Аймақтар • 21 Наурыз, 2022

Жақсылықтың жаршысы болған жоба

302 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халқының болмысында өзгеге көмектесу, сауапты іс жасау, қолында бар дүниені өзгемен бөлісу сияқты игі қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан. Қандай қиын заман, күрделі дәуірлерді бастан өткерсе де, ұйымшылдықпен іс қылған бабалардың осы бір ізгі қасиеті бүгінгі ұрпаққа жетті.

Жақсылықтың жаршысы болған жоба

Қоғам болған соң, сол қоғамның тұрғындарын толғандыратын мәселелер көп-ақ. Қазіргі кезде көпшілік үшін ең күрделі мәселенің бірі баспана болып отыр. Әулиеата өңірінде талай жылдан бері баспананың ауыртпалығын көріп келе жатқан тұрғындар жетерлік. Десе де, бұл мәселе өңір тұрғындарының бас біріктіріп, ұйымшылдық танытуының арқасында біртіндеп шешіліп келеді. Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Аз уақыттың ішінде аталған жоба оң нәтижесін беріп, көптеген азамат баспаналы болды.

Жамбыл өңірінде «Асарлатып үй салу» жобасы басталған жылы көпшіліктің көмегімен 99 тұрғын үй салынған. Облыс орталығы Тараз қаласынан бастап, аймақтағы бірқатар аудан, ауылдар да аталған жобамен қамтылды. «Көп түкірсе көл» демекші, жергілікті азаматтардың бірі қаражат, бірі құрылыс материал­да­рын беріп, енді бірі қол көмегін аямай, мұқтаж жандардың баспаналы болуына атсалысты. Ал өткен жылы да бұл жұмыс қарқын алып, 134 үй салынған. Оның ішінде 15 үй Тараз қаласынан салынса, 18 үй Байзақ ауданынан, 15 үй Қордай ауданынан, 14 үй Т.Рысқұлов ауданынан бой көтерген. Сондай-ақ бұл қатарда Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Шу, Талас және Сарысу аудандары да бар. Яғни өңірдегі он аудан түгелдей қамтылған. Баспаналардың бәрі де иелеріне табысталды. Қоныстойын тойлап, қуанған қарапайым тұрғындардың бұл бастамаға да, оған атсалысқан барша азаматтарға да алғысы шексіз. Әсіресе, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы баспанаға мұқтаж отбасылар үшін бұл ерекше жоба болды.

Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Ғалия Құрманова «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспаналы болған жандардың бірі. Бұл үйді салу үшін аудан әкімдігі тарапынан 15 сотық жер бөлініпті. Аз уақыттың ішінде көптің көмегімен 4 бөлмелі үй салынған. Сонымен қатар ауыл тұрғындары баспаналы болған тұрғынға қажетті жиһаздар мен тұрмыстық-техникалық заттар алып берген. Ал Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылының тұрғыны Дария Төлендібаева да бұл күнде баспаналы болған азаматтардың қатарында. Ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы 15 жыл бойы үйсіз жүріпті. Тіпті, ауыл әкімшілігі мен ауыл азаматтары отбасының жағдайын ескеріп, үйді жедел жәрдем көлігінің келуіне ыңғайлы көшеден салған. Сол сияқты, аталған жоба аясында ауыл азаматтары Жамбыл ауданының Ащыбұлақ ауылынан жергілікті тұрғын Нәзира Құлмановаға жалпы құны 9 миллион теңгеге 4 бөлмелі үй салып беріпті. Осы күнге дейін алты баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Жуалы ауданы, Билікөл ауылында шаруаның малын бағып күнелтіп келіпті. Бұл күнде баспана тақсыретінен құтылған көпбалалы ана Нәзира Құлманова да қайырымды жандарға алғыс айтуда. Ең бастысы – баспаналы болған өзге де тұрғындар бұл жобаның әрі қарай жалғасуын тілейді. Әлі де болса Жамбыл өңірінде баспанаға мұқтаж жандар көп. Жыл сайын «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы жүздеген отбасының мәселесі шешілсе, бұл да қарапайым халыққа жасал­ған қайырымды істің бірі болар еді. Биыл да бұл бастамаға көпшілік қолдау білдіріп отыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, биыл баспанаға мұқтаж жандарға арналып тағы да 134 үй салу жоспарлануда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі қала және аудан әкімдеріне жобаны лайықты жүзеге асыруға, мұқтаж жандарды баспанамен қам­ту­­ға тап­сырма беріп отыр. Бүгінде бұл жобаны жал­ғас­тыру үшін аудандар мен ауылдарда тиіс­ті жұ­мыстар қолға алынған. Биыл да жүзден астам жам­былдық азаматтар жаңа үйге кіріп, қоныс­то­йын тойлайтын болады.

 

Жамбыл облысы