Төр Алтайға да сапарламақпыз
Біздің Ор-ағамыз, Оралхан Бөкейді айтам, бір-бірімізге телефон шалған кезде немесе жерлестер бас қоса қалған сирек сәттерде алғашқы әңгімесі «Әй, жігіттер, осы біздің елде не жаңалық?» дегеннен басталатын. Сондықтан ел жақпен ұдайы хабарласып тұру, ел ішінің өткен-кеткен қауесет-дақпыртына құлағымыз түрік, хабардар болып жүруді жасымыздан ғадетке айналдырғанбыз. Ауыл өмірінен алуан ақпарат берген сол әңгімелер жанымызды ерітіп, көңілімізді көктемдей өсіретін, сұлулық тұнған Алтайға барып қайтқандай бір серпілтіп тастайтын.
Ор-ағаңды сөз еткенде, Дидахмет екеуміз (Әшімханов) міндетті түрде Қал-ағаңды, яғни Қалихан Ысқақты сөзімізге араластырып, айтар әңгімемізді тұздықтамай сөйлемеуші едік. Өйткені Қал-ағаң жыл сайын жылмиып көк шығып, жымыңдап күннің көзі жылына қайқайып ауылға тартатын еді. Содан Алтайға өзі жырлаған «қоңыр күзді» молынан дендетіп барып, Алматыға амалсыз оралғандай бой жаза жадырап қайтатын. Осылайша, «Сенде болсын, менде болсын, бәрінен де – елде болсын» деп Алладан ел амандығын тілеп жүретін Қал-ағаң кейінгі өмірінің өрелі бөлігін туған жерінің төсінде, ауылдастарының қалың ортасында өткізгені баршаға аян.
Ор-ағаң мен Қал-ағаң өздерінің Алтайға деген жүрек оттарын, Горькийдің Данкосындай, кейінгі інілері мына бізге тастап кеткендей көрінеді де тұрады маған. Содан ба, қазірге дейін біздің де әңгімеміздің бісмілләсі «иә, елде не жаңалықтан?» басталатыны рас. Ылғи да ауыл жаққа жалтақтап жүрек жылытар, көңіл демер жаңалық күтетініміз, елді аңсап елеңдеп тұратынымыз тағы шындық. Бірақ бұл заманда ойлағаның қашанғы ойыңнан шығып, күткенің көңілдегідей бола берген? Қақпақылдай қаймаласқан мынау жалғанда қуаныштан гөрі өлім-жітімді көбірек еститін жасқа жетіппіз бүгінде. Топыраққа да бара алмай, ағайын-туысқа да көңіл білдіре алмай қиналатын кездеріміз де жетіп жатыр...
Өз басым бірде бір демалысымды өзге жұрт сияқты шетел аралап, санаторий жағалап өткізбеппін. Әрине, шетел дегенді батыс-шығысын қосып бір адамдай-ақ біз де желіп жүріп аралағанбыз, бірақ оның бәрі қызмет бабындағы іссапарлар болды. Ал жыл сайынғы әдеткі демалысымыз да, жаймашуақ жазымыз да Алтайда, туған жерімізде өтетін еді. Кейде жылына екі рет, кейде бір мәрте барып, армансыз аунап-қунап қайтамыз. Әлі күнге сол әдет, сол жоралғыдан жаңылғамыз жоқ. Көктем туып, күннің көзі жылына ел жаққа барудың жоспары мен жобасын жасап, ол жақтағы ағайынды екі-үш ай бұрын құлақтандырып қоямыз.
Менде қалыптасқан бір ғадет – сұлу табиғатымен жер жүзіне аты мәлім хан Алтайды өзім ғана жеке барып, таңдай қағып тамсанбай, әріптес ағаларымды, қанаттас достарымды бірге шұбыртып ертіп жүретінім бар. Амандық болса, биыл да бірер достардың басын қосып, елге баруды ерте бастан жоспарлап қойғанбыз. Тау басындағы көл жағасында, етектегі өзен маңайында палатка тігіп тастап, балық ауламақпыз, атпен серуен құрып, тау-тасты аралап қалтқысыз демалмақ ойдамыз. Екі арада уақыт бөліп арғыдағы Төр Алтайға сапарлап, Шүй тасжолын тамашалап қайтсақ деп те келісіп отырмыз. Жолай Сросткийдегі Василий Шукшиннің музейіне кіріп, одан әрі Горно-Алтайск қаласындағы көркемсурет галереясын, ондағы Григорий Чорос-Гуркиннің картиналарын көріп, артынша күллі түркі жұртының айнадай жарқыраған Алтын көлі - Телецкіде кемемен жүзіп, бірер күн телеуіт азаматтарымен тілдессек, сөйтіп олардың шығу тегі мен салт-дәстүрінен деректер жинасақ деген де мақсат бар. Соңынан таза қазақ ауданы, болшевизм таңында Катонқарағайдан еріксіз бөлініп қалған, кілең туысқандарымыз тұратын Қосағаш ауданындағы ағайындарға сәлем беріп қайту жобада тұр.
Әлібек АСҚАР,
жазушы
Жаныс ауылынанбыз
Ауылға жиі барамын.
Мен атақты Ырғыз топырағынанмын. Жер шалғайлау. Сол Ырғыз ауданының Жаныс би ауылынанмын. Біздікі – көне жұрттардың бірі.
Қазіргі ауылды ертеректе, шамамен, 1800 жылдары елдің әйгілі биі Жаныс көкеміз 280 үймен көшіріп әкеліп, осы жерге қоныстандырған екен. Өзі әйгілі би, баласы Тағыберген болыс болған атамыздың өз кіндігінен тараған ұрпақтар бүгінде өте көп. «Жаныс ауылынанбыз» дейтін жұрттың барлығы күні бүгінге дейін әулие атамыздың есімін, оның ертеректе көне үлгімен салынған кесенесін кие тұтады. Басында, өмірден ертелеу кеткен баласы Тәңірбергенге ат тұяғы жетер жердегі ағайын мен сол төңіректің игі жақсылары пәтуаласып, ел қаржысына сегіз қырлы, биік күмбезді аса ірі кесене тұрғызған. Біз оны «қызыл там» деп атаймыз. Соңғы жылдары Жаныс ата зираты мемлекет тарапынан түгелімен қайта жаңартудан өтті.
Ауылда (бұрынғы Калинин совхозының 2-фермасы) қазір 115-тей үй бар, газ әкелініп, су құбыры істеп тұр. Мобильдік байланыс жүйесі де қосылған. Мал өте көп. Соның көптігінен, жердің тығыздығынан қазір Ырғыз өзені суала-суала келіп, жазда ақпай қалатын шалшыққа айналды. Экологияны реттейтін, суды қарайтын адам қазір жоқ десе де болады. Соңғы 30-40 жыл ішінде бұл өңір – күні кеше жағалауын зәулім тал мен қамыс қоршаған, табиғи салалары көктемде су тасығанда теңіздей болып кететін, екі жағасы шүйгін шөпке, әйгілі тоғайларға толы Ырғыз өзені – қазір әбден азайып, кей жылдары құрғап қалатын болды. Оқымыстылар жерасты суының төмендегенін айтады.
Мен сол ауылды, оның адал, ақжүрек адамдарының бәрін жақсы көремін. Тек осыдан 50-60 жыл бұрын көзіммен көрген ауыл экологияның салдарынан шөл далаға айналып барады. Сол өте қиын. Дегенмен өз ауылымды жақсы көрем, ал барсам, көңілім құлазып қайтамын.
Әйтпесе, біздің ауылдан өте мықты билер мен байлар, батырлар, елдің әйгілі азаматтары көп шыққан. Ауылдың рухани құнары ғана үзілген жоқ. Сол ауылдың өзінен ғана шыққан белгілі азаматтар мен оқымысты адамдар көп-ақ. Ең бастысы – әлгі рухани өнегелерден, сол рухани құнардан ажырамаса, сол ауылдың өзінен шыққан ұрпақтар қазақтың мәртебесін көтерер деген үміттемін.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,
ақын
Алаштың айдыны
Ауылға сапар шеккен сайын қаумалаған қалың ойдың орманында адасамын. Осы ойлар көңілімді күңгірт бояуларға толтырып жібереді кейде. Ауылдың қалпы бұзылмаған, өз мінезі, өз табиғаты, өз болмысы бар кезін көрдік. Қоғам ауысты, заман өзгерді. Нарықтық қатынастар, жекешелендіру заңдылықтары қайран қазақ ауылдарын да қыспаққа алып өз дегенін істеткеніне жылдардың жүзі ауды. Қаңырап қалған елді мекендер, қираған үйлерді көргенде жүрегіңе жүк түседі.
Сарыарқаның сауыры, Жаңаарқаның жазирасындағы менің туған ауылым қашаннан берекелі мекен. Ана бір заманда Еңбек Қызыл Ту орденді «Жеңіс» совхозы болып Одаққа аты шыққан. Қазір «Жаңаарқа қымызы» аталып, брендке айналған ғажайып сусынның отаны. Қымызды жыл он екі ай сақтау технологиясын ғалымдар сөз еткелі біраз болды. Ал оны біздің Өркен, Күлбағила деген аналарымыз отыз жылдың алдында іске асырған. Банкаға жабылған ғажайып сусынды біздің ауыл ақпанның ақ боранында ішіп отыратын. Аналарымыз жаңалық ашып тастаған екен ғой. Оны кейін білдік.
Біздің ауылда нарық кезеңінде көшкен ел некен-саяқ. Бос тұрған үй жоқ. Елдің күнкөрісінің негізі – жеке меншігіндегі малы. Ауылда да кәсібін дөңгелеткен жігіттер бар. Ана бір жылы Қайрат Көпбаев деген азамат ауылға өз қаржысына спорт кешенін салды. Өзіне түсер қаржылай қайтарымның жоқ екенін білсе де, ауыл балалары бір қуансын деген ниет еді. Енді сол жерде жаттыққандар ел көлеміндегі ірі жарыстарға қатысып жүр. Сол біздің ауылдағы жылқылы Қайрат секілді қайратты жігіттер әр ауылға керек. Бейбіт күннің батырлары осылардан шығады.
Ауыл дегенде мені көбірек ойландыратын бір жайт – ақсақалдар алқасын, ақсақалдар институтын жандандыру керек сияқты. Көнекөздер дау-шарды бір ауыз сөзбен шешіп, жетімін жылатпайтын, тентегін тыятын шешімдерді бірден шығаратын кезді көз көрді. Қандай формация болсын, қазақтың табиғатына жақын ұлылық шапағаты емес пе, солар?
Намысы бар ауыл намысы бар ұрпақ тәрбиелейді. Кез келген жас қатарына қарап бой түзейді. Ақ жаулықты аналардың, ақ сақалды қариялардың үлгісін бойға сіңірген жастан ел азаматы шығады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан кейін ел еңселеніп, үмітін үкілеп шыға келді. Біздің ауыл жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамына кіруге тиіс. Елден құттықтап, қуанышын бөлісіп, хабарласып жатқандар көп. Иә, баршамызға оң шешімдер құтты болсын!
Ауыл – Алаштың айдыны, қазақтың жаны, ұлттығымыздың ұлы қасиеттерінің тоғысар жері. «Жаңа Қазақстан» идеясының қайнары да қазақ ауылдарынан басталса, бағымыз баянды болатын шығар.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын