Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық құрылтайдың құрылатыны, жергілікті өзін өзі басқаруды күшейту мен әкімдерді таңдау, жаңа партияларға жол ашу, адам құқықтарының қорғалуын жетілдіру секілді нақты қадамдар іске аспақ. Қасым-Жомарт Кемелұлы суперпрезиденттік жүйенің ескіргенін алға тарта отырып өзінің партияға мүше болмайтынын мәлімдеді және құзыреттерінің бірталайын Парламентке беріп, оның әлеуетін күшейтпек. Сонымен қатар Президенттің туыстарына мемлекеттік билікте немесе ұлттық компанияларда, квазимемлекеттік секторда қызмет істеуге тыйым салатын жаңа заң қабылданатыны да құптарлық іс. Бұдан былай Президент туыстарының мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Барша Алаш баласын ерекше қуантқан жаңалық – кезінде қысқарып қалған Жезқазған, Семей өңірлеріне облыс мәртебесін беріп, оларды жаңғырту, сондай-ақ Алматы облысының әкімшілік басқару жүйесін жетілдіру үшін екіге бөлу. Оларға берілетін атаулардан қазақы иіс аңқып тұр – тиісінше Ұлытау, Абай, Жетісу. Әрине, Президент бүгін жасаған ұсыныстар мен міндеттер әлдеқайда кең ауқымда түсінуді талап етеді. Алайда қазірдің өзінде әділетті қоғам мен ел игілігін басымдық ретінде алған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асып жатқаны күмән тудырмас. Президент осы жолғы Жолдауында бұрыннан халықтың көкейінде жүрген мәселелерге назар аударып, олқылықтардың алдын алуға тырысқан. Жолдауда ең алдымен бұрыннан ойда жүрген мәселелердің шешілетіні қуантты.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы