Театр • 21 Наурыз, 2022

Көктемде құлпырған «Қыз Жібек»

293 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Табиғат ұйқысынан оянған тамаша мезгіл – көктемгі жаңарумен бірге адамзат әлеміне енетін әз Наурыз мейрамы тұтас түркі дүниесі үшін қастерлі де қасиетті. Өшкен жанып, үзілген жалғанатын ұлық мерекенің ұлылығын әріден ұғынған халқымыз Ұлыстың ұлы күніне айрықша қамданған. Ал елордалықтар үшін биылғы мерекенің ерекшелігі сол – бас шаһар халқы Наурызды жаңашыл сипатта тойлауды бастап кетті. «Астана Опера» сахнасында салтанат құрған Ғ.Мүсіреповтің либреттосына жазылған Е.Брусиловскийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсы шын мәнінде ұлық мейрамының көрігін қыздырғандай.

Көктемде құлпырған «Қыз Жібек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурызды жаңа сипатта атап өту туралы мәселе көтеріп, тұжырымдама жасауды және бұл мерекенің мазмұ­нын байытуды тапсырған болатын. Осыған орай Президенттің жаңа тұжы­рымдамасын жүзеге асыруды қолға алған ұжым Наурыз мейрамын 14-23 наурыз аралығында тойлауды жоспарлап отыр. 10 күнге созылатын мерекелік бағдарламаның әрқайсысы өзіндік ресми атауға ие. Соның негізгісі де елеулісі – «Қыз Жібек» операсы.

– Қазақстан Президенті атап өткен­дей, бүкіл қоғамды ұйыстыратын құнды­лықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болмақ. Наурыздың келуімен адамдар тіршіліктің жаңа тынысын сезінеді. Осы ретте мен барлық отан­дастарымды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, тәуелсіз еліміз өркендеп, Қазақстан халқы гүлдене берсін және үлкен шаңырақтай ұйымшыл болсын, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Қазақтың ең алғашқы операсы 1934 жылы Қазақ музыкалық театрының сахнасында (қазіргі Абай атындағы МАОБТ) қойылып, бірден ұлттық музыкалық өнер­дің інжу-маржанына ай­­налды. Қойылымда басты рөлді сом­даған қазақтың бұлбұл әншісі Кү­ләш Байсейітова болатын. «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор та­быс­қа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Кү­ләштің арқасында келді деуге ре­жис­сер ретінде мен жасқанбаған, қыз­ған­­ба­ған болар едім» деген әйгілі актер Құр­манбек Жандарбековтің пікірі опе­раның һәм ондағы актерлік құрамның шығармашылық қауқарын толыққанды әйгілеп тұр. Қайталанбас даусы мен шебер орындаушылық өнерінің арқасында Күләш1936 жылы өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Мәскеудің талғампаз тың­дар­мандарын қазақ өнеріне бас игізіп, мойындатты.

Сол салтанат Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы сахналанған бүгінгі «Қыз Жібек» операсында қайта жаңғырып, жанданды десек, артық айтқандығымыз емес. Араға ғасырға жуық уақыт салып ұлттық сахнамыздың көрігін қыздырған бұл «Қыз Жібектің» көркемдік қуаты шын мәнінде көңіл қуантады.

Танымал дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұ­хитдинов және режиссер Михаил Панд­жавидзе ұлттық классиканың жаңа қы­рын ұсыныпты. 3D технологияны пай­даланудың арқасында «Қыз Жібек» ұлттық лиро-эпостық поэмасының кезеңдері көрерменнің көз алдында жандана түседі. Проекцияда көрсетілген керуеннің қозға­лысы кенеттен сахнадан жалғасын тауып, тірі жылқылар мен түйелердің қатысуымен жүріп өтеді. Қоюшы сурет­шілер Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың шынайы көлемде жасаған қала дуалдары бір сәтте қозғалып, Базарбай сарайының жанындағы алаң тіршілігіне жол ашылады.

Қойылым құрушылардың аталған операны барынша түрлендіріп, көрерменге жаңалық әкелуге деген талпынысы ұнады. Абзал Мұхитдиновтің бұған дейін де сахнада жасап жүрген талғампаз жұмыстарын жоғары бағалаушы едік, қазақ өнеріне деген шын жанашырлығы мен сүйіспеншілігін кеше сахнадан көріп, құрметіміз еселене түсті. Қойылымның алғашқы ерекшелігі – опера тұтасымен экспериментке құрылған. Мәселен, сахнаға 3 түйе мен 3 жылқы тірідей шығып, актерлермен бірлесе өнер көрсетті. Әсіресе көш-керуен сахнасын беруде аталған жануарлардың әсері де, әрекеті де көңілге ғаламат сезім орнатты. Сендік, сезіндік. Табиғи топырақ, барынша шынайы тіршілікке жақындатылған декорация мен реквизиттер де сценографтардан аз еңбекті қажет етпегені анық. Сондай-ақ Базарбайдың сахнасы көз үйреніп қалған киіз үйде емес, зәулім сарайдың ішінде өрбиді. Жағалбайлы әулетінің 700 түйеге жүк болар алтын мен жақұты жарқыраған, сәні мен салтанаты келіскен дәулеті барынша шығыстық стильде шешім тауып, өзінше өрнек түзуге тырысқан. Әрине, алғашында қабылдау қиындау болғанымен, спектакль барысында біртіндеп келіскендей болдық.

Екіншіден, Е.Брусиловский мен Ғ.Мү­сіреповтің тандемінде өмірге келген туындының 30 пайызға жуық қарасөзбен жүретін тұсын шығармашылық топ тұтасымен музыкаландыруға ұмтылыпты. Тәжірибелері сәтсіз емес, біздіңше. 1934 жылғы қазақ опера театрының негізін қалаған сахнагерлерге лайықталып жазған шығарманы опера деуден бұрын, музыкалы драмалық шығарма деп бағалау әділеттірек болар еді. Міне, осы тұстың жоғын Абзал Мұхитдинов барынша жандандыруға, музыкалық иірімдермен байытуға талпыныпты. Ол өзгеріс опера табиғатында барынша үйлесімін тапқан. Көңілге қонымды.

Үшіншіден, дирижер ұлттық үнді қоюлатып, қазақы құнарға байыту үшін симфониялық оркестрге ұлттық аспаптарды қосып, жаңаша ізденісін де көпшілік назарына ұсынып көрді. Бұл тәжірибе музыка мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Керней, қылқобыз, шаңқобыз, домбыра, жетіген сынды ұлттық аспаптар қазақ операсының ұлттық бояуын қалыңдатып, трагедияның көкемдік сапасы мен мазмұндық мәнін одан әрі байыта түскендей.

Төртіншіден, режиссер Панджавидзе инфраграфиканың ең озық үлгілерін қазақ саханасына алып келіп, ұлттық операмызды техника тілінде сөйлетуге, оқиға мен мезгіл шарттылықтарын барынша шынайыландыруға, әсерлендіруге ұмтылып көрген екен. Операда инфраграфика мен жарық үйлесімі өте сәтті пайдаланылыпты. Осы жағын ерекше атап өткіміз келеді.

Жаңарған, жанданған «Қыз Жібектегі» тағы бір атап өтерлік жеңіс – қойылым сценографиясы. «Қыз Жібектің» сцено­­-
г­рафиялық жауапкершілігі Софья Тасма­ғамбетова мен Павел Драгуновқа жүкте­ліпті. Суретшілер тандемінің талмай із­денгені, толассыз еңбек еткені бір­ден байқалады. 1000-ға тарта қару-жа­рақ пен 350-ден аса костюм эскизін сыз­ған сценографтар, сахна декорациясын­да да суреткерлік қиялға барынша ерік беріпті. Әдеттегі опера театры қойылымдарының декорациясындай емес, бұл «Қыз Жібектің» шынайылығының кілті ең әуелі спектакль сценографиясының сонылығында екені даусыз.

Қойылымға театрдың симфониялық оркестрі, хоры, балеті, мимансы және балалар студиясының оқушылары, сондай-ақ қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары, «Астана Опера» опера труппасының жетекші солистері мен солистері қатысты. Үш күн қатарынан ойналған операда Жібекті – Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жаннат Бақтай, Жәмила Жарқымбаева және талантты әнші Мәдина Исламова, Төлеген бейнесін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев пен Мейір Байнеш сомдаса, Бекежан – Талғат Ғалеев, Расул Жармағамбетов, Шеге – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Базарбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов, Қамқа – Гүлжанат Сапақова, Қарлығаш – Мәдина Исламова, Әсем Сембина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Батсайы – Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини, Дүрия – Ұлпан Әубәкірова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақтың орындауында көрерменімен қауышты.

Ұлыстың ұлы күні – 21-22 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда көптен күткен көктем мейрамынан естен кетпес әсер қалдыратын «Қош келдің, Наурыз!» атты жарқын, көңілді әрі қызықты концерт өтеді деп жоспарлануда. «Астана Операның» жанкүйерлері мен театрсүйер қауым шығармашылық ұжымның жыл сайын жылы мерекелік атмосфера сыйлайтын сан қырлы концерттік бағдарламасын асыға күтетіні анық.

– Бұл күні «Қош келдің, Наурыз!» концертінде көптеген халықтың бір­лік, бейбітшілік пен келісім жайлы шығар­малары орындалады. Басты идея – Наурыз елімізді мекендеген барша ұлт өкілдерін ұйыстыратын мейрам екенін көрсету. Біз қысты қуана шығарып салып, шуақты көктемді оның сылдырлап аққан бұлағымен, сайраған құстарымен, самал желімен және хош иісті жасыл желегімен бірге асыға күтеміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың музыкалық кеңесшісі, пианист Раушан Бескембирова.

Мерекелі концертте опера труппа­сының солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жыл­тыр­көзов, Бибігүл Жанұзақ, «Құрмет» ор­денінің иегері Айзада Қапонова, Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Әсем Сембина, Назым Сағынтай және «Астана Опера» хоры­ның әртістері, оркестр музыканттары, Astana Opera Халықаралық опера акаде­миясының шәкірттері өнер көрсетеді. Олар классикалық және заманауи шығар­маларды орындайды, оның ішінде таны­мал опералардан үзінділер, сондай-ақ ұлттық әндер бар. Домбыра мен қыл- ­қобыздың сүйемелдеуінде шырқалатын «Тойбастар», «Тұсаукесер», «Беташар» секілді музыкалық туындылар мерекелік кештің ажарын ашып, тыңдарманын бейжай қалдырмасы анық.