап жататын бұралқы жебесі жеткілікті. Еліміздің солтүстігін бөліп алу үшін іштен бүліктің шығуы олардың ұпайын түгендей түседі. Қазақстан халқын бір-біріне қарсы қойып, билікті әлсіретіп, әлсіреп, дәрмені кеткенде, қазақ жерін бөлшектеу керек болып тұр. Қаңтардың алғашқы күндері біз дәл осындай апаттың алдында тұрдық. Жар басынан құлап кетуге шақ тұрғанда, Президент бүкіл билікті өз қолына алғаннан кейін көк туымыз құламай, аман қалдық.
Төңкерісте құрбандар болды. Өйткені көтерілісті басқарушылар қаруланып, қарулы күшті ажыратып жатпастан, жаппай қару қолдана бастады. Алматы қаласының әкімдігі мен Президент резиденциясы отқа оранды, бұл бергі жағы, ал түпкі мақсат телевизияға қол жеткізіп, Алматының кепілдікке алынғанын жар салып айтып, биліктің ауысқанын, халифат мемлекеті орнайтынын айту болатын. Отыз жыл бойы мәз болған тәуелсіздігіміз, көк туымыз табан астында күйреп түсуі мүмкін екенін біз бірінші рет сезіндік. Тәжікстандағыдай ұзақ жылдарға созылған азамат соғысы басталып кетуі де әбден мүмкін еді. Өкінішке қарай, салдары ауыр болатын осындай қауіп-қатерді баршамыз бірдей әлі де толық сезінбей отырмыз.
Украинаның басына түскен нәубет Қазақстанның басына келмесін. Украинадағыдай жағдай бола қоймас деп үміттенеміз, «болмайды» деп те кесіп айтуға тағы болмайды. Себебі Украинаға шабуыл жасаған Кремль әлі орнында, сол империялық сезімнен арылмаған, советтік жүйені армандаған кеудемсоқ күштер тұрғанда, Қазақстан қауіп-қатерден біржолата арылып, мамыражай өмір сүреді деп ойлау аңғалдық болар еді. Билік төңірегіндегі саясаткерлерімізге аңғалдық жасауға болмайды. Ендігі жерде ұлттық қауіпсіздігіміз, әскеріміз де, тіпті оппозициямыз да мықты болуы керек. Жаңа Қазақстанды құруды армандайтын кез келген ел азаматы билікке, жеке тұлғаларға, бір-біріне деген өкпе-наздарын ысырып қойып, тәуелсіздіктің көк туының түбіне шоғырланып, бірігуі керек. Онсыз күніміз қараң. Басқа жол жоқ.
– 1920 жылдары РСФСР-дің экономикалық қылмысты қарастырған әйгілі 107-бабының жаңғырығы әлі ұмытылған жоқ. Осы баппен ұсталған қазақ байларының бәрі кәмпескеге ұшырап, қолындағы 46 млн малдан
4 млн ғана қалған екен. Бұл заң, бұл бап қазір де бар. Қазір де бай-бағлан қудаланып жатыр. Бірақ ол бай мен бұл байдың тегі, мінезі қалай өзгерді? Неге өзгерді?
– Жаңа Қазақстан – сөз жоқ, тамаша идея. Қазақстан жаңаруы керек. Өйткені біз жеткен жетістігіміз өз алдына, жіберген кемшілігімізді қайталамауымыз керек. Яғни Жаңа Қазақстаннның жауы не? Кешегі қаңтар оқиғасы бұл сауалға толығымен жауап берді. Жаңа Қазақстанның бірінші жауы – жемқорлық. Жемқорлық аяққа тұсау, халықты бай мен кедей етіп, бір-біріне қарсы қояды. Екінші жауы – жұмыссыздық. Жемқорлық пен жұмыссыздықтан құтылмай, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес. Шетел асырылған Қазақстан қаржысы қайтарылуы керек. Елімізде 2 млн жұмыссыз бар дедік, бұл тым көп қой, сонда жұмыссыздықпен қалай күресуге болады? Оның бір жолы, Аmanat партиясы өмірге келді. Осы партияның әр облыстағы, әрбір аудан, әрбір ауылдағы әкімдері – осы партия мүшесі. Әкімдер жұмыссыздықпен күрес жүргізгісі келсе, әр елді мекенде тұрақты түрде жұмыссыздар жәрмеңкесін ұйымдастыруы қажет. Жұмыссыздықтың тұрақтылықты бұзатын детонатор екенін түсініп, жұмыссыздықпен күресті бірінші орынға шығарғанымыз жөн. Яғни әрбір әкім өз өңірінде тұратын халықтың ішіндегі үйсіз, күйсіз, оныншы қабаттан секіргелі отырған депрессивті отбасылардың тізімін жасап, осы әлеуметтік топпен нақты жұмыс жасауды қолға алуға тиіс. Жұмыссыздар жәрмеңкесін жүйелі ұйымдастырып, мұқтаж топты осы жерге шақырып, жұмыс берушімен кездестіруі керек. Мұны жасау кез келген әкімнің қолынан келеді. Маркс айтпақшы, «Пролетариаттың шынжырынан басқа жоғалтатын ешнәрсесі жоқ». Әкімдер мұны бүгін жасамаса, оларды ертең тағы да көшеге шығару түк те қиын емес. Жұмыссыздықты жеңудің бір жолы ретінде өз басым осы тәсілді алдыға тартқан болар едім. Жұмыссыздықты жемқорлар тудырып отыр. Елдің байлығын ат төбеліндей аз ғана адамдар қалтаға басты, одан сырт қалған қалың бұқараның өмірі кедейліктің шегіне жетті. Қаңтар оқиғасы кезінде көшеге шыққан да осылар. Мемлекетіміздің тұрақтылығы жолында осы оқиға қайталанбас үшін жұмыссыздық пен жемқорлықты жеңуге күш салуы керек.
– Қоғам күнде өзгеріп жатыр, анығын айтқанда, қоғамды интернет өзгертіп жатыр. Әлеуметтік желідегі әртүрлі көзқарас билікпен арада кері байланыс орнатуға өте қолайлы. Алайда қоғам тәжірибелі саясаткерлерді топтастырып «оппозиция» деп аталған еркін ой иелерінің өткір пікірін көптен бері естімей кетті. Қазақстанда осы оппозиция бар ма? Ол өзі керек пе?
– Біз осы уақытқа дейін оппозицияны президенттік деңгейде тыңдамай келдік. Президенттік деңгейде тек өзімізді мақтайтын адамдардың ғана пікіріне құлақ астық, жиынға тек солар шақырылды, тек солар ғана әлдеқандай кеңестерге мүше болады. Бұл да ескіліктің қалдығы. Жаңа Қазақстан және оның Президенті ендігі жерде саяси институттарды дамытуға, әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін оппозицияның пікірі бар екенін ескеріп, қоғамды оппозиция және оппозиция емес деп бөлмеуі керек деп ойлаймын. Өйткені оппозиция – Қазақстан халқының бір бөлігі. Кешегі қаңтар қырғыны кезінде жұрт әкімдерді емес, соларды тыңдағанын теріске шығара алмаймыз. Әкімдерді қайта-қайта шақырып алып тыңдай берудің қажеті бар ма? Президент бір сөзі биік, бір сөзі аласа, ала-құла пікір айтатындардың бәрінің ой-пікірімен таныс болып, олармен кездесіп, өзінше тұжырым жасағаны оң. Шындықты айтып, шырылдап жүрген оппозициямен санасатын күн туды. Бірлік осыдан басталады. Қазақстандағы билік партиясының да, оппозицияның да мақсаты біреу, демократиялық қағидамен өмір сүретін Жаңа Қазақстан құру болса, неге олардың басы бір үстелде қосыла алмайды? Бәрінің басы жиналуы керек. Оппозицияның пайдалы кеңестерін қанжығаға байлау деген сөз бұл. Парламент төрінде Қазақстанның болашағына жұмыс істейтін бірнеше партия болуы керек. Партиялар бір-бірімен бәсекелес болғанымен, мүдде – бір, бастысы, жау болмауы керек.
– Бірлік туралы көп әңгімелеп отырсыз, халықты біріктіретін көп фактордың басында тіл тұр. Украинаға қарағанда, Қазақстанның саяси жүйесіндегі ерекшелік тым нәзік, көпұлтты унитарлы мемлекет болғандықтан, еліміздің бірлігіне полимәдениет жіктелісі әсер етпей қоймайды. Бұл кеше қаңтар оқиғасы кезінде халық төбесіне көтерер бір көшбасшы тұлғаның табылмағанынан да байқалды емес пе?
– «Қаңтар оқиғасы кезінде бүкіл халықты бір ауыз сөзбен тоқтататын тұлға неге жоқ?» деген сұрақ, рас, көп қойылды. Жағдай былай. Шынын айтқанда, көшеге шыққан сол балаларға ақылдың керегі жоқ еді. Олар ақылға тойып болған. Аш адамға ақылдан гөрі талғажау етер тамақ керек. Басында үйі, қалтасында тиыны, екі қолға ұстайтын бір күрегі жоқ кембағал жандар төңіректе толып жүр. Арасында жұмысы болса да, айлығы 50 мың теңге ғана болатын, онысы отбасын асырауға жетпейтін тұрмысы төмендер тіпті көп. Оларға ақылдың керегі жоқ. Кешегі аталарымыз пір тұтқан Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би тіріліп келсе де, тыңдайын деп тұрған олар жоқ. «Бала-шағамды бағатын, болашағына алаңдамайтындай жалақысы дұрыс жұмыс бер» деп тұр олар. Алаңға басалқы сөз айтуға шығатын адамның не айтатыны да, шерушілердің не сұрап тұрғаны да белгілі болғандықтан, қазаққа қадірі бар деген бір қайраткер де жүрегі дауалап, жиналған топтың алдына шыға алмады. Жұмысты кім береді – билік береді. Олар биліктен отыз жыл бойы жұмыс сұрады, жағдай сұрады, билік қамтамасыз ете алмады, анығында, қамтамасыз етуге құлықсыз болды. Жемқорлық тоқтамай, ұрлық тыйылмай, халықтың мәселесі шешілмейді. Билік басындағы шенеуніктер тонағанын тоқтатпаса, Аmanat-тың өзін балшыққа батырамыз. Халықтан бөлініп қалған биліктің халыққа керегі бар ма?
Ел тізгінін қолына алған Президентіміз үлкен қателіктерді есепке ала отырып, айғайлап жүрген, алдағы уақытта да айғайлай беретін азаматтармен жүздесіп, айтқанына құлақ қойғаны жөн. Онсыз айғайдан құтылу мүмкін емес. Айғайдың көбеюі, ертең ол үкіметтің экономикалық тұрғыдан әлеуетінің артуына, елдің жаңаруына, беделіне нұқсан келтіреді. Одан елге, қоғамға еш пайда жоқ. Көшедегі айғай биік ғимараттардағы кабинеттерде шешімін табуға тиіс. Бұл да әбден пісіп жетілген мәселе.
– Өткен 2021 жылы ашаршылыққа 100 жыл толды. Осыны біз қалай ұлықтап жүрміз және алдағы уақытта қалай ұлықтауға тиіспіз? Неге осы уақытқа дейін үнсіз отырмыз?
– Қоғамда жаппай белең алған жағымпаздықтан, жемқорлықтан, жұмыссыздықтан шаршаған әрбір азамат Жаңа Қазақстанды армандап отырмыз. Елдің басын біріктіретін символикалық құндылықтар болады. Мысалы, тіл, дін тазалығы, дәстүр беріктігі. Осы құндылықтар жүйенің жемсауына түсіп, оңбай соққы алғаннан кейін жайлаған тілсіздік пен дінсіздік қазақтың өз бірлігіне ауыз салды.
Аз ұлттарды бағындыру саясатындағы басқа кемшілігін айтпағанда, Кеңестік компартияның ең үлкен кешірілмейтін қылмысы деп Қазақстандағы, Украинадағы, Волга бойындағы шаруалардың аузындағы нанын, қолындағы малын тартып алып, қырып салғанын айтуға болады. Ашаршылықтың, әсіресе Қазақстандағы көрінісі тым сұрапыл болды. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылы болды. Ақ қашып, қызыл қуып, өзара қырқысып жүріп, қазақтың қорасын тып-типыл етіп, даласын тақырға айналдырып кетті. Тұрар Рысқұловтың айтуынша, бұл аштықта 1млн 114 мың қазақ қырылды. 1921 жылғы екінші ашаршылықта 1 млн 700 мың қазақ ажал құшты дедік. Мұны ашаршылыққа қарсы комиссияның белсенді мүшесі болған Мұхтар Әуезовтің дерегі растайды. Ал Голощекин ұйымдастырған кәмпескеден кейінгі 1931-1933 жылдары болған ашаршылықтан 2 млн 300 мың қазақ өлді. Бәрін қосқанда 5 млн қазақ жер бетінен жоқ болып кетті. Осы шындықты 70 жыл бойы айта алмай келдік. Ашаршылықтың ақиқатын айтуға енді кім бізге кедергі келтіріп отыр?
Алда 31 мамыр ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келе жатыр. Өкініштісі, осы атаулы күн туралы заң қабылданған кезде «ашаршылық» деген сөз мәтіннен қасақана алынып тасталды. Сол себепті Парламентіміз заңдағы «ашаршылық» деген сөзді орнына қойып, тарихи әділеттілік ізімен қайта жазуы керек. Сөйтіп, «31 мамыр – Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып қайта қалпына келуі керек. Сонда ғана біздің ашаршылықтың да, қуғын-сүргін құрбандарының да алдында жүзіміз жарқын болады. Ашаршылық құрбаны болып жоқтаусыз кеткен жарты халықтың аруағын мемлекеттік деңгейде еске алатын уақытты қашанғы күтіп отырамыз? Қаралы күн, азалы күн жариялауды айтпағанда, осы отыз жылда мемлекет болып жоқтаусыз кеткен аруақтарды еске алатын 30 секунд үнсіздік жариялай алдық па? Жоқ! Қазақтың басына орнаған ең үлкен қасірет осы – ашаршылық. Мемлекеттік деңгейде азалы күн жарияланып, Ту төмен түсіріліп, мешіттер мен шіркеулерде дұғалар оқылуы керек. Мұны жасамай, Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Мұны жасамай, коммунистік идеологияның салдарынан арылуымыз мүмкін емес. Шын жаңарғымыз келсе, Голощекин мен Сталин ұйымдастырған коммунистік жүйемен келген қылмыстарды түгел айтуымыз керек. Бұдан ары тереңдей түсетін болсақ, Алматы қаласында Аза сарайының іргетасы қалануы керек.
– Аза сарайы деген не?
– Аза сарайы туралы ойымды Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіне айтқанмын. Бұл сарай мақсаты жағынан Лондондағы Мадам Тюссо музейімен қарайлас болғандықтан, француз революциясының құрбандары мен әлемге әйгілі қанішерлердің мүсіні арқылы тарих шындығын боямасыз баяндап тұрған осы музейдің форматында жасалса деген ұсынысымыз бар. Бұл музейде орта ғасырдан бері Еуропа басынан кешкен күллі қатігездікті балауыз өнерінің шеберлері толықтай түсіндіріп береді, әр балауыз мүсін үнсіз кейіппен тарихтан сыр шертіп тұрады. Осыны айтқанымда, Қ.Тоқаев: «Сіз білесіз бе, Қазақстанда балауыздан мүсін жасайтын бір-ақ адам бар ғой» деді. Балауыз өнерін өз энтузиазмымен үйренген жалғыз мүсіншінің елордада тұратынын Президенттен естідім. Бұл өнер елімізде мүлде дамымаған. Бір есептен, ескерілмей елеусіз келе жатқан өнерді өрістетуге септігі де тиер ме еді. Бұл музейге кіріп-шыққан кез келген адам, шетелдік туристер 1916 жылдан басталып, 1938 жылға дейін созылған ақтаңдақтар тарихымен танысып, ашаршылық зұлматын, Алаш қайраткерлерінің тірі бейнесін көріп, көзінің жасы мөлтілдеп шыққан болар еді. Аза сарайының концепциясы – осы. Президент қарсы болған жоқ.
– Өткен тарихты ұлықтау үшін алдымен ғылым керек, соның негізінде өнер жасалады. Сіз балаңызбен бірге түсірген «Ақ боз үй» фильмі осы қисынның нәтижесі болар?
– Президентпен кездесуде тағы бір идеямды айттым. «Ақ боз үй» туралы өзіңіз де жақсы айттыңыз. Бірақ осы роман желісімен ашаршылық туралы фильм түсірілуі керек. Сол фильмнің сценарийін жазып алып келіп отырмын» дедім. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден пәрмен берді. Шындық боямасыз қаз-қалпында көрініс табуы үшін фильм Маңғыстау өңірінде түсірілді. Фильм өндіріске дайын тұр, тек киноның шарты бойынша, қазақстандық прокатқа шықпас бұрын халықаралық деңгейдегі тұсаукесері өткен соң көрермен тамашалауға мүмкіндік алады. Қазір мамыр айында өтетін Канн фестиваліне жолдама алды. Фильмнің режиссері, бұған дейін «Аңшы бала», «Оазис», «Бала ғашық» фильмдерін түсіріп танылған өзімнің ұлым Бекарыс Елубаев. Фильм реквием-жоқтау жанрында түсірілді. Канн көрсетілімінен кейін жолы болып кетсе, әлемдік кинонарыққа жолдап отыру, кинофестифальдерге қатысу жоспарымызда бар. Ашаршылық тақырыбы – ұлттың басын қосып, ұйыстыратын тақырып. Тіпті ішіміздегі өзге ұлттың өкілдеріне де бұл тақырып жақын болуы керек. 1930 жылдардағы қасіретті тарих қазақ халқының жер бетінен жойылып кету қаупін туғызды. Қиянатқа ұшыраған халықтың қаралы тарихын біз әлем халқына көрсете алсақ, бар шындығын айтып, насихаттай алсақ, аруақ алдындағы, келер ұрпақ алдындағы борышымызды өтегеніміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»